Жетісуда тұсау кесуден қазақстандық рекорд орнатылды

Жетісу облысында Жыл басы – әз-Наурыз мейрамының қарсаңында Наурызнаманың онкүндігі шеңберінде Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай, «Тұсау кесу» рәсімі өткізілді. Ұйымдастырушылар бір уақытта 50 бүлдіршіннің тұсауын бірге кесіп, Қазақстандық рекорд орнатты.

Атаулы күнде үлкен өмірге алғашқы қадамын жасайтын балалардың ішінде облыстың түкпір-түкпірінен арнайы келген бүлдіршіндер де бар. Дәстүрді орындап, балалардың тұсауын кесуге Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев және өңірдегі мәдениет және спорт қайраткерлері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық маслихат депутаттары қатысты.

Аталмыш шараға арнайы келген «Қазақстандық Ақпараттық-Энциклопедиялық анықтамасының» Рекордтарды тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков рекорд орнағаны туралы сертификатты салтанатты түрде табыстады.

Бүгінгідей 50 баланың тұсау кесу рәсімі Қазақстанда әлі болмаған. Сол себепті, біз осы шараны Қазақстандық рекорд ретінде тіркеп, Қазақстан ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалығына енгіздік, – дейді Бақытжан Сәбитұлы.

Айта кетейік, Қазақстан рекордтар кітабы 1999 жылдан бастап жарық көреді.