Елімізде мопедтер мен самокаттарға қатысты жаңа өзгерістер енеді

Қазақстанда әкімдерге электросамокаттардың қызметін реттеу жөніндегі өкілеттік беріледі. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді. 

Оның айтуынша, қазір мопедтер мен самокаттардың қызметін реттейтін түзетулердің екінші пакеті әзірленген. Оны қабылдағаннан кейін түбегейлі өзгеріс болады.

Біріншіден, қозғалтқыштың көлеміне қарамастан барлық мопед көлік саналады. Оны басқару үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігі мен жасыңыз 16+ болуы керек. Осылайша, біз барлық мопедті есепке қоямыз және тіркейміз. Бүгінде елімізде бұл жүргізушілер ешқандай жауапкершілікке тартылмайды, — дейді Игорь Лепеха сенат кулуарында.

Тағы бір маңызды норма – әкімдерге электросамокаттардың қызметін реттеу жөніндегі өкілеттік беріледі.

Олар қандай да бір қосымша ережелер бекіте алады: қай жерде жүруге болады, қай жерде болмайды, қай уақытта олардың қозғалысына тыйым салынады және тағы басқа, — деді ішкі істер министрінің орынбасары.