Жазушы Бейбіт Сарыбай: Балаларым мінезімді өзгертті

Бейбіт Сарыбай, отбасы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Baribar.kz «Әке мен бала» айдарын жалғастырады. Айдардың бүгінгі қонағы — жазушы Бейбіт Сарыбай. Baribar тілшілері демалыста жазушының үйіне барып, оның бала тәрбиесіне қатысты қағидасын тыңдап, отбасымен танысып қайтты.

«Демалыс күндері бәріміз үлкен үйге жиналамыз»

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бейбіт Сарыбай мен жұбайы Бану Дәулетбаева екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Жазушының үйіне жолымыз демалыс күні түсті. Ал олар демалыс күнін қала сыртындағы үйінде өткізеді екен. Бану апай шайын дайындап, бізді күтіп отырыпты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Балалар атасымен бірге қаладағы үйде тұрады. Сенбі-жексенбі күні бәріміз үлкен үйге жиналамыз. Үшеуі де қаладағы мектепте оқитындықтан, мына жақтан сабаққа жету үшін таңертең 6.00-де тұрып, сағат 7.00 болмай үйден шығып кетуі керек. Түсте әрқайсын үйге қайтып әкеліп, өз жұмысыма кеткенше, кеш батып қала беретін болды. Содан балалар бес күн бойы бұрын өзіміз тұрған қаладағы кішігірім пәтерде тұрсын деп шештік. Сейсенбі сайын өзім барып қонып кетемін, бейсенбіде анасы барып қайтады, — дейді Бейбіт аға.

Бейбіт Сарыбай
Бейбіт Сарыбай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жазушының бұл үйге көшкеніне көп болмаған. Балалар әу бастан қаладағы мектепке баратындықтан, ата-анасы оларды қайта-қайта мектеп ауыстырып қинағысы келмепті.

Мектепті жиі ауыстырған дұрыс емес сияқты. Үлкеніміз Айбаршын 10-класты бітіріп жатыр, Еркежан 6-класқа өтті. Дархан да сол мектепке барды, 3-класқа көшті. Бұған қоса орта, білім жағынан да сол мектепте қала бергені дұрыс болып көрінді, — дейді ол.

«Тәрбиелі болу тегінен»

Бейбіт аға балаларын кезек-кезек таныстырып өткен соң, тәрбие дегенді қалай түсінетінін айтты. Ол адамның тәрбиелі болғаны тегінен екенін айтады.

Айбаршын мен Еркежан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Дархан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Негізі бала тәрбиесі деген қызық нәрсе, оның арнайы бір әдісі болмауы керек деп ойлаймын. Таңның атып, күннің батқаны сияқты баланың өсіп-жетілуі, тәрбиеленуі де табиғи жүруі керек. Баланы әке-шеше де, басқалар да тәрбиелей алмайды. Бала іштен тәрбиеленіп туады. Басында түсіну қиын болуы мүмкін, рас. 

Жазушы бала бұзықтық жасаса, ата-анасы тәрбие бермеген деп кінәлау қате дейді.

Бала тәртіпсіздік жасап жатады, бұзық болады, өсе келе қылмыс істейтіндері де бар. Сонда оларға әке-шешесі тәрбие бермеген бе? Қай ата-ана баласына бұзық бол, біреуді ұр, кісінің затын ұрла деуі мүмкін? Кей мәдениетті, өте өнерлі, ұқыпты балалардың да ата-анасы жатпай-тұрмай соларға тәрбие бергенін көрмеппін. Мұның бәрі түбі келіп тегіне тіреледі. «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, тартпай бір қоймас тегіне» деген сөз бекер емес. Қазақтың қыз алысып, қыз бергенде әуелі тегін сұрайтынының да мәні тереңде жатыр, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жазушы ата-ананың міндеті тек ескертіп, жаманнан қорғап отыру деп біледі. Бірақ жас әкелер мұны түсіне бермейтінін байқаған.

Ер адамдар әкелік парыз дегенді ақша тауып, оны әйелінің қолына ұстату деп түсінеді. Өздері баласына жақындамайды, оған уақыт таппай, күндіз-түні сыртта жұмыс істейді. Өзінше “ақша тауып жатырмын ғой, бағып жатырмын ғой» деп ойлайды. Ақшаны жұмсап, киімін, тамағын шешесі алып бергендіктен, қыдыртып, үйірмеге таситын да анасы болған соң, көп отбасында әкенің рөлі азайып қалады екен. Қоғамдағы кемшілік — осы. Кейін бала өскен соң да әкесін алыс көріп, анасын қатты қадір тұтады. Әке болу деген отбасын асырау ғана емес. Баламен әңгімелесу керек, құшақтап-сүю керек, бірге ойнау керек. Бала күнінде осылай істесең, қартайғанда балаң сол нәрсені қайтарып береді. 

Үй жайлы сұрап, бір кесе шайымызды ішіп болдық. Енді балалар да еркінси бастады. Әңгімеге қосылып, бас изеп, әкесін қолдап отырғанын байқадық. Бейбіт аға мен Бану апайдың тұңғышы Айбаршынды әңгімеге тарттық.

Айбаршын. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Расымен, әкем үнемі құшақтап, бетімізден сүйіп, еркелетіп отырады. Мені Або деп, сіңлімді Еркош десе, Дарханды Дако деп еркелетеді. Апта ішінде қаладағы үйге келгенде де әрқайсымызды құшақтап, ұзағынан әңгіме айтады. Әкемізбен түрлі тақырыпты қысылмастан талқылай аламыз, — дейді ол.

Алғаш ата-ана болғанда…

Бану апай алғаш ата-ана болған күнін еске алып, тұңғышы Айбаршын туғанда Бейбіт аға қобалжып, абыржып жүргенін айтады.

Бейбіт Сарыбай және Бану Дәулетбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бейбіт басында қиналып, қысылғаны бар. Бірінші сәби болған соң шығар. Бірақ Еркежан туғанда мен де “Ұйықтап алайын, Бейбіт, сен қарай тұршы” дейтін болдым. Ол да саспастан, қарай беретін, — дейді ол. 

Бейбіт аға бала тәрбиесінде міндетті тең бөлген дұрыс дейді.

Киімін жуып, астын тазаламасам да, бала ортақ болған соң, бірге қарап, бірге тәрбиелеген дұрыс. Балалар өсе келе міндет деген өзгере бастайды екен. Қыздарыма мен айта алмайтын, тек қыздар арасында айтылатын ақыл-әңгіме болуы мүмкін. Ұлыма мен айтсам ғана, өтімді болатын әңгіме бар. Сондықтан қыздардың анасымен көп сырлас болғанын құп көремін, — дейді Бейбіт аға. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ол бала тәрбиелегендегі басты ұстаным мысалмен, іспен дәлелдеу екенін айтады. Ата-ана баланы емес, бала оларды тәрбиелейтін сияқты дейді.

Расында, бала дүниеге келген соң, әуелі ата-ана болу дегеннің қандай болатынын үйрендік. Баламызға айна екенімізді түсіндік. Балаға жүз рет айтпай, өз мысалыңмен бір рет көрсете алуың керек. Таңғы ас ішу маңызды деп алып, өзің күнде үйден апыл-ғұпыл шығатын болсаң, бала сені қайдан тыңдасын? Қазір таңнан кешке дейін жұмыста болсақ та, балалар қараусыз қалды-ау деп уайымдамаймыз. Себебі бізге қарап олар үнемі жұмыс істеу керек екенін, даму қажет екенін, үнемі кітап оқу керек екенін түсінеді, көреді, — дейді жазушы.

Жазушының жары бала отбасынан жақсы тәрбие алып шығуы үшін сыртқы факторлар кедергі келтірмеуі керек дейді.

Ата-ананың үйлесімді өмір сүргені өте маңызды. Бір-бірін сыйлап, жақсы көріп тұруы керек. Баланың көзінше тартысып, ұрысу баланың алдындағы абыройды түсіреді. Сосын отбасының бірлігі де құриды. Баланы шартсыз жақсы көру де маңызды. Махаббатпен өскен бала өмірде орнын оңай табады, тыпыршып, біреуге бірдеңе дәлелдеп өзімен-өзі әуре болмайды. Ата-анасы қырылып жатпаса, қарны тоқ, көйлегін көк болған кезде, бала үлкен нәрсе туралы ойлап, үлкен нәрсені армандайды. Жаман ойға салынып кетуге, жаман ортаға тап болуға себеп қалдырмау — ата-ананың міндеті, — дейді анасы.

«Балалар сөзге келсе, кінәні тең бөлемін»

Бейбіт аға балалары сөзге келіп қалғанда жауапкершілікті тең бөліп тастайды екен.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көбіне Ерке мен Дарханның басы піспейді. Мұндайда екеуімен екі бөлек сөйлесіп, жауапкершілікті де, кінәні де тең бөліп тастаймыз. Дарханға “сен кішкентайсың ғой” десек, Еркеге “сен үлкенсің ғой, бауырың ғой” дейміз. Бұған қоса үйдегі басты талап — үнемі кешірім сұрау және рақмет айту, — дейді ол.

Бану апай балаға «үлкенісің немесе кішісің, ер баласың немесе қыз баласың» дегенде де абай болу керек екенін ескертті.

Кейде амалсыздан Айбаршынға көп жауапкершілік артылып кетеді. Тіпті бірде Дархан “Осы ұлдар түк істемей ме?” деген. «Әкеңнің заманында дала жинау, отын шауып, су тасу деген болған. Қазір ол жоқ екен деп, ұлдар аяғын созып жатады деген сөз емес» деп еден жудырып қоямын немесе өз киімін жинатамын. Балалар бір-бірін, одан кейін қоғамды сыйлауы үшін үйде міндетті осылай әділ бөлуді үйренуі керек, — дейді ол.

«Балалар дүниеге келген соң, мінезім өзгерді»

Бейбіт аға бала тәрбиелеу өзіне үлкен жауапкершілік арқалатқанымен қатар, мінезін өзгерткенін айтты.

Әке болып, бірнәрседен бас тарттым дей алмаймын, бірақ қыздар дүниеге келген соң бойымда бір нәзіктік, сыпайылық, аяушылық пайда болғандай. Оның үстіне бала дүниеге келген соң, елімізде, әлемде нашар жаңалық естісең, осы балалар қиналып қалмаса екен деп тұрасың. Бітпейтін уайым, жауапкершілік пайда болды. Ұлтым, мемлекетім деп уайымдайтындардың бәрі әуелі — баласы барлар. «Отан отбасынан басталады» деген де содан, — дейді ол.

Жазушы өзінің әке болғаны шығармашылығына қалай әсер еткенін де айтып берді.

Шығармамда анайы дүниелер жазып, оны тәптіштеп суреттеуге жүрегім дауаламайды. Кейін оны балаларым оқуы мүмкін деген ой тежейтін болған. Сақтанып жазатын болдым, — дейді ол.

Еркежан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осыдан соң Еркежан бізді үйдегі кітапханаға шақырды. Мұнда түрлі жанрдағы эксклюзив кітаптар сақталған. Еркежанның өзі қазір «Менің атым — Қожа» шығармасын ағылшын тілінде оқып жүр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ата-анамыз кітап оқығанымызға қатты мән береді. Бірнәрсе істейтін болсақ, бір-бірімізді ынталандыру үшін үнемі бәріміз бірге істейміз. Содан қазір бәріміз ағылшын тілін оқып жүрміз, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әңгімеге Айбаршын қосылып, отбасылық демалыстар қалай өтетінін айтып берді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әр сенбі-жексенбіде белсенді демалыс ұйымдастыруға тырысамыз. Апта сайын киноға барамыз. 2017 жылдан бері жыл сайын гүл теруге барамыз. Бұл — отбасымыздың ең керемет дәстүрі дер едім. Басында тек әкем екеуіміз баратынбыз, кейін Еркежан мен Дархан өсіп, олар да қосылды. Бұған қоса әкеммен бірге жиі-жиі театрға барып тұрамыз. Соның арқасында мамандық таңдауға келгенде қиналмадым. Үнемі қойылым көріп отырып та, фильм көргенде де бірдеңе жетіспей тұрғандай көрінетін. Кітап оқып, оны өзімше сахналағым келетін. Ойланып, болашақта режиссер боламын деп шештім, ата-анам да бірден қолдады, — дейді Айбаршын.

Жанымызда отырған Дархан қазір келетінін айтып бөлмеден шығып кетті. Бір минут өтпей добын құшақтап шығып, бәрімізді аулада доп ойнауға шақырды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қаладағы үйдің ауласында үнемі футбол ойнаймыз. Ал мұнда қаладағыдай қақпа, алаң жоқ. Бірақ баскетбол немесе орта деп ойнасақ болады, — деді үйдің кенжесі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бейбіт аға балаларының қызығушылығын бала кезінен-ақ қолдап отыруға тырысады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әкем де, мен де футбол көріп, доп тебу дегенге мүлдем қызықпаппыз. Енді осы Дархан әулеттен шыққан тұңғыш футболшы боп кетер ме деп қоямыз кейде (күліп). Әйтеуір шамамыз жеткенінше, бірге ойнап, қолдауға тырысамын, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бәріміз жарыса орта доп ойнап, бала күнді еске алдық. Күн ауып, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Үнемі белсенді өткізетін демалыс күнін сұхбатқа арнағанына алғыс айтып, қалаға қайттық.

Тағы оқыңыз:

«Білектен білім артық» — Олимпиада чемпионының әкелік тәрбиесі