Бас прокуратура Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты мәлімдеме жасады

Бас прокуратура Қуандық Бишімбаевтың қылмыстық ісі бойынша мәлімдеме жасады.

Ведомствоның мәліметінше, медиа-кеңістікте Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелеріне күмән келтіретін материалдар жарияланып жатыр.

Мұндай мәліметтерді тарату оның нақты іс бойынша объективті және әділ сот төрелігін жүзеге асыруына кедергі жасау мақсатында сотқа әсер ету нысаны ретінде бағалануы мүмкін. Қазақстан қылмыстық кодексінің 407-бабына сәйкес соттың қызметіне араласуға жол берілмейді және ондай әрекет үшін жазаланады, — деп жазылған хабарламада.

Бас прокуратура көрінеу жалған мәліметтерді таратқаны үшін Қазақстан қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертті.

Осыған байланысты бас прокуратура азаматтар мен БАҚ-ты заңдылықты сақтауға үндеді.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың ісі Астана сотына жіберілген болатын. Оған екі бап бойынша айып тағылып отыр. Олар:

  • Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, басқа адамды қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру қазаға ұшырату (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы — адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау (төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немес осы мерзімге бас бостандығынан айыру);
  • Ал Бақытжан Байжанов қылмыстық кодекстің 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша айыпталып отыр.

Еске салайық, былтыр 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтіргені туралы хабар тарады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.