Басты бетЖаңалықтарПрезидент ішкі...

Президент ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады

Мемлекет басшысы ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ержан Сәденов елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру, кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.

Ведомство өз қызметі барысында мемлекет басшысының ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмаларына сәйкес құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мәселелеріне баса мән беріп отырғанын баяндады.

Соның нәтижесінде жыл басынан бері қылмыс деңгейі төмендеген, ұрлық, тонау, қарақшылық, сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық және көшеде жасалған қылмыстар, кәмелетке толмаған және бұрын сотталған азаматтар істеген қылмыстар айтарлықтай азайған.

Ішкі істер министрі сонымен қатар құқық бұзудың алдын алуға бағытталған бірыңғай заң әзірлеу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөнінде арнайы бөлімше құру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді.

Ұйымдасқан қылмысқа, есірткі қылмысына, экстремизмге қарсы іс-қимыл жұмыстарының нәтижесін таныстырды. Киберқылмысқа қарсы күрес жүргізетін дербес қызмет құрылатынын жеткізді.

Оның айтуынша, орта буынға жататын басшылық құрамды кезектен тыс аттестаттациядан өткізуге дайындық жүріп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.