Қазақстан әншілерінің репертуарында «Алып қашу» туралы әндердің бар екенін байқаймыз. Олардың тақырыбы әртүрлі болса да, негізгі мағынасы ұқсас. Ол – қызды алып қашу.
Алып қашу туралы әндер гендер теңдігіне кері әсер етпей ме? Бұл қылмысты насихаттау емес пе? Мұндай әндер мәселені қалыпты жағдайға айналдырмай ма? Поп-мәдениеттің қоғамға ықпалы қандай? Baribar.kz тілшісі өнертанушы Молдияр Ергебеков және музыкатанушы Сәния Баженеевадан сұрап білді.

Әндер туралы

Әнші Ұланғасыр Қами орындап жүрген «Алып қашамын» (Әннің сөзін кім жазғаны белгісіз – ред) деген әнде қызды еркінен тыс алып қашып, анасына келін ететіні айтылған.

«Сүйем десем, жаным, олай қарама,

Арман едің, сәнім, талай балаға.

Алып қашам, мейлі, олай қалама,

Келін қылам сені қалай да анама».

Ал Dar Omar деген әнші орындайтын «Алып қашамын» әні (Әннің сөзін Ораз Қиынбаев жазған — ред) Ұланғасыр Қамидің әнінің сөзімен мағыналас.

«Көресің, менің үйіме барасың,

Басыңа аппақ орамал тағасың.

Көндірем, көнесің,

Қыз болып келесің, –

Келін болып қаласың».

Жасұлан Зейнолла «Алып қашам» деген әнінде (Әннің сөзін орындаушының өзі жазған – ред) қыздың әке-шешесіне де, бауырына да қарамай қызды алып қашатынын жеткізеді.

«Әке-шешең, бауырың көнбесе егер,

Бергілері ауылға келмесе егер,

Бүгін кешке келемін, кездескенше,

Алып қашам мен сені, бермесе егер».

Бұл әндер қылмысты насихаттай ма?

Өнертану докторы Молдияр Ергебековтің айтуынша, мұндай әндер «зорлық-зомбылықты насихаттайды», тіпті қылмысқа да үгіттейді.

Бұл — адам құқығына, конституцияға кереғар сөздері бар және зорлық-зомбылықты насихаттайтын әндер. Сондықтан бұл әндерді жариялаған медиалар да (Toi Duman, Agugai, Aridai, Khabar – ред) заң бойынша жауап беруге тиіс. Себебі бұқаралық ақпарат құралдары осы әндер арқылы зорлық-зомбылықты насихаттап, адамдарды зорлық-зомбылыққа шақырып отыр, – дейді өнертанушы.

Молдияр Ергебековтің сөзіне қарағанда, алып қашу туралы әндер этика тұрғысынан да өте ауыр қылмыс болып саналады.

ЮНЕСКО 1978 жылы декларация қабылдаған. Осы декларацияда зорлық-зомбылыққа шақырмау, нәсілшілдікке қарсы болу деген сияқты баптар бар. 2001 жылы бұл декларация кеңейіп, гендер мәселесі де қосылды. Қазақстан ЮНЕСКО мен Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше. Сондықтан бұл жағдай — декларация бойынша да, этика тұрғысынан да өте ауыр қылмыс, – дейді ол.

Молдияр Ергебеков
Молдияр Ергебеков. Фото жеке архивінен

Өнертанушы осындай мазмұндағы әндерді орындайтын әншілерді, оны тарататын медиа ұйымдарды тексеріп, тергеу керек деп есептейді.

Прокуратура филологиялық талдама жасатуына болады. Оны қаламаса, әншілерге, медиа ұйымдарға тікелей тергеу амалдарын жасауға тиіс. Өркениетті мемлекеттерде прокуратура осындай  жағдайларды көргенде ешкімнің арыз-шағымын күтпей-ақ, тікелей тергеу жүргізе береді. Біздің елімізде де солай болуы керек деп ойлаймын, – дейді Молдияр Ергебеков.

Алып қашуды нормализациялау

Музыкатанушы Сәния Баженееваның айтуынша, алып қашу жөніндегі әндер мәселені нормализациялайды және романтизациялайды.

Әндердің сөзінен ер адамның әйел адамға өз көзқарасын, пікірін, таңдауын, қылығын мойындату байқалады. Бұл – бұрыс романтизация. Әндердің сөз құрылымы мен әуені қарапайым болған соң, ол адамдардың құлағына тез сіңіп, жадында қалып қояды. Осылай, бұл әндер алып қашуды нормализациялайды, – дейді музыкатанушы.

Сания Баженеева
Сәния Баженеева. Фото жеке архивінен

Молдияр Ергебековтің пікірі де музыкатанушының пікірімен үндес.

Алып қашу туралы әндер адам құқығына қайшы келетін зорлық-зомбылық іс-әрекетін қалыпты іске айналдырады. Бұл әндер алып қашуды романтизациялайды. Осылай  албырт, бейкүнә, романтикалық етіп көрсетіп, адамдардың санасына идеология қалыптастырады. Сондықтан бұл — өте қауіпті нәрсе, – дейді Молдияр Ергебеков.

Поп-мәдениеттің қоғамға ықпалы бар ма?

«Поп-мәдениеттің қоғамға ықпалы бар ма, жоқ па?» деген сұраққа жауап іздемей тұрып поп-мәдениеттің не екенін білген жөн. Музыкатанушы Сәния Баженееваның пікірінше, поп-мәдениетке адамдар таңдап тыңдамаса да, теледидардан, радиодан құлағына шалынатын туындылар жатады.

Поп-мәдениетке кез келген нәрсені жатқызуға болады: сериалдар, әндер және тағы басқа, – дейді музыкатанушы.

Молдияр Ергебековтің айтуынша, XIX ғасырдан бастап поп-мәдениет өзгеріске ұшыраған.

Поп-мәдениет – халық мәдениеті деген сөз. Газет өндірісі, телеграфтың, радио мен теледидардың пайда болуы сияқты электрон медиа пайда болғанда қоғам ең негізгі ерекшелігінен ажырап қалды. Қоғамның, халықтың қандай негізгі ерекшелігі бар еді? Электрон медиа шықпай тұрып мәдениетті халық өндіретін. Ауыз әдебиеті, ертегілер, дастандарды халықтың өзі өндіріп, сүзгіден өткізетін. Мәдениетті қалыптастыратын негізгі фактор да халық еді. Ал электрон медиа пайда болғаннан кейін мәдениетті журналистер, әртістер өндіре бастады. Нәтижесінде қоғамның сүзгіден өткізу деген кезеңі эрозияға ұшырады. Сол себепті XIX ғасырдан кейінгі поп-мәдениет басқа. Халық қалыптастыратын мәдениет әлдеқайда еркін, тәуелсіз болса, қазіргі поп-мәдениет нарыққа бағытталған, – дейді өнертанушы.

Молдияр Ергебеков
Молдияр Ергебеков. Фото: Qazaqstan.tv

Сәния Баженееваның айтуынша, адам поп-мәдениет туындыларын тұтынғаннан эмоциялық, психологиялық, менталды күйзеліске ұшырауы мүмкін. Ал өнертанушы Молдияр Ергебеков поп-мәдениеттің қоғамға ықпалын екіге бөліп қарастыруға болады дейді.

Поп-мәдениеттің позитив және негатив ықпалы болуы мүмкін. Позитив ықпалы – қоғам табу мәселелерді ашық талдай бастайды, дұрыс-бұрысын айта алатын жағдайда болады. Негатив ықпалы – поп-мәдениет дұрыс емес идеология, қате пікір қалыптастыруы мүмкін екенінде, – деді ол.

Еске салайық, ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы бойынша, адам ұрлау қылмыс болып саналады. Оған төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған

Тағы да оқыңыз

Медиадағы жаңалықтардан травма алмау үшін не істейміз?