Ақтөбе өңірінде кейінгі үш күнде табиғи апаттан жапа шегіп, қиын жағдайға түскен 88 отбасы 300 мың теңгеден және алты отбасы 369 200 теңгеден алды.
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Берілген төлемнің жалпы құны 28 миллион теңгеден асады. Облыс бойынша біржолғы әлеуметтік төлемдерді алуға барлығы 346 өтініш берілді:
- Қобда ауданынан – 104,
- Темірден – 36,
- Мұғалжар өңірінен – 43,
- қалған құжаттар Ақтөбеден тапсырылған.
Дүйсенбіде тағы 83 отбасы төлем алады. Басқа өтініш берушілердің құжаттарын комиссия тексереді. Оған сегіз күнтізбелік күн беріледі.
Еске салайық, үйлері су басқан ақтөбеліктер мен Әйтеке би ауданының тұрғындары 300 мың теңгеден алады. Басқа аудандардың тұрғындары — 100 АЕК немесе 369 200 теңгеден.
Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға біржолғы төлем тағайындау үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгіну қажет, — деп жазылған хабарламада.