Премьер-министр Олжас Бектенов қорғаныс министрлігіне су тасқынына байланысты төтенше жағдайлар министрлігіне көмек беруді тапсырды.
Үкімет отырысында премьер-министр елдегі су тасқынына байланысты ахуал жайында баяндама жасаған төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов: «Керек болған жағдайда қосымша реурстарды, күштерді жұмылдыруға дайынсыздар ма?» деп сұраған еді. Сауалға жауап берген вице-министр дайын екендіктерін айтты.
Дәл солай. Қазіргі уақытта 11 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр және 4 мыңнан астам техника жұмылдырылған. Егер қосымша қажет болса, қорғаныс министрлігінен де көмек сұраймыз, — деді Бауыржан Сыздықов.
Осы орайда үкімет басшысы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа ТЖМ-ға көмек беруді тапсырды.
Сізге төтенше жағдайлар министрлігіне барлық қажет көмек көрсетуді тапсырамын. Техникалық көмекпен бірге жеке құраммен де жәрдем көрсетіңіздер, — деді Олжас Бектенов.