Артистер үшін киелі жер сахна болса, бұлспортшылар үшін — тау шыңы. Қалың қар жатқан тау олардың екінші үйіне айналған. Біз шаңғымен ерекше трюк жасайтын фристайл-могулшылар туралы айтып отырмыз. Baribar.kz Шымбұлыққа барып, Қазақстанның үздік төрт фристайл-могулшысымен әңгімелесіп қайтты.
Могул деген қандай спорт түрі?
Могул — қысқы спорт түрі. Мұнда могулшы таудың шыңына шығып, шаңғы арқылы 180-250 метрге созылған тау жолымен төменге қарай сырғанап түседі. Могул шаңғыға қатысты басқа спорт түрінен ерекше. Мұнда могулшының алдында төмпешік бөгеттер болады. Спортшы олардан сүрінбей өтуі керек және трамплиннен екі рет секіруге тиіс. Секіргенде әртүрлі акробатикалық элемент жасауы қажет.
Қазақстанда могулдан құрама команда бар. Біз Шымбұлаққа барып, сол құраманың төрт могулшысымен тілдесіп қайттық. Спортшылардың сөзіне қарағанда, олардың көбі бұл спортқа төрт-бес жасынан бастап келген. Бірін ата-анасы әдейі осы спортқа берсе, енді бірі кездейсоқ таңдаған.
«Анам спортты емес, ғылымды таңдағанымды қалады»
22 жастағы Аяулым Әмренованың могулмен айналысып жүргеніне 17 жыл болды. Ол шаңғыға кішкентайынан қызыққан. Дегенмен әкесі оны тау шаңғысының орнына, фристайл-могулдың үйірмесіне қателесіп жазып қойған екен. Оның фристайлдағы мансабы осылай басталған.
Фристайл-могул ұнап қалды да, осы спорт түрімен шұғылдана берем деп шештім, — дейді ол.
Аяулымның айтуынша, «спортшылар ізденбейді» деген жаңсақ пікір. Себебі кәсіби спортшы атану үшін барлық жағынан өте табанды болу қажет. Бұл — могулшыға да қажет қасиет.
Могулда көп нәрсе маңызды. Спортшының қанша уақытта мәреге жеткені, қандай жылдамдықпен сырғанағаны және қандай ерекше техника көрсететіні бағаланады. Могулшы сырғанып жатып, осының бәріне мән беруі керек, — дейді Аяулым.
Оның айтуынша, дүниежүзі бойынша могулшыларға қойылатын ортақ талаптар бар. Дегенмен әр мемлекет сол талаптарды сақтай отырып, өзінің техникасын ойлап табуға тырысады. Себебі ауқымды жарыстарда олар сонысымен ерекшелене алады. Ал мұндай техникаларды орындау үшін үнемі жаттығу қажет.
Әрине, қанша жыл шынықсаң да, тәжірибелі спортшы болсаң да, уайымдайсың. Мұндай кезде құлаққап тағып, өзіме ұнайтын ән тыңдауға тырысамын. Сол сәтте ән тыңдап, ойша қалай төмен қарай сырғанап түсіп бара жатқанымды елестетемін. Стартер «бір, екі, үш» дегенде бәрін ұмытып, вакуумге түскендей сезімде боламын. Көз алдымда тек жол тұрады, — дейді Аяулым.
Аялуымның айтуынша, алғашында оның анасы фристайл-могулды кәсібі ретінде таңдағанына қарсы болған. Себебі қызы мектепті жақсы оқыған соң, елдегі үздік университеттің біріне түсіп, білім-ғылым жолын қуады деп ойлаған. Дегенмен Аяулымның спортқа деген махаббаты, могулға деген қабілеті бәрін жеңген. Әкесі де қызының таңдауын қолдапты. Соның арқасында бүгінде Аяулым — кәсіби могулшы. Осы күнге дейін түрлі халықаралық сайыста жүлделі болған. Фристайл-могулдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған. 2017 жылы Еуропа кубогында алтын, күміс, қола иеленген. Ал 2018 жылы Пхенчханда өткен олимпиада ойындарына қатысқан. Ендігі мақсаты — 2026 жылы болатын қысқы олимпиада ойындарына қатысып, үлкен нәтижеге жету.
«Күніне алты сағат жаттығамыз»
Могулшы Анастасия Городко 18 жаста. Қазір Қазақ спорт және туризм академиясында оқиды. Ол — білім мен тәжірибені қатар алып жүрген спортшы. Анастасияның айтуынша, могулшы болу үшін спортшының денесі үнемі тонуста болуы қажет. Ол үшін олар күнде алты сағат жаттығады.
Таңертең тұрып, таңғы асымызды ішіп, жаттығуға барамыз. Күніне алты сағат — екі сағаттан үш мезгіл жаттығамыз. Бірінші жаттығуымызды далада, қар үстінде жасасақ, екінші жаттығуымызды залда жасаймыз. Осылай, жарыс болмаса да, шынығып, денемізді бір қалыпты ұстап отырамыз, — дейді Анастасия.
«Жазда шаңғышылар не істейді?» деген сұрақ көбіне қызық шығар. Спортшының айтуынша, могулшылар жазда да жаттығуын тоқтатпайды. Олар қар жатқан тауларға жол тартады екен.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласындағы тауда маусым айында да қар жатады. Жаздың алғашқы айында сол жерде сырғанаймыз. Шілде-тамызда физикалық тұрғыда жалпы дайындаламыз және шаңғымен суға секіріп жаттығамыз. Суға секіру қарға секіргенге қарағанда қауіпсіздеу, сол себепті жазда осы әдісті қолданып жатамыз. Былтыр Оңтүстік Кореяда, алдыңғы жылы Чехияда жаттықтық, — дейді могулшы.
Анастасия Городко да Италияда өтетін қысқы олимпиадаға дайындалып жатыр. Ол оған дейін өзінің секіру техникасын жақсартуды мақсат етіп отыр.
«Төрт жылға созылған жаттығудың нәтижесі 25 секундта шешіледі»
27 жастағы Павел Калмаков — Өскеменнің тумасы. Оның анасы тау шаңғышысы болған, сол себепті ол төрт жасынан бастап шаңғыда тік тұрған. Өзінің айтуына қарағанда, могул оны шаңғы теуіп жүріп түрлі акробатиканы істеуге мүмкіндік беретінімен баурап алған.
Могулды, шаңғы тебуді бала кезден үйренген тиімді. Себебі бұл кезде бала жаңа затты тез үйренеді, оған қоса физиологиясы енді дамып жатқан соң, жарақатының салдары ауыр болмайды. Тез қалпына келеді. Әрине, мен де кішкентайымда бірден үйреніп кете алмадым. Құладым, қолымнан келмеген кездер болды, дегенмен бүгінде бұл спорт түрі өмірімнің мәніне айналды, — дейді спортшы.
Павелдің айтуынша, могул — өте әсерлі спорт. Онымен шұғылданған да, оны тамашалаған да ерекше қызық.
Оған қоса могул — қиын спорт түрінің бірі, себебі спортшының дене жағдайы да, техникасы да мықты болуы керек. Төрт жыл бойы олимпиадаға дайындаламыз, кейін жарыста 22-25 секунд аралығында сырғып түсеміз. Міне, осы 25 секунда бәрі шешіледі. Мұндай кезде ештеңе ойлап үлгермеймін. Тек негізгі аспектілерді есте сақтап қалуға тырысамын, — дейді спортшы.
Павел Калмаков бұған дейін көп жарысқа қатысқан, нәтижелері де жаман емес. Мысалы, Сочиде өткен олимпиадада 10-орын, Оңтүстік Кореяда өткен олимпиадада 7-орын, Қытайда өткен олимпиадада 21-орын алған. Италияда бұдан да жақсы көрсеткішке жетеді деп үміттенеді.
«Жақында спорттағы мансабымды аяқтаймын»
Мұндай экстрим-спорт түрімен айналысатын спортшылар жиі жарақат алып жатады. Кейбірі тіпті жарақаты салдарынан уақытша немесе біржола спортты тастауына тура келеді. Былтыр қазақстандық могулшылардың бірі Юлия Галышева аяғын жарақаттап, ота жасатқан. Соның кесірінен бір жыл могулмен шұғылдана алмаған. Бірақ бес жасынан бері спортта жүрген Юлияның айтуынша, бұл үзілісте әбден демалып, күш жинаған.
Қазір қайта оралдым. Жаттығулар аздап қиынға соғып жатыр. Жас спортшылар кейбір техниканы тез істеп жатса, маған сәл қиынға соғып жүр. Тез шаршаймыз. Дегенмен көп жылғы тәжірибенің де пайдасы бар. Жастар дайындықта 10 рет сырғанаса, мен төрт рет сырғанасам, сол жетіп жатады. Дегенмен осыған дейінгі қалпыма келуге тырысып жатырмын, — дейді ол.
Юлияның айтуынша, спортшылар көбіне 36-38 жасына дейін могулмен айналысады. Кейін могулдан жаттықтырушы болады немесе басқа салаға кетеді екен. Юлия қазір 31 жаста. Ол Италияда өтетін қысқы олимпиада спорт жолындағы соңғы жарыс болатынын айтады. Осыдан кейін ол могулшы ретіндегі мансабын аяқтамақ.
Қазір спорт саласына қатысты кәсібімді жүргізіп жүрмін. Өзіме ұнайды, осы бағытқа кететін шығармын, — дейді Юлия.
***
Тағы оқыңыз: