Қазақстандық жұмысшы Оңтүстік Кореяда ағынды суды тазарту кезінде қаза болды. Бұл туралы Yonhap News хабарлады.
Жазатайым оқиға 2024 жылғы 8 сәуірде түстен кейін Чонджу қаласындағы шыны зауытының тазарту қондырғысында болды. Қазір жергілікті полиция мен еңбек және жұмыспен қамту министрлігі тергеу жүргізіп жатыр.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 30 жастағы отандасымызды тоқ соққан, кейін ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болды.
Еліміздің сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматының Оңтүстік Кореядағы зауытта қайтыс болғанын растады.
Өндірісте қаза болды, қазір туыстарымен байланысып, қажет құжаттарды рәсімдеп жатырмыз, – деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.