Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде жас суретші Нұрболат Асқардың ĞALAM деген жеке көрмесі ашылды. Көрме отбасы және оның жылы атмосферасы, күнделікті өмірдің тыныштығы, әсем табиғат сынды көптеген тақырыпты бейнелейді. Baribar.kz тілшілері көрмеге барып, суретшінің картиналарын көріп қайтты.

«Тапсырыспен сурет сала алмаймын, салатыным — жанымның қалағаны»

Нұрболат Асқар көрмеге қойған картиналарында бейнелі кескіндеме мен импрессионизмнің үйлесімін сәтті қолданған. Ол көбіне қанық контрастар мен жылы реңкті қолдану арқылы сүйікті мотивтерімен эксперимент жасап, түстің қанықтығын арттыруға тырысады.

Көрмеге 60-қа жуық туынды қойылды. Нұрболат өзін шабыттандыратын картиналар ғана салады.

Өзімді шабыттандыратын, жаныма жылу сыйлайтын картиналарды ғана салам. Қазір әлемде соғыс болып жатыр, өз ішімізде де бөліне береміз. Ал өнер бәрін байланыстарады. Өнер ұлтқа бөлінбейді. Бар салғаным — өз көзқарасым, жан-дүниемнің көрінісі, — дейді Нұрболат Асқар.

Суретші картиналары арқылы бала күніне жиі «барып келеді».

Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әжемнің қолында өскендіктен, маған әлем жылы болып көрінеді. Адамдар кейде сол жылы қарым-қатынасыңды, жақсы ойыңды теріс түсінуі мүмкін. Бала күніме жиі-жиі «барып келуге» тырысам. Балалық шақ маған сағым, сағыныш болып елестейді. Картиналарды қиялдан құрастырмаймын. Күнделікті көрген дүниенің сұлу екенін жеткізгім келеді, — дейді суретші.

Нұрболат заманауи өнер жанрын, яғни қазіргі өмірді бейнелейді. Реализм, сәндік кескіндеме, фабизм, импрессионизм және абстракция сияқты жанрларды қосып, қазақы бояулы картиналар салады.

Нұрболат Асқара, суретші, көрме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бояудың бай тілін шебер меңгерген. Кескіндемесіндегі әрбір реңк бір-бірімен байланысып, бірегей және үйлесімді композициялар құрады. Колориттің байлығы оның шығармаларын көріктендіріп қана қоймай, түрлі сезімді, көңіл-күйді жеткізеді.

Оңтүстікте туғандықтан болар, жылы түстерді көбірек қолданам. Біздің Кентаудың жазы ыстық, қысы жылы. Дегенмен көк түсті де жақсы көрем. Картиналарыма мұқият қарасаңыз, қыс бейнесі көп, өйткені қыстың тазалығы ұнайды, — дейді Нұрболат Асқар.

Суретші бір картина салғанда соның «ішінде» ұзағырақ «жүруі» мүмкін. Содан да суреттің кей жерін уақыт өте келе өзгертіп жатады. Картинаны «түзеп жіберудің» немесе басқаша ашудың сәті кейін ойға келіп, маза бермейтіні бар. Суретші картина салады, ал көрермен ол картинаны өз көзқарасы бойынша қабылдайды.

Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ауылда дос-бауыр көп. Картиналарымның бағытын көріп, маған ылғи ауылдан фото жіберіп тұрады. Фотоны көріп, әрі қарай қиялмен жалғап әкетіп, картина етіп саламын, — дейді көрме авторы.

Нұрболат Қазақстанда тек картина салып, соны сатып, өмір сүруге болады дейді. Дегенмен ол суретшінің шеберлігі мен бағына байланысты деп ойлайды.

Суретті сату үшін салмаймын. Тапсырыспен де сала алмаймын, салатыным — жанымның қалағаны. Сондықтан картиналарым көптеп сатылмайды, адамдар жылына екі-үшеуін алып жатады. Картиналарымның бағасы көлеміне байланысты. Мысалы, этюдтар 300-400 мың теңгеден, ал композициялар 1,5 млн-2 млн теңге тұрады. Дегенмен клиенттің қалтасына ауыр болып кетпеуін де қадағалаймын. Елімізде картина сатып, өмір сүруге болады. Дегенмен ол суретшінің шеберлігі мен бағына байланысты, — дейді ол.

Нұрболат Асқардың 5 картинасы

Суретшінің жанында жүріп өзіміз ерекшелеп алған бес картина туралы айтып беруді сұрадық.

«Әңгіме», 2021

Ауылда ағам бар. Мен барғанда қой сояды. Бір күні ауылға жол түсіп, мені тауға ертіп кетті. Таудағы шопанның малын алмақшы. Қойшының үйінің алдында тұрмыз. Екеуі кездескенде күн батып бара жатты. Екеуі есік алдындағы тапшанға жайғасып алып, әңгімелесіп отырды. Біраз уақыт қарап тұрсам, әп-әдемі картина екен. Қалада оқитын баласы ауылға келіп, әкесі сонымен сөйлесіп отырғандай. Дала алакөлеңке болып, үйдің жарығы түскені студентті кешкі салқыннан жып-жылы үйге — естелігіне кіргізетіндей, — дейді суретші.

Нұрболат Асқар, суретші, көрме
«Әңгіме», 2021. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Үміт», 2023

Бұл кісі — туған әжем. Ауылға барған сайын мені дастархан жайып күтіп отырады. Терезеден жарық түсіп тұрады, ал әжем терезеге «Балам келіп қалды ма екен?!» деп үмітпен қарап отырғандай. Бұл картинада тағы мынадай ой бар: біздің елімізде бейнелеу өнері кенже өнер саналады, ал әжем мені осы саланы дамытуға үлес қосады деп үміт етеді, — дейді Нұрболат Асқар.

Нұрболат Асқар, суретші, көрме
«Үміт», 2023. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көрмеге Нұрболаттың әжесі де келді. Картиналарды асықпай қарап шықты да, шеткі орындыққа барып жайғасты. Енді немересінің суреттерін тамашалап жүрген халыққа қарап, сүйсініп қана отырды.

Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Бақшада», 2024

Ата-ана баласын өсіріп, кейін жақсылығын көргісі келеді. Сол сияқты бақшаға көкөністі үлкендер егеді, ал бала онда жеміс пен көкөніс піскен кезде ғана кіреді. Әжем бақшаны күтіп-баптап, немерелеріме деп өсіреді. Бәрі піскен соң немерелері барып «тонайды».

Нұрболат Асқар, суретші, көрме
«Бақшада», 2024. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Ана», 2023 

Басында бұл картинаның атауын «Мұрагер» деп қойғым келген. Өйткені біздің қазақ отбасында я ұл болғанша, я қыз болғанша бала босана береді. Мына картинада үш қыз бен бір ұл бар. Бірақ ана образы дұрыс деген шешімге келдім. Бұл суретті салып жатқанда анам басқа қалада болды да, анама ұқсайтын образ тауып алып, соған қарап салдым. Дегенмен картинада мұрагердің суретін жарқыратып салып, соған көп назар аударттым.

Нұрболат Асқар, суретші, көрме
«Ана», 2023. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Дәстүр», 2023

Жайлауда ағаларым мал сойғанда жанынан шықпай өскенбіз. Мына балаға қарасаңыз, үстіндегі киімі қазіргі замандыкі. Айналасына әдейі үйлер салмадым. Қазақтың кең даласы бейнелеген. Сұрғылт түс басым, сары-жасыл түс жоқ, өйткені қыс жақындап келе жатыр. Мал сою түркі халықтарының, мұсылман халықтарының дәстүрі ғой. Соны көрсеткім келді, — дейді Нұрболат Асқар.

Нұрболат Асқар, суретші, көрме
«Дәстүр», 2023. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мансұр Бектасов — Нұрболат Асқардың шәкірті. Бүгінгі картиналардың көбі шеберханада қалай салынғанына куә болған екен.

Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Мансұр Бектасов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Шеберханада біз өзіміздің жұмысымызды саламыз, ал ол кісі шығармашылықпен айналысатын. Сөйтіп, тікелей процесті өз көзімізбен көрдік. Нұрболат ағай Астанадан 1,5 жыл бұрын көшіп келді. Аз уақыттың ішінде осындай әдемі көрме жасап жатыр. Ағайдың еңбекқорлығын үлгі етемін. Бізге әрдайым «бір картинаны 15 сағат салсаңдар да, нәтиже шығарыңдар» деп айтатын, — дейді суретшінің шәкірті.

Көрмеге келген қонақтардың бірі — Сымбат Егемберді. Өзі Абай атындағы педагогикалық университетте суретші мамандығын оқиды. Көрме болатынын әлеуметтік желіден біліп келіпті.

Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Сымбат Егемберді. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Нұрболат Асқар деген суретшінің жұмыстарымен енді танысып жатырмын. Мысалы, «Бақшада» деген картина қатты ұнады. Түскі уақыт, ауыл, сезім. Сол сәттің күйін беріп тұр. Бізде картинаның қалыпты формасы: 30х40, 50х80, яғни тіктөртбұрыш. Ал маған осындай ені ұзын, ұзындығы қысқа көлем ұнайды. Оған қоса суреттің түстері жақсы үйлесім тапқан әрі сурет салудың барлық кезеңі сақталған, — дейді ол.

Көрмеге суретші, Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі Талғат Тілеужанов та келді. Нұрболатқа ерекше алғыс білдіріп, көрме жайлы пікір айтып жатқанын байқадық.

Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Талғат Тілеужанов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Нұрболат — жас суретші. Оның бойында классикалық кескіндеменің тамаша сәттері бар екенін сеземін. Мынадай еңбектерге қарап бейнелеу өнерінің болашағы бар дей аламыз. Нұрболатқа суретші Бейбіт Әсемқұл сабақ бергенін естідім. Бейбіттің шығармашылығын жақсы білемін. Екеуіміз — кескіндемеші Қанапия Телжановтың шәкіртіміз. Бүгінгі көрмеде солардың жалғасы бар екенін сезіп жатырмын. Нұрболат тұрмыс тақырыбынан бастап пейзаж, натюрморт сияқты бәрін салады. Жұмыстары қызық. Суретші болашақта әлі талай жақсы жұмыс көрсетеді деп сенем, — дейді Талғат Тілеужанов.

ĞALAM көрмесі музейде 25 ақпанға дейін тұрады.
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Нұрболат Асқар, суретші, көрме
Нұрболат Асқар. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz