Борышкерлердің кіріс көздері тексеріледі

Борышкерлердің 329 көлігі арнайы тұраққа қойылды. Бұл туралы әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты.

Республика бойынша «Борышкер» рейдтік іс-шарасы аяқталды. Сот орындаушылар қаңтар айынан бері борышкерлер мен олардың мүлкін анықтау бойынша 93 іс-шара өткізді, оның нәтижелері бойынша 329 автокөлік құралы арнайы тұраққа қойылды. борышкерлерден 226,4 миллион теңге қаржы өндірілді. Мысалы, Шымкент қаласында – 123, Астана қаласында – 50, ал Абай облысында 42 көлік арнайы тұраққа жеткізілді, — деді Талғат Уәли.

Оның айтуынша, борышкерлердің жаңа кіріс көздерін анықтау және оларды қарыздарды өндіріп алу үшін пайдалану мүмкіндігіне талдау жүргізілген. Осы бағытта әділет министрлігі борышкерлердің электрон әмияндардан, букмекерлік компаниялардан, биржалық саудадағы бағалы қағаздармен, криптовалюталармен болатын операциялардан, дропшипиңнен, желілік маркетиңнен, такси қызметтерінен және тағы басқыларынан алынған кірістерін тексереді.

Бұл тетік қарыздарды өндіріп алудың тиімді құралдарының бірі болып отыр, — деді ол.