Қазақ тілі, қазақша сөйлеу
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
15 наурызда Атырауда өткен ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне сұраныс артып келе жатқанын айтты. «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған мәлімет бойынша, тіл үйренуге ниетті жастар да көбейген. Қазір осы мақсатта ұйым түрлі тіл клубтарын ашып жүр. Baribar.kz бірлестік мүшелерімен жастар арасындағы қазақ тілінің қолданыс аясы жайлы сөйлесті.

«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы бойынша өкілдігі төрағасының орынбасары Омар Мохаммедсаруар ұжым жұмысы туралы айтып берді. Қазір бірлестік бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп тұр. Соның ішінде «Бірлік тілі» деп аталатын бағыт бойынша ұжым мүшелері жастарға мемлекеттік тілді үйретіп жүр.

Бұл бағыт бойынша қазір көп жұмыс істеліп жатыр. Өз басым, бәріміз Қазақстан азаматы болған соң, ұлт демей, этнос демей, мемлекеттік тілді білуге міндеттіміз деп есептеймін. Жай біліп қоймай, тілді жетік меңгеру керек. Оны күнделікті өмірде қолдану қажет, — дейді ол.

Қазір «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері елдің түкпір-түкпірінен тілдесу клубтарын ашып жатыр. Омардың сөзіне қарағанда, қызығып, тіркеліп жатқандар да көп.

Омар Мохаммедсаруар. Фото жеке архивінен

Былтыр сәуірде «Үйде сөйле» деген тілдесу клубы ашылды. Бұл идеяны көппәтерлі үйлердің тұрғындары бірден қолдады. Жоба идеясы блогер Александра Мыскинаға тиесілі. Жобаның мақсаты – қазақ тілін оқып-үйрену мен тәжірибеде қолдану және оның этносаралық қатынас тілі ретінде дамуына кең мүмкіндік жасау. Сонымен қатар отбасындағы, ауладағы қазақ тілін тірілтуді, қазақ тілінде сөйлесуге үндеу — мақсатымыз, — дейді ол.

Бір жылда клубқа 400-ге тарта адам қатысқан. Омар қатысушылардың басым бөлігі ауызекі қазақ тілін меңгеріп шыққанын айтады.

SIL International ұйымы жасап шығаратын әлем тілдері бойынша ең танымал Ethnologue: Languages of the World ұйымы ұсынған зерттеу нәтижесі бойынша, 2021 жылы әлемде қазақ тілінде сөйлейтіндер саны 22 486 396 адам болған. Қазақстаннан тыс жерлерде – 2 717 990 адам, ал Қазақстанда – 13 768 406 адам.

Тіл саясаты комитетінің мәліметінше, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде оқи, жаза және сөйлей алатындарының үлесі артқан.

Түркітілдес халықтардың ішінде:

  • өзбектердің 72%-і;
  • ұйғырлардың 71,7%-і;
  • қырғыздардың 58,5%-і қазақша сөйлей алады.

Славян диаспорасы ішінде:

  • орыстардың 25,1%-і;
  • украиндардың 23,7%-і;
  • белорустардың 22,8%-і;
  • поляктардың 22,1%-і;
  • неміс диаспорасының 25,2%-і ауызекі қазақ тілін түсінеді.

«Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Анастасия Ульченко бұл көрсеткіш әлі де арта беретініне сенімді. Ол өзі бірлестік атынан қазақ тілі дәрістерін өткізеді. Айтуынша, тіл үйренуге ниетті өзге ұлт өкілдері мен Қазақстанға турист боп келген адам көп.

Анастасия Ульченко. Фото жеке архивінен

Қазір қазақша сөйлеу сәнге айналды деп анық айта аламын. Өзім қазақ тілінен сабақ беремін. Байқауымша, қазір Қазақстан азаматтарының көбі қазақ тілін біледі. Кейінгі кезде келушілердің көп бөлігі — шетелден келген азаматтар. Олар елді толық танып-білу үшін тілді меңгергісі келеді. Қазір қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп жатқанын осыдан-ақ білуге болады. Өз басым, бұған ерекше қуанамын, — дейді ол.

Қазір ассамблея жастары қазақ тілін меңгеремін деушілерге жағдай жасау үшін тағы бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

12 қалада Soyle клубы жұмыс істеп тұр. Біздің клубтарымызға тіркелу, мүше болу тегін. Сонымен қатар қазақ тілін үйренгісі келген адам өзге шет тілін білуі мүмкін. Мен оған қазақ тілін үйретемін, ол маған өзі білетін бір тілді үйретеді. Мүмкін ағылшын тілі, мүмкін түрік тілі болар. Осылай, келген адам құр қол қайтпайды. Адам жаңа білімнен қалай ләззат алса, бұған дейін меңгерілген ақпаратты біреуге үйреткенде де, ми тура солай жақсы болып қалады, — дейді Анастасия.

Қазір бірлестік мүшелері қазақ тілін ұжымның жұмыс тілі ету үшін әрекет етіп жатыр. Олар бірлестіктегі барлық кездесу қазақша жүргенін, шаралар қазақша өткенін қалайды.

Тілді үйренген соң, сол тілде сөйлеу өте маңызды. Біз ұжымда барынша қазақша сөйлесуге тырысамыз. Ал 2024 жылы бірлестік атынан ұйымдастырылатын кездесулерді, дөңгелек үстелдер мен өзге де барлық іс-шараны тек қазақ тілінде өткізсек деп жоспарлап отырмыз. Бұл біздің қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қосқан үлесіміз болса дейміз, — дейді бірлестік төрағасының орынбасары Омар Мохаммадсаруар.

«Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі 2021 жылы құрылды. Қазір бірлестік филиалы барлық облыста бар.