Қазақстан депрессияның таралуы бойынша 180 елдің арасында 93-орында тұр. Бұл туралы Ranking.kz хабарлады.
Countrycassette журналының мәліметінше, елімізде тұрғындардың 4,4%-і депрессиядан зардап шегеді. Әлемдік көрсеткіш айтарлықтай төмен: 3,9%.
Қазақстанда депрессияға бейім азаматтардың саны – 732,7 мың адам. Депрессия ең көп тараған елдердің көшбасында Украина тұр – 6,3%. Одан кейінгі тізімде АҚШ, Аустралия және Эстония бар – 5,9%. Ресей тізімде 11-орында тұр – 5,5%. Өзбекстан (109-орын), Қырғызстан (126-орын) және Тәжікстандағы (151-орын) көрсеткіш 4,2%-дан 3,8%-ға дейін.
Депрессияға ұшыраған 732,7 мың қазақстандық бар. Бірақ бұл – болжамды көрсеткіш. Нақты сан тек дәрігерлерге қаралып, психиатриялық диагноз қойылған азаматтарға ғана берілуі мүмкін, — делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мәліметінше, 2023 жылы динамикалық бақылаудағы психикалық және мінез-құлық ауытқуы бар науқастардың жалпы саны 198,4 мың адамнан асқан. Бұл – психоактивті заттардың әсерінсіз көрінетін әртүрлі психикалық ауытқуы бар адамдар.
Қазақстанда тағы 108,7 мың адам есірткі немесе басқа да психоактивті заттарды қолдану кезінде осындай ауытқулардан зардап шеккен. 2022 жылмен салыстырғанда жағдай аздап өзгерген. Бірақ былтыр алғаш рет диагноз қойылған азаматтардың саны артты. 13,1 мың адамға (11,7% көбейген) психоактивті заттардың әсерінсіз психикалық ауытқу диагнозы қойылды, 13,4 мың адам (4,2% көбейген) психоактивті заттарды қолданудан туындаған психикалық ауытқумен есепте тұр, — делінген хабарламада.
Қазақстанда кейінгі жылдары өз-өзіне қол жұмсау жағдайы өзгермеді. Бір жылда 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам өз еркімен өз өмірін қиды. Былтыр 12 айда Қазақстанда 3,7 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсаған. Оның ішінде 234 адам – кәмелетке толмағандар.