Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы парламент сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай ел тарихында қайта жаңғырып, қолға алынған құрылтайдың маңызы туралы айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы қазақтың киелі мекенінің бірі де бірегейі — Атырау қаласында өтті. Естеріңізде болса алғашқы құрылтай барлық рудың таңбасы тасқа жазылған , ұлт ұясы, ұлы даланың төрі — Ұлытауда өтті. Екінші Ұлттық Құрылтай халқымыз арасында қазақтың рухани астанасы атанып кеткен киелі Түркістан мекенінде өтті. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы тек мұнайға ғана бай емес, тарихи тамыры терең өлке-Атырауда өтуінің маңызы зор. Әлем тарихында ойып орын алған Алтын Орданың астанасы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Дүниенің төрт бұрышына өркениеттің жібін тартқан киелі мекен. Әрине, Рамазан айы, жыл басы — Наурыз мерекесімен тұспа тұс келген Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы алқалы жиынындағы әңгіме де кесек-кесек, қозғалған мәселелер де келелі болды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын құндылықтар тізбесі айқындалды, — деді Бибігүл Жексенбай.
Президент ең алдымен, елдігіміздің діңгегі — халықтың береке-бірлігін сақтау маңыздылығына тоқталды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы.
Мемлекет басшысы: «Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. ,- деп халыққа бітпейтін дау мен айқайдан гөрі, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек екендігін қадап айтты. Халықтың сөзі мен ісі бір жерден шығуы керектігін тілге тиек етті. Арбаның алдыңғы аяғы қайда жүрсе, артқы аяғы да сонда жүреді демекші, бұл ретте аға буын қадамына сақ болуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев жеке мүддесінен ел мүддесін жоғары қойған деп Әбіш Кекілбайұлын атап өтті. Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР Еңбек Ері Ілия Жақанов та мемлекетшіл әрі зиялы қауымның ішіндегі беделді азамат екенін айта отырып, ел мен қоғам болып осындай кемеңгер тұлғаларды құрметтеп, олардың өмірін дәріптеу керектігін айтты.
Мемлекеттік тіл туралы:
“Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек” ,-деді Президент. Иә, еліміз зайырлы мемлекетіміз зайырлылықты алға қойып отырған ел болған соң, ешкімнің құқын таптай алмаймыз. Президент айтқандай сөзден іске көшетін уақыт жетті!
Президент “Қазақ тілі қоғамы” туралы атап өтті. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қорға өзі қолдау ретінде жеке шотынан ақша аударған болатын. Экономиканың дамытуда креативті индустрияның рөлі маңызды. Қазақ тілін дамыту үшін 21 ғасырдың жаңа тетіктерін оңтайлы қолданған дұрыс!
Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Президент тапсырмасымен жақын арады тәулік бойы жұмыс жасайтын кітапхана ашылады. Бұл дегеніміз ізденемін, оқимын, білемін деген жастарға үлкен мүмкіндік.
Жаңа мүмкіндік:
- Былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланды. Мұндай мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Алтынемел және Барсакелмес ЮНЕСКО мұралары тізіміне енгізілді. Рухани маңызы бар жұмысты жалғастыру қажет.
- Бұл жердегі жаңа мүмкіндіктің басты мұрасы — жерасты мешіттері. Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Нысандар бір-бірінен өзгеше. Мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді.
- Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтеміз. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Міндетіміз: Әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсу. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек.
Президент:
“Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет.“
Елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек.
“Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар”. Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық.
Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым.
Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек.
Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек.
Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады»
Мемлекет басшысы ысырапшылдық мәселесіне де тоқталды. Елімізде үнемшілдік дәстүрінің жоқтығы да түйткіл. Суды үнемдеу Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек.
Бюджет қаржысына үнем
Үкіметтің тұрақты назарын талап ететін тағы бір мәселе – бюджетті үнемдеу. Қазір бюджеттің кірістері мен шығыстары қарастырылуда, бұл жерде қаржыны ысырап етуге болмайды, бұл анық. Мемлекеттік органдардың бюджеті тексеріліп, қатаң бақылауда болуы керек. Ақшаны тек ең тиімді, аса қажетті жобаларды жүзеге асыруға және ең өзекті мәселелерді шешуге жұмсау керек.
Үкімет бұл мәселені әрдайым басты назарда ұстауға тиіс. Қазір бюджеттің кірісі мен шығысы қайта қаралып жатыр. Қаржыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл – ақиқат.
Ұлттық буржуазия туралы
Біз кәсіпкерлікті дамытуға және еліміздің ашық, нарықтық экономиканың маңызды өңірлік полюсі ретінде дәйекті түрде орнығуына ерекше көңіл бөлеміз. Бұл ретте басты рөлді ұлттық буржуазияны орнықтыруға шақырамыз. Меніңше, буржуазия этникалық тегі бойынша емес, оның өкілдерінің азаматтық санасының дәрежесі бойынша ұлттық деңгейге көтеріледі. Бізге қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін, елдің дамуына елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек.
Президент:
«Шын мәнінде, мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. “
Ендеше Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын мемлекет басшысы Көкшетауда өткізу жөніндегі ұсынысы көпшілік үлкен қошаментпен қабыл алды.