Каспий жағалауында өрт шығып, 100 гектарға тарады

Каспий теңізінің жағалауында қамыс отқа оранды. Өрт 100 гектарға тарап кетті. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, 2 наурызда сағат 15:45-те Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауында қамыс өртене бастаған. Бұл жер Құрманғазы орманшылығының аумағына кіреді. Ал 40 шақырым шалғайда Құрманғазы ауылы бар.

Екі сағаттан кейін оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінен, орман шаруашылығы мен жергілікті атқарушы органнан 36 адам барды. Қазіргі кезде алты мотопомпа, бірнеше техника мен мотоқайық өртті сөндіріп жатыр.

Батпақты жер мен қамыстың тығыз қалың өскенінен өртті сөндіру қиын болып жатыр, техниканың баруына кедергі келтіріп жатыр, — дейді құтқарушылар.

Алдын ала болжам бойынша 100 гектар қамыс өртенді. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өрт әлі сөндіріліп жатыр.