Алматыда 16 ақпан таңертеңнен 17 ақпан түнге дейін жауын жауып, арты қалың қарға ұласады. Ауа температурасы минус 20 градусқа дейін төмендейді.
Бұл туралы «Қазгидромет» РМК синоптиктері хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, 17 ақпан -14, түнге қарай -22 градусқа дейін төмендейді. Тұман түсіп, жолда көктайғақ болады.
Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, түнгі уақытта көктайғақтың алдын алу мақсатында дислокация орындарында 176 құм таратқыштың кезекшілігі жоспарланған. Қар тазалау жұмыстарына барлығы 483 арнайы техника мен 1180 жол жұмысшысы жұмылдырылады.
16 ақпанда қарды тазалау және 17 ақпанда түнгі кезеңде қарды жаппай сыртқа шығару бойынша арнайы техника колонналарының жүруіне байланысты автокөлікті жол жиектеріне қоймауды сұраймыз, — делінген хабарламада.