Досхан Жылқыбай – жас жазушы. Ол 1994 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қызылкөл ауылында дүниеге келген. Жазушының «Квант», «Матрица» әңгімелерін оқырман жылы қабылдап, оң бағасын берген. Жақында жазушыға «Проза» номинациясы бойынша президенттің арнаулы әдеби сыйлығы табысталды.
Baribar.kz тілшісі Досхан Жылқыбаймен сұхбаттасып, балалық арманы мен шығармашылығы туралы сұрады.

«Физик болуды армандадым»

Досхан Жылқыбайдың «Квант» деген әңгімесінде Бекбол деген кейіпкер «Тағдыр – таңдау ғой. Алдымызда мың-миллион жолдар бар. Тіпті, біздің санамызда күнделікті қанша таңдау туындайды – сызылған сонша жолымыз бар секілді. Олардың бір-бірімен қиылысуы қажет емес. Квант секілді» деген ой айтады. Бекболдың тағдыры мүлдем қиыспайтын, мүлдем ұқсамайтын үш таңдаудан тұрады. Жазушы әңгімеде «тағдыр ғой» деген сөзге Квант теориясы арқылы жауап беріп, таптаурынға өзге призмадан қарауға тырысады.

Досхан Жылқыбай, жазушы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

6-кластан бастап «Discovery» деген арнаны өте көп көрдім. Ол арнада физикаға, химияға, математикаға байланысты деректі фильмдер көрсетілетін. 9-класта «Квант» деген нәрсемен таныстым. Әлемнің түзілісін квант тұрғысынан түсіндіретін ғалымдардың пікірі ұнады. Әлемнің энергиядан ғана тұруы қызықтырды. Осылай, физик болуды армандадым. Ядролық физиканы қатты зерттегім келді. Атом бомбасы атылса, жерге түсірмей ауада жоюды және атомның түзілуін өзгерту арқылы залалсыздандыруды көп ойладым, – дейді ол.

Жеңілген арман

Досхан Жылқыбайдың физик емес, жазушы болуына атасының ықпалы зор.

Атамның баласы болдым. Атам әдебиетші еді. Ертегі, жыр, аңыз, миф дегеннің бәрін атамнан естідім. Ол кісінің есте сақтау қабілеті, ертегі айту қабілеті сұмдық болды. Атам екеуіміз үш ай жаз қауын-қарбыз егіп, ауылға келмейтінбіз. Атам айналадағы әрбір тастың, әрбір судың, әрбір бұтаның тарихын білетін. Кітапқа қызыға бастағанымда Мұхтар Әуезовтің, Әбіш Кекілбаевтың, Мұхтар Мағауиннің әңгімелерін бұрын да оқыған сияқты күй кештім. Сөйтсем осы әңгімелердің бәрін атам ертегі қылып айтып берген екен. Міне, менің бойымда осы нәрселер жеңіске жетті. Физикаға деген ұлы ойларым, ұлы армандарым әдебиетке жеңілді, – дейді ол.

Жеңілістерден тұратын жеңіс

Жазушы басында өңдіріп жаза алмаған, шығармашылық дағдарыста жүрген.

Әдебиетке келдім. Ештеңе жаза алмадым. «Иттің жасы», «Манту» деген сияқты әңгімелер жаздым. Бірақ бұл әңгімелер ешкімге өтпеді, ешкімге керемет әсер қалдырған жоқ. Өйткені ол кезде қазақ әдебиеті ауыл деген тақырыптан қашып жатқан еді. Мүлдем таныла алмадым. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек қана «Иттің жасы» деген әңгімемді «Ақ желкен» журналына басып, бір сұхбатында «Досхан дейтін жазушы жігіт өсіп келе жатыр» деп айтып қалды. Осы пікірден қуаттанып, қатты қуандым, – дейді Досхан Жылқыбай.

Досхан Жылқыбай, жазушы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Досхан Жылқыбай ауыл тақырыбында жазуды тоқтатып, қала прозасы туралы ойлана бастаған.

Астанаға көшіп бардым. Қала жайлы жазу керек болды. «Ақтаңдақты қара қыз» деген әңгіме жаздым. Осы әңгімені жазып біткенде жаза алатыныма сенім пайда болды, — дейді жазушы.

Жазушы «Квант» әңгімесін тапжылмай отырып 24 сағатта жазып шыққан.

Бір күні деректі фильм көріп отырғанымда жапон ғалымының «Бірнеше уақыт болуы мүмкін және әртүрлі деңгейде дамып жатқан бірнеше өмір болуы ықтимал» деген сөзі қатты ой салды. «Квант» бір жігіттің екі күрте кигендегі көңіл-күйін суреттейтін  қысқа ғана әңгіме болуы керек болған. Жұмысқа келіп, әңгімені жаза бастағанда өзге сюжет ойыма келді. Осылай, қазіргі нұсқадағы «Квант» деген әңгімені ұйықтамай 24 сағатта жазып шықтым, — дейді ол.

«Құдайды ақтап алғым келді»

Досхан Жылқыбай «Квант» әңгімесінде тағдыр деген түсінікті өз өлшемімен таразылауға тырысқан. Ол «тағдыр деген нәрсе жоқ» деп ұрандатпайды, «тағдыр деген толықтай дұрыс» дегенге де келіспейді.

Тағдыр деген – таңдау. «Құдай біздің тағдырымызды жазып қойған» деген сөз бар. Бұл – парадокс. Біздің тағдырымызды жазып қояды, бірақ соңында жұмақ пен тозаққа бөлінеміз бе?.. Бұл қалай болғанда да адам жеңілетін ойын сияқты. Шығармашыл адам шығармашылығын құдаймен ерегесуден бастайды. Маған «Ақыры жазып қойса, жұмақ пен тозаққа не үшін бөлінеміз?» деген ойлар келді. Квант теориясын оқыған кезде кванттардың бір сәтте бірнеше жерде болатыны қатты таңғалдырды. Демек, құдай сенің тағдырыңды бір ғана жолмен жазып қойған жоқ. Құдай сенің тағдырыңды жазды, бірақ түрлі таңдауды қосып жазды. Сенің таңдауың – сенің тағдырың. Осылай, құдайды ақтап алғым келді, – дейді ол.

Журналистика мен жазушылық

Досхан Жылқыбай «Ақ желкен» журналында жұмыс істейді. Ол жазушылық пен журналистиканы қатар алып жүр. Өзінің айтуынша, журналистиканың жазушылыққа тигізетін зияны да, пайдасы да бар.

Досхан Жылқыбай, жазушы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Журналистикадағы зерттеулер, мақалалар шығармашылық кең танымға әсер етеді. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Адамдық негізі – әйел», «Жапония» деген мақалалары шығармашылығына қатты әсер етті. Ол «Жапония» деген мақаласында Жапония қоғамы мен қазақ қоғамын салыстырып, жапонның қандай жолмен дамығанын зерттейді. Осы зерттеулерді «Абай жолында» қолданған. Журналистиканың жазушылыққа келтіретін кедергісі де жоқ емес. Мысалы журналистика жазушының тіліне әсері етеді. Өйткені жазушы журналистикаға келгенде мақаланы публицистика тілімен жазып үйренеді. Журналистикадағы тілі көркем тілге айналып кетуі ықтимал, – дейді ол.

Ең нашар әдет

Жазушы Асқар Сүлейменовтің «Жазушының бір міндеті – идеяны ашу емес, оны мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай болып қиналса несі ерсі?» деген сөзі бар. Біз Досхан Жылқыбайға «Идеяны іздеу, сұрақтың жауабын табу оқырманның міндеті емес пе?» деген сұрақ қойып көрдік.

Асқар Сүлейменовтің осы сөзінің үдесінен шыға алмаған сияқтымын. Әсіресе «Квант» деген шығармада. Маған ақын Файзулла Төлтай «Соңғы абзацты алып тастасаңызшы, түсіндіру басым» деді. Кітапқа шығып кеткен соң ол абзац қалды. Бұл – менің журналистикадан алған, жазушылығыма өтіп кеткен ең нашар әдет. Мен көбінесе танымдық бағытта мақалалар жазамын. Танымдық бағыт деген сөз – түсіндіру деген сөз. «Квант», «Бокетто» деген әңгімелерімде түсіндіру бар. Бұл журналистикадан жазушылыққа алып келген жаман әдетім және өзін аздап білімді санайтын адамның нарцистігі деп айтсам болады, – дейді Досхан Жылқыбай.

Досхан Жылқыбай, жазушы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сыйлық

Досхан Жылқыбай осы жылы «Проза» номинациясы бойынша президенттің арнаулы әдеби сыйлығын алды. Қоғамда мемлекет тарапынан тағайындалатын сыйлыққа екі түрлі көзқарас байқалады. Бір топ «мемлекеттік сыйлықтар шығармашылықты шектейді» десе, енді бір топ «шығармашылыққа үлкен көмек» дейді. Досхан Жылқыбайдың ойынша, мемлекет  тағайындайтын сыйлықтар шығармашылыққа үлкен көмек.

Мемлекет тағайындайтын сыйлықтар шығармашылыққа үлкен көмегін тигізеді. Өйткені қазіргі қоғамда тұрмыс-тіршілік біршама қиындау. Сондықтан біздің ақын-жазушылар кемі екі-үш жұмысты қатар істейді. Олардың бар арманы – өздерін белгілі бір уақытқа дейін қаржылық мәселеден ажыратып алып, шығармашылықпен айналысу. Ал мұндай байқаулардың жүлдесі сондай мүмкіндік береді. Мысалы, мен 4 миллион теңге алдым. Бұл ақша 4-5 ай шығармашылықпен еркін айналысуыма мүмкіндік береді. Көп нәрсеге алаңдамай, көп қосымша жұмыс алмай, толықтай шығармашылыққа кірісуге болады, – дейді ол.

Досхан Жылқыбай, жазушы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жастар прозасы

Досхан Жылқыбай жас жазушылардың өзіне ғана тән ерекшелігін тізіп шықты.

«Дауыс» деген антология шығардық. Ішіне Арман Әділбек, Есбол Нұрахмет, Бақытбек Қадыр, Санжар Бекжан, Темірлан Қылышбек, Әлішер Рахат, Берікбол Батан сияқты жазушылардың шығармасы енген. Бақытбек Қадырдың өз шығармашылық жауыздығы бар – ол кейіпкерлерін аямайды. Ал Есбол Нұрахмет оқырманын аямайды. Ол новелла жанрында жазады. Новелла деген — оқырманға өте ауыр жанр. Мүлдем күтпеген жерден үзеді де, аяқтай салады. Арман Әділбекте лирикамен астасқан эпикалық дүние бар. Арманның үлкен шығарма жазуға потенциалы жеткілікті. Әлішер – екі роман жазған жігіт. Ол осы романда құндылықтардың құнсыздануын, құнсыз нәрселердің құнды нәрсеге айналуын жастар өмірімен ғажап ашып берді. Темірланның да жаңбырлы күнгі ауа райына ұқсайтын ғажайып әлемі бар. Санжардың әңгімелері Лондонның ауа райы сияқты құпияға толы. Берікбол Батанның «Өліктердің уысында ериді» деген романы өте қатты ұнады. Ол романда жақсы ойлар айтып, адам психологиясының әрбір оқиғаға байланысты сатылай ашылуын керемет көрсетті. Жалпы біздің буын жақсы келе жатыр, – дейді жазушы.

Досхан Жылқыбай роман жазуды ойлап жүргенін де айтты.

Қазір ойымда жеті әңгіме бар. Осы әңгімелерді жазып алып, романның мәселесіне көшу керек сияқты. Жазатыныма және жақсы дүние бере алатыныма сенімдімін, – дейді ол.

***

Тағы оқыңыз:

Әлихан Бөкейхан шетел әдебиетін қазақшаға қалай аударды?