7 қазанда Газа секторын бақылайтын палестиналық ХАМАС қозғалысы Израиль қалаларын атқылай бастады. Мыңдаған адам қаза болып, жараланды. Израиль мен Палестина 75 жылдан бері не үшін соғысып жатыр? Соғыстың қайта басталғанына не түрткі болды? ХАМАС деген кімдер? Бүгінгі материалда екі ел арасындағы көп жылға созылған қақтығыстың мән-жайын түсіндіреміз және дәл қазіргі сәтке дейінгі ақпаратты жариялаймыз.

Арабтар мен еврейлердің қақтығысы қалай басталды?

Израиль мен Палестинаның қақтығысының басты себебі — Жерорта теңізінің шығысындағы жерге талас. Биыл бұл соғыстың жүріп жатқанына 75 жыл болды.

1516-1917 жыл аралығында Палестина Осман империясының құрамында болған. Осман империясы кезінде бұл аймақта көбіне арабтар тұрған еді. Ал еврейлердің үлесі аз болды.

Бір қызығы, Еуропадағы еврейлер палестиналықтар мекен еткен Таяу Шығысты ата-бабасының жері деп санаған. Сөйтіп, олар «Сионизм қозғалысын» құрған. Бұл қозғалыс өкілдері Палестинада екі мың жыл бұрын еврейлер тұрғанын алға тартып, Израиль мемлекетін құруды ойлайды.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Осман империясы құлайды да, Палестина Ұлыбританияның бақылауына өтеді. Ұлыбритания 1922-1948 жылдары Палестинада өз мандатын жүргізеді. 1917 жылғы 2 қарашада Британ империясының сыртқы істер министрі лорд Артур Жеймс Бальфур құжат дайындап, Палестинада еврейлердің «ұлттық үйін» құруды мақсат етеді. Бүгінде оның қабылдаған құжаты «Бальфур декларациясы» деген атпен тарихта қалған. Сөйтіп Еуропадағы еврейлер Палестинаға көптеп бара бастайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан, Холокостан зәбір көрген еврейлер де сол жаққа қарай бас сауғалайды. Олар Палестинадағы жерлерді біртіндеп сатып ала бастайды.

Ұлыбритания билігінің осы шешімінен соң арабтар мен еврейлердің арасында қақтығыс басталады. Еврейлер бұл жерді ата-бабасының мекені деп таныса, палестиналықтар өз жері екенін айтады. Екі халық өкілдері бірін-бірі алалап, зорлық-зомбылық көрсетеді.

1947 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Палестинаны еврейлердің және арабтардың тәуелсіз елі етіп екіге бөлуді, Иерусалимде халықаралық режим орнатуды ұсынады. Мұны көп ел қолдағанымен, Мысыр, Сирия, Ливан, Ирак, Сауд Арабиясы, Трансиордания, Йемен, Ирак сияқты араб елдері қарсылық танытады.

1948 жылы Ұлыбритания Палестинадағы екі елдің жанжалын шеше алмай, мандат етуден бас тартады. 1948 жылғы 14 мамырда Палестинадағы еврейлер дербес болмақшы болып, Израильдің тәуелсіздігін жариялайды. Бұған Палестина келіспейді. Оны Мысыр, Иордания, Сирия, Ирак, Ливан қолдап, Палестинамен бірге Израильге қарсы соғыс ашады. Осылай, араб-Израиль соғысы басталған. Бұл соғыста 1949 жылы Израиль КСРО-ның қолдауымен жеңіске жетеді. Олар жердің басым бөлігін, Иерусалимнің жартысын басып алады. Қалған бөлігі Иордания мен Мысырдың бақылауына өтеді.

Соғыстан соң Негевада қаңырап қалған үй. 1948 жыл. Фото: БҰҰ

Соғыс кезінде 700 мыңға жуық палестиналық панасыз қалады, көбі елден қуылады. Бұл кезеңді арабтар «Әл-Накба» деп атады. Бұл сөзбе-сөз аударғанда «Апат» деген мағынаны білдіреді. 

Ливанда транспорт күткен палестиналық араб босқындар. 1948 жыл. Фото: БҰҰ

1956 жылы «Суэц дағдарысы» деген араб-Израиль арасындағы екінші соғыс болды. Мысыр Суэц арнасына иелік ету үшін Израильге, Францияға және Ұлыбританияға қарсы соғыс ашады. Нәтижесінде Израиль Голан биіктерін, Синай түбегін және Газа секторын жаулап алады, бірақ КСРО мен АҚШ-тың қысымынан соң, бұл жерден әскерін әкетеді. Қақтығыстан соң бұл жерден жарты миллион палестиналық арабтар көшіп кетеді.

1964 жылы Араб мемлекеттері лигасы шешімімен аймақта тұратын арабтар мен олардың ұрпақтарының мүддесін қорғайтын Палестинаны азат ету ұйымы құрылды. Ұйымды басқа араб елдері де қолдады: 1967 жылғы саммитте олар Израильді мойындамауға, онымен бітімге келмеуге және келіссөз жасамауға келісті. Бір жылдан кейін олар Израильді, аймақ сионистерін жоюды, Палестинаны қалпына келтіруді көздейтін Палестина жарғысына қол қойды.

1967 жылы Араб елдері Израильге қарсы қайта соғыс бастады. Қақтығыс алты күнге созылды. Бірақ Израильдің әскері Синай түбегін, Газа секторын, Иордан өзенінің батыс жағалауын басып алып, мемлекетінің жерін екі есе кеңейтті.

Израиль, Палестина, ХАМАС
1967 жыл. Алты күндік соғыстан кейін Израиль әскер басшылары өзі басып алған Шығыс Иерусалимге келген кезі. Фото: BBC

1973 жылғы 6-25 қазанда еврейлердің Йом-купир деген қасиетті күнінде Мысыр мен Сирия алдыңғы соғыста Израильдің меншігіне өтіп кеткен жерін қайтару үшін қайта соғыс ашты. Бұл соғыс тарихта «Қиямет соғысы» деген атпен қалды. Бұл кезде араб елдері Израильге бірнеше жақтан шабуыл жасайды. Қақтығыс шамамен үш аптаға созылады. Салдарынан Израиль ауыр саяси дағдарысқа ұшырайды. Нәтижесінде Израиль жеңеді, бірақ Мысырға Суэц арнасын қайтарады, ал Голан биіктерінің бір бөлігі Сирияға өтеді.

1973 жылғы соғыс аяқталғаннан кейін Қауіпсіздік Кеңесінің бейбіт келіссөз жүргізуге шақыратын 338-резолюциясы қабылданды. 1974 жылы Бас Ассамблея Палестина халқының өзін-өзі тануға, тәуелсіздігін, егемендігін және босқындарын қайтаруға құқық берді. 1975 жылы Бас Ассамблея Палестина халқының құқығын қорғайтын комитетті құрды және Палестинаны азат ету ұйымына Ассамблеяда және Біріккен Ұлттар Ұйымының конференцияларында бақылаушы мәртебесін берді.

Екі ел арасында бірнеше мәрте соғыс болды. Салдарынан арабтар жақта да, израильдіктер жақта да құрбандар көп болған. Мысалы, 1982 жылғы маусымда Израиль Палестинаны азат ету ұйымын жою үшін Ливанға басып кірді. Соңында тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келді. Палестинаны азат ету ұйымының қарулы бөлімдері Ливанның астанасы Бейруттен шығарылып, көрші елдерге жеткізілді.

1988 жылы Алжирде өткен Палестина ұлттық кеңесінің отырысында Палестина әкімшілігі құрылғаны жарияланды.

1994 жылы Израиль мен Палестинаны азат ету ұйымы бейбіт келісімге қол қойып, Батыс жағалауының бір бөлігі мен Газа секторында Палестина үстемдік етті. Қазір Палестинаны 130-дан астам ел, ал Израильді 160-тан астам ел мойындайды. Қазақстан екеуін де мемлекет деп таниды.

ХАМАС деген кімдер?

Палестинада екі ірі саяси партия бар. Оның бірі — Палестинаны азат ету ұйымы, екіншісі — ХАМАС қозғалысы. ХАМАС сөзі «Харакат әль-Мукавама әль-Исламия» немесе «Исламдық қарсыласу қозғалысы» деген мағынаны білдіреді. Бұл қозғалыс 1987 жылы палестиналықтар израильдіктерге қарсы көтерілгенде құрылды. Оның негізін Шейх Ахмед Ясин қалады. Алғашында бұл ұйым мысырлық «Мұсылман бауырлар» деген қозғалыстың бір бөлігі болып құрылған. Екі ұйым әлі күнге дейін байланысады.

Бір қызығы, ХАМАС пен Палестинаны аза ету ұйымының көзқарасы бір жерден шықпады. Гәп мынада: 1988 жылы Палестинаны азат ету ұйымы Палестинаның ұлттық әкімшілігін заңдастыру үшін террорлық әрекеттен бас тартты. 1993 жылы Израильмен бейбіт келісімге келіп, «Осло-1», кейін «Осло-2» декларациясына қол қойды. Ал бұл ХАМАС өкілдеріне ұнамады. Олар Изриальді тәуелсіз ел деуді, террорлық әрекеттен бас тартуды құп көрмеді.

ХАМАС қозғалысы 2004 жылдан бастап Газа секторындағы саяси мәселеге белсене араласа бастады. 2005 жылы ұйым аймақтың кейбір ірі қаласындағы муниципал сайлауында жеңіске жетті, ал бір жылдан кейін Палестинаның заң шығаратын кеңесіне мүше болатын сайлауда көп дауыс жинады. Сөйтіп билікке келген ХАМАС Палестинаның әскери қуатын белсенді түрде арттырды.

2007 жылы Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауында азаматтық соғысы басталды. Нәтижесінде теңіздің батыс жағалауы Палестина әкімшілігінің бақылауында қалса, Газа секторы ХАМАС қозғалысының қарамағына өтті.

ХАМАС Израильдің тәуелсіздігін мойындамайды. Олар Ұлыбритания мандатында болған барлық жер палестиналықтарға тиесілі болуы керек екенін айтады. Оған қоса олар жерді қайтару үшін зорлық-зомбылыққа, соғыс әрекеттеріне баруға да дайын. 

ХАМАС
ХАМАС-ты қолдаған және Израиль үкіметіне қарсы митиңде бетперде таққан белсенді Израиль туын өртеп жатыр. 1994 жыл. Газа секторы. Фото: Nabil Judah / AP

Израиль, АҚШ, Канада, Жапония, Ұлыбритания және Еуроодақ ХАМАС-ты «террористік ұйым» деп таниды. Ал Жаңа Зеландия, Парагуай және Аустралия бұл қозғалыстың әскери амалын ғана «лаңкестік» деп санаса, Түркия, Ресей, Қытай, Норвегия, Катар және араб елдері ХАМАС-ты «террорист» деп танымайды.

Қазір не болып жатыр?

2023 жылғы қазанда ХАМАС «Әл-Ақса тасқыны» деген операциясын бастап, 50 жылдан кейін (бұдан бұрынғысы 1973 жылы болғанын жоғарыда жаздық — ред.) Израильге қайта шабуыл жасады. Бұл Израиль әскері мен барлау қызметі үшін күтпеген жағдай болды. 7 қазанда ХАМАС мүшелері Израиль аумағын Газа секторынан атқылай бастады. Содырлары Газа секторы мен Израиль арасындағы қорғаныс бекіністерін қиратып, елге басып кірді. Адамдарды тұтқынға алып, жеті аймақты және оңтүстіктегі бірнеше елдімекенді басып алды. Содырлар жип пен дельтапландар мінген.

ХАМАС шабуылынан кейін Израильдегі Сдерот қаласындағы полиция бөлімшесі. 2023 жылғы 8 қазан. Фото: Euronews

ХАМАС мүшелері израильдіктер Әл-Ақса мешітін қорлап жатқанын мәлімдеп отыр. Шабуыл жасауына осы фактор себеп болған. Әл-Ақса — Иерусалимде, Храм тауында орналасқан мешіт. Ол палестиналықтардың, мұсылмандардың ең қасиетті жері саналады. 2023 жылы Израиль полициясы мешітке рейд жүргізе бастады. Бұл тәртіпсіздіктер мен қақтығыстарға әкелді.

ХАМАС қозғалысы шабуылды 7 қазанда бастады. Бұл күні израильдіктер еврейлердің Йом Кипур мерекесін тойлап жатқан. Бұл күні Израильде телеарналарда хабар көрсетпейді, транспорт, дүкендер істемейді. Халық үйінде жайбарақат демалатын күн.

Израиль Газадан оларға 2 200 ракета жібергені хабарланды. Израиль қорғаныс министрлігі соғыс басталғанын мәлімдеді. Олар да әскерін жинап, «Темір күмбез» деген операциясын жариялады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхурдың айтуынша, «Темір күмбез» әскери кампаниясының екі мақсаты бар. Біріншісі – Израиль аумағына кірген ХАМАС содырларының көзін құрту. Екіншісі — тұтқынға түскен израильдіктерді босату.

ХАМАС, Израиль
Газа секторындағы Израильдің әуе шабуылынан қираған Хан-Юнис мешіті. 2023 жылғы 8 қазан. Фото: Euronews

Израильдің «Кан» деген қоғамдық телеарнасы елде қаза тапқандардың саны 1300-ден асқанын хабарлады. Газа билігі 1400-ден астам палестиналық қаза болғанын, 6000-нан астамы жараланғанын айтты. Марқұмдардың арасында 10 палестиналық дәрігер бар.

Батыс елдері ХАМАС-тың Израильге шабуылдағанын айыптады. АҚШ ХАМАСТЫ «террорист» деп атап, Израильді қолдады. Қазақстан Израильдегі азаматтарын елге әкелді. Екі жақ әлі соғысып жатыр.