Алматыда жыл сайын 8 наурыз күні әйелдер шеруі өтеді. Алайда биыл қала басшылығы бұл шараға рұқсат бермей отыр. 1 ақпан күні феминистік ұйымдар Алматы әкімдігі 8 наурызда шеру өткізуге рұқсат бермей отырғанын айтып, баспасөз жиынын өткізді. Фембелсенділер осы баспасөз жиынында 8 наурыз күні шеру өткізуге рұқсат беруді талап етті. Феминистер әкімдік рұқсат бермесе, жалғыз адамдық пикеттер өткізетінін мәлімдеді. Әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап еткен пикеттер легі ақпан айының басында басталды.
Baribar.kz тілшісі жалғыз адамдық пикетке шыққан фембелсенділер Гүлбақыт Өтебайдан, Ақторғын Ақкенжебаласынан және Темірлан Еңсебектен шерудің маңызы мен өзектілігі туралы сұрады.
Митиң үшін митиң
Әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап еткен пикеттер легі ақпан айының басында басталды. 10 ақпан күні Feminita белсендісі Ақторғын Ақкенжебаласы әйелдер шеруіне рұқсат етуді талап етіп, пикет өткізді. Ол «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің алдына «Маршты болдырмау қылмыс!» деген жазуы бар плакат ұстап шықты.
Пикетке өзім үшін шықтым. Себебі кешке кетіп бара жатқан кезде, автобуста отырған кезде, жалпы бүкіл жерде өзімді қауіпсіз сезінбеймін. Статистика бойынша жылына 400 әйел өз жақындарының қолынан қайтыс болады. Мен көшеде кетіп бара жатып біреудің қолынан қаза болғым келмейді немесе біреудің зардабы тигенін қаламаймын, – дейді Ақторғын.
Фембелсенді Гүлбақыт Өтебай қазірге дейін екі рет пикет өткізді. Ол Шоқан Уәлиханов сквері мен Сарыарқа кинотеатрының артына барып, 8 наурыз күні шеру өткізуге рұқсат беруді талап етті. Фембелсенді «Қазақты сақтап қалған Қазақ[стан] әйелдері» деген жазуы бар плакат пен түрлі мем ұстап шықты. Пикетке Алматы әкімдігі рұқсат берген.
Менің ойымша, шеруде болған адам да, шеруді сырттай бақылаған адам да өз тәуелсіздігі мен құқығын сезіне бастайды. 8 наурыз мерекесі де шеруден пайда болған. Бұл күн – Халықаралық әйелдер күні. Әкімнің өзі заңды бұзып тұрғанын сезесіз бе? Мен сездім. Бұл мен үшін басқа қонбайтын, ұялып айтатын жағдай болды. Жаңалықтарды оқып, іс-әрекеттерден ұялғанымнан пикетке шықтым, – дейді фембелсенді.
9 ақпанда Алматыда «Oyan, Qazaqstan!» қозғалысының белсендісі Темірлан Еңсебек жергілікті әкімдіктен 8 наурыз күні әйелдер шеруін өткізуге рұқсат етуін талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол «Аманжол, Айдар, Ерболат, ұялсаңдаршы, феминистерге шеру өткізуге рұқсат беріңдер» деген жазуы бар плакат ұстап шықты.
Екі рет өтініш бердім. Бірінші өтінішті қабылдамады, екінші өтінішті қабылдады. Солай әйелдер шеруіне рұқсат етуді талап еттім. Шерудің мен үшін маңызы зор. Өйткені әйелдердің дауысы естілуі керек. Әсіресе 8 наурыз күні естілуі керек. Қыздар мемлекеттегі тапталған әйел құқығы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық деген сияқты проблемаларды айтқысы келеді. Менің ойымша, шеру өтуі қажет, – дейді Темірлан Еңсебек.
Шеру неліктен маңызды?
Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан жылына 400-ге жуық әйел көз жұмады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева 2023 жылы елде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан 69 әйел қайтыс болғанын мәлімдеді. Фембелсенді Гүлбақыт Өтебай қыз балаға Қазақстанда өмір сүру қиын екенін айтады.
Қаншама әйел, жасөспірім қыз зорлық көрсе де, ешқандай заң оларды қорғап жатқан жоқ. Өз үйінде, өз елінде жүріп қауіпсіз болмасаң қалай өмір сүре аласың? Қазақстанда өмір сүру қауіпті. Әсіресе қыздарға. Шеру — «Осындай мәселе бар, мойындайық, өзгертейік» деп айту үшін жақсы мүмкіндік. Заң бойынша, ол бізде бар мүмкіндік, – дейді ол.
Feminita белсендісі Ақторғын Ақкенжебаласы шерудің тарихи да маңызы бар екеніне тоқталды.
8 наурыз – тарихи күн. 1918 жылы қазақ әйелдері өз құқығын талап етіп, алып қашу мен әмеңгерлікке қарсы отырыс өткізген. Біз 100 жылдан кейін дәл осыны сұрап отырмыз. «Сенің затың немесе жеке меншігің емеспін, мен – бөлек адаммын» дегенді айту үшін бізге шеру керек. Қалау мен талапты митиңге шығып, мемлекетке айтуға болады. Біз әркім өз ойы мен қалауын айта алуы үшін де күресіп жүрміз, – дейді белсенді.
Темірлан Еңсебек — әкімдіктен шеру өткізуге рұқсат етуді талап етіп, пикетке шыққан жалғыз ер адам. Оның айтуынша, шеруге рұқсат бермеу Конституция бойынша заңға қайшы.
Менің феминистік қозғалысқа қатысым жоқ. Феминист емеспін, про-феминист емеспін. Мен әйелдер қауымын қолдаймын, өйткені олардың жанайқайын түсінемін, бастамасы дұрыс деп есептеймін. Шеруге рұқсат бермеу – заңға қайшы. Конституция сөз бостандығына кепіл беріп тұр. Бұл – адам еркіндігін шектеу, әйел құқығын таптау, – дейді ол.
Шеруге рұқсат бермесе?..
Белсенділер шеру өткізу үшін әкімдікке өтініш жолдаған. Алматы әкімдігі белсенділердің өтінішін қанағаттандырмаған. Бейбіт жиынға бөлінген орындарда «мәдени шара өтеді», «шеру қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді» деген себептерді алға тартып, рұқсат бермеген. Біз фембелсенділерге «Шеру өткізуге рұқсат бермесе, әрекетіңіз қандай болады?» деген сұрақ қойып көрдік.
Мен — тәуелсіз фембелсендімін. Шеру ұйымдастыратындардың құрамына кірмегенмін. Сондықтан өз жоспарым туралы айтайын. Шеруге рұқсат берілмесе, үстіме айтқым келген сөздерді жазып, көшеге шығамын. Бұл күн мен үшін өте маңызды. Сондықтан оны әкім немесе биліктің басқа адамдары құрта алмайды, – дейді Гүлбақыт Өтебай.
Ақторғын Ақкенжебаласы да әкімдік рұқсат бермесе, пикетке шығатынын мәлімдеді.
8 наурыз күні пикет өткізуге өтініш беріп көремін. Рұқсат бермесе де плакатымды алып, көшеге шығамын, – дейді ол.
Фембелсенділер 8 наурызда болатын шеруде «Қазақстан әйелдерінің еркіндігі мен қауіпсіздігі» мәселесін көтергісі келеді.
***
Тағы оқыңыз:
«Зорлыққа жол жоқ». 8 наурыздағы дәстүрлі митинг қалай өтті?