Қазақстанда мыңдаған оқушының білім сапасы тексеріледі. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, 15 сәуірден бастап қазақстандық мектептерде оқушылардың білім жетістіктерінің мониториңі басталады. Оған 2 462 мектеп бойынша 4-ші және 9-кластарда оқитын 150 мыңға жуық оқушы қатысады.
Мониториң арқылы оқу бағдарламаларының тиімділігін бағалауға, сонымен қатар оқу процесінің осал тұстарын анықтауға мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде білім беру сапасын арттыру үшін әр аймақ пен нақты білім беру ұйымы бойынша кешенді талдау және әдістемелік ұсынымдар әзірленеді, — деді министрлік мамандары.
Мониториң сауаттылықтың үш бағыты бойынша жүргізіледі. Олар:
- оқу сауаттылығы;
- математика;
- жаратылыстану.
Оқушылар тестілеуді компьютермен тапсырады. Сонымен бірге білім беру жетістіктерінің әртүрлі мәндік факторларын анықтау сауалнама жүргізіледі. Оған оқушылар, педагогтар, мектеп басшылары мен 4-класс оқушыларының ата-аналары қатысады.
Айта кетейік, білім жетістіктерінің мониториңі 26 сәуірге дейін жалғасады.