«Отау» картинасы – Әлішер Жәдігеровтің дебюттық фильмі. Бұл фильм қазақ отбасы туралы. Басты кейіпкер – Азамат. Ол әскерге кетпей тұрып әкесіне көлік сыйлағысы келеді. Азамат осы мақсатын жүзеге асыру үшін түрлі жұмыс істеп, қылмысқа да барады. Фильмде қылмысқа толы қоғам мен отбасы мәселелері баяндалған.
Baribar.kz тілшісі режиссер Әлішер Жәдігеровпен «Отау»» фильмі және қазақ киносы туралы әңгімелесті.
– «Отау» фильмінен көп нәрсеге алаңдамайтын әкені, қиындықтың барлығын үнсіз ғана көтерген ананы, зорланған бойжеткен қызды, отбасын тығырықтан шығару үшін жанталасып жүрген бозбаланы, ересектердің жақсы-жаман қасиетін үнсіз ғана өз бойына сіңіріп жатқан кішкентай баланы көреміз. Фильмдегі отбасының өмірі де біздің қоғамдағы көп отбасының өміріне ұқсайды. Андрей Тарковскийдің «Режиссер – уақытты таңбалаушы» деген сөзі бар. Сіз уақытты шынайы таңбаладым деп ойлайсыз ба?
– Уақытты шынайы таңбалайтын – деректі кино. Ал көркемфильм режиссердың жеке призмасымен суреттеледі. Дегенмен өзіңіз айтқандай, менің кейіпкелерім қоғамда көп кездесетін адамдар, нарратив жиі ұшырасатын оқиғалардан құралған. Кейіпкерлерімнің барлығын «тағдырынан жеңілген адам» десем болады. Күнделікті күйбең тіршіліктің шырмауынан шыға алмай, тағдырға бой ұсынған жандар қоғамымызда өте көп. Сондықтан біздің қоғамымыздың ішкі сезімін таспалауға тырыстым деп есептеймін.
– Фильм басталған сәтте-ақ баланың әкеге деген наразылығы байқалады. Азаматтың «Сен еркексің бе? Сен не өмір бердің маған? Көзімді ашқалы мына жаман үй» деген сөздерін баланың әкеге деген наразылығы деп қана түсінген дұрыс емес сияқты. Бұл сөйлемде ұлдың әкеге ғана емес, жүйеге де наразылығы байқалады. Бұл фильмді отбасы туралы ғана емес, Отан туралы да фильм дегеніміз дұрыс шығар?..
– Иә, абсолютті дұрыс аңғарғансыз. Отан – отбасынан басталады. Егер жас бала өзінің болашағынан үміт үзбесе, бұл сөзді әкесіне ешқашан айтпас еді. Халық та солай.
– Әлішер, қалай дегенде де бұл фильмнен оптимизм байқалады. Отбасы мүшелерінің үй жанып жатқан сәтте құшақтасып тұруы бір үміттің бар екенін аңғартты. Фильмдегі әр кейіпкердің ішкі сезімі мен сыртқы әрекетінен отбасының қаншалық маңызды мәнге ие екенін көреміз. Бұл фильмді отбасы құндылығын насихаттайтын фильм деп атай аласыз ба?
– Расымен, отбасы құндылығын насихаттайтын фильм. Біз жақындарымызбен тіпті дастархан басында сөйлеспейміз. Артынша сыртымыздан тон пішеміз. Мысалы, басты рөлдегі Азамат деген кейіпкер әскерге кететіні туралы әкесімен ақылдаспайды. Ал шешесі қызы үшін шешім қабылдайды. Кейіпкерлер бір-бірін естімейді. Егер естіген болса, бәлкім, бақытты отбасы болар ма еді. Адамдардың бір ренжісе ұзақ ренжіп, бет бұрмай кететіні бар. Әсіресе, қазақтар, сондаймыз. Бұл мінез фильмде әкесінен бастап қызына дейін көрініс табады. Тек кішкентай бала ғана достық ұсынады. Екінші қасиетіміз, басымызға қайғы түскен кезде ғана сезімдеріміз оянып, басымыз бірігеді. Жай күндері махаббатымызды білдіре бермейміз. Бір-бірімізге махаббатымызды білдіру үшін, көрсету үшін, жақсы көретінімізді түсіну үшін міндетті түрде үй өртенуі керек пе деген ішкі месседж бар. Осы құндылықтарды шамам келгенше кино тілімен жеткізіп, кейіпкерлердің образына салу арқылы өзімізді тануға әрекет жасадым.
– Фильмде қылмыс бар, жаза жоқ. Неге? Бұл біздің қазіргі күйіміз бе?
– Кешегі, бүгінгі күйіміз. Ертеңгі күйімізге айналмас үшін қылмысқа, қатыгездікке, әділетсіздікке жеке адам, қоғам болып реакция беруді үйренуіміз керек.
– Фильм туралы пікірлерді оқыған сәтте «Отау» деген атауды әркім әртүрлі призмадан түсінгенін аңғардым. Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігінде «Отау – жас отбасыға арналып жаңадан тұрғызылған үй» деп жазылған екен. Осы тұста фильмді не үшін «Отау» деп атағаныңызды түсіндіріп кетсеңіз. «Отбасы» деген сөзге синоним болғаны үшін бе? Өзге де себебі бар ма?
Иә, «отбасы» сөзіне синоним болғаны үшін қолдандым. Фильм шыққан уақытта этимологиясына үңілмедім. Мен «отау», «отбасы», «отағасы» (немесе «Домашний очаг») деген түбірлес әрі синоним сөздерге жүгіндім. Бәлкім «ошақ» деп атауға да болар ма еді. Жастық шақ, отбасы, қара шаңырақ та сыйып кететін ұғым «отау» болып көрінді. Сондықтан солай атадым.
– Бұл фильмнің кей кадрлары Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмінің кадрына ұқсас екенін байқадым. Андрей Тарковскийдің фильміндегі кадрды да көзіміз шалды. Бұл әрекетке не үшін бардыңыз? Фильм түсіргенде өзге фильмге сілтеме жасау маңызды ма?
– Кадрлар бір-біріне ұқсай береді. Ал Тарковскийді адам жанына терең сүңги алатындығы үшін сүйемін әрі ұстазым деп білемін. Оның фильмінде үй өртеніп бітсе, менің фильмімде үй өртене бастайды. Бұл тұрғыда кадрлардың ішкі сезімі ұқсас, алайда контекст әртүрлі.
– «Отау» — сіздің дебюттық фильміңіз. Режиссерлар үшін дебют өте маңызды екенін білеміз. Осы фильмді түсіру барысында қандай қиындықтар болды, қандай кедергілерге кездестіңіз? Айта алмай қалған ойыңыз, жеткізе алмай қалған идеяңыз болды ма?
– Иә, қиындықтар болды. Бірақ мен жалғыз болғам жоқ. Өткенге қарап «былай жасағым келді» деп ақталғым келмейді.
– Фильмдегі басты рөлді сіздің ініңіз сомдайды. Актерларды қалай таңдайтыныңыз туралы сұрағым келіп отыр. Қандай да бір критерий бар ма?
– Актерлерды таңдауда сыртқы образы, көздерінен кейіпкерімнің болмысы сезіліп тұрғаны мен үшін маңызды. Сценарий жазып жатқан уақыттағы кейіпкерлеріммен үйлесуіне қарай таңдаймын және ол үйлесімді мен ішкі сезіміме тапсырамын. Иә, Азамат — менің інім. Ол бұған дейін бір-екі қысқаметрлі фильмдерімде ойнаған. Оның кадрдағы көрінісі, өзін ұстауы, бейнесі ішіме жағады. Кинодағы Азамат пен өмірдегі Азаматтың бір ұқсастығы – карантин кезінде өмірдегі Азаматты да әскерге әкетіп, 10 шақты күннен соң денсаулығына байланысты қайтарды. Сюжетте сол бір элементті пайдаландым. Сол үшін де Азаматқа бұл рөл тиесілі болды. Егер бұл рөлді Азаматтан жақсырақ актердан көрсем, сөзсіз сол актерды түсірер едім.
– Сіздің «Отау» фильміңізде әйелдердің ішкі дүниесі терең ашылмаған сияқты. Неліктен деп ойлайсыз?
– Бұл — менің жеке сезімдерім. Кейіпкерлерімнің болмысын, ішкі уайымын кинематография құралдары арқылы жеткізуге тырыстым, мүмкін жеткіліксіз де болған шығар. Дегенмен ашық финалда барлық кейіпкерім бір тізбекке тұрады, егер ер адамның ішкі дүниесін түсінсеңіз, әйелдікін де түсінуіңіз керек.
– «Мен француз киносын аяймын, өйткені ақша жоқ. Америка киносын аяймын, өйткені идея жоқ» дейді Жан Люк Годар. Сіздің ойыңызша, қазақ киносында не бар, не жоқ?
– Бұл — жалқы сұрақ. Кімге не жетіспейді – сол жоқ. Біреуде кино бар – оны көрсететін кинотеатр жоқ. Біреуде сценарий бар – оны түсіретін ақша жоқ. Біреуде идея бар – бірақ жазатын талант жоқ.
– Қайда оқыдыңыз? Кімдердің фильмін көріп өстіңіз?
– Темірбек Жүргенов академиясында оқыдым. Режиссерлар Болат Қалымбетов, Аманжол Айтуаров, Әсия Байғожина, Сатыбалды Нарымбетов сынды ұстаздардан тәлім алдым. Кино өнеріне деген талғамымды академия қабырғасында жүріп қалыптастырдым.
– Ал қазір кімдердің фильмін көріп жүрсіз? Сіздің ойыңызша, Қазақстанда жақсы фильм түсіріп жүрген, аянбай еңбек етіп жүрген кинорежиссерлар кім?
– Әлемдік кинематографияға келетін болсақ, өзіме ұнайтын авторлардың фильмін қайталап көріп жүрмін. Ал қазақ киносына келсек, кімнің не түсіріп жүргенінен хабардарсыздар. Мен соңғы тиынына қара нен жеп, Алматының кітапханасында түнеп, өздерінің суреткерлік жолын іздеп жүрген, академия қабырғасында бірге оқыған жастарды білемін. Өзім — солардың бірімін және солардың жанкүйерімін.
– Қазақстандық киносыншыларға көңіліңіз тола ма?
– Толады.
– Қандай фильм түсіруді жоспарлап жүрсіз?
– Қазір ізденістемін.
– Сәттілік тілеймін. Әңгімеңізге рақмет.