23 қаңтар Алматыда жер сілкінгенде әлеуметтік желіде көптеген аудио-хабарлама, видео, фото тарады. Дегенмен кейін оның басым бөлігі фейк болып шықты. Төтенше жағдай кезінде адамдар неге жалған ақпарат таратуға әуес? Baribar.kz фактчекер Думан Смақов пен психолог Гүлжан Амангелдиевадан сұрап көрді.

«Төтенше жағдайда ресми органдар ақпаратты кеш берді»

Алматыда жер сілкінгенде Whatsapp, Instagram, TikTok желісінде түрлі жалған ақпарат жарияланды. Қазір Алматы полициясы оны таратқандарды жауапқа тарту үшін іздеп жатыр. Factcheck.kz редакциясының бас редакторы Думан Смақовтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде адамдар эмоцияға басымдық беретіндіктен, көп фейк тарайды. Себебі мұндай жағдайда азаматтар сыни ойлай алмай қалады. Бұл — қалыпты нәрсе.

Думан Смақов
Думан Смақов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Бұл күні «ҚАЗҰУ-дың жатақханасы құлап, ішінде төрт студент қалып қойыпты», «Құрылыс нысандары қирапты», «Жер тағы сілкінеді, бұдан да қатты болады екен» деген сарындағы фейктер тарады. Төтенше жағдайда фактчекерлерге де жүріп-тұру қиын. Десе де қолда бар қарапайым, тиімді әдістер арқылы ақпаратты тексердік. Фотоларды, видеоларды салыстырдық. Мәселен, ҚАЗҰУ университетінің маңында жүрген фактчекеріміз ғимаратты барып көріп қайтты. Нәтижесінде ақпараттың жалған екенін анықтадық», — дейді маман.

Фактчекерлер төтенше жағдайда ақпараттың рас-өтірігін тексеру кейде қиынға соғатынын айтады. Оның бірден-бір себебі — ресми органдардың ақпаратты кеш беретіні.

Ең сорақысы — жер сілкінгенде Қазақстанның атқарушы билігінің төтенше жағдайда коммуникация құра алмағаны. Оларға бұған дейін басымыздан өткен пандемия сабақ болмағанын байқадық. Ресми органдардың ақпаратты кеш бергенінен халық арасында жалған ақпарат тарап, үрей, дүрбелең туады, — дейді Думан Смақов.

Фактчекер шынайы ақпаратты білу үшін ресми ресурстарды бақылап отыруға кеңес береді.

Әлеуметтік желі, телеарналар, сайттар ресми ресурс емес. Бұл — жағдайда жауапты ведомстволардың ресми сайттары, Telegram-арналары. Ал әлеуметтік желіңізге күмәнді, қорқынышты ақпарат келсе, оны әрі қарай таратпау қажет, — дейді фактчекер.

«Жалған ақпараттың тарағаны — төтенше жағдайға дайындалмағанның салдары»

Гүлжан психолог
Гүлжан Амангелдиева. Фото жеке архивінен

Психолог Гүлжан Амангелдиеваның айтуынша, жалған ақпарат тарататын адамдар екі түрге бөлінеді. Біріншісі – әдейі істейтіндер, екіншісі – жалған ақпарат екенін білмей, оны тарататындар. Психолог мағлұматтың фейк екенін біле тұра, оны басқаларға жіберетіндердің ішінде агрессиясы бар дейді.

«Өзінің ішкі проблемалары бар, өміріне көңілі толмайтын адамдар агрессиясын осылай шығаруы мүмкін. Өзінің ішкі жағдайы қирап тұрғандықтан, өзге заттарды да, адамдарды да қиратқысы келуі мүмкін», – дейді маман.

Ал екінші түрге жататындар көбіне эмоцияға беріліп, осындай әрекетке барады.

Кейбір адам төтенше жағдайда шошып, сасқанынан өз эмоциясын түсінбейді. Осы кезде олар сыни ойлай алмай қалады. Шынайы өмірді қабылдап-қабылдай алмай тұрғанда, рас-өтірік ақпарат араласып жатқанда, миы жұмыс істемей қалғанда — бәрі бір-бірінің үстіне қабаттасқанда адамда регрестің белгісі байқалады. Мұндайда олар кішкентай баланың ісін істейді. Жалған ақпарат ішкі транзистор қызметін атқарып кетеді. Бірақ бұл адамдар кейін ол ақпардың жалған екенін білгенде ес жиып жатады, — дейді психолог.

Гүлжан Амангелдиеваның айтуынша, жалпы жалған ақпарат таратқан адамдардың әрекеті — ата-анасының оны кішкентайында осындай төтенше жағдайға дайындамағаны, ақпаратты қалай іздеу керек екенін үйретпегені салдары.

Ата-ана отырып «ақпаратты былай іздеу керек» деп айтпайды, сыни ойлауды үйретпей жатады. Өкінішке қарай, бізде түсінбейтін заттың бәрі «суық тиді», «көз тиді» дегенмен ғана жабылады. Әрбір заттың себебі бар, ғылыми дерек толы. Соны қолданып үйренуіміз қажет, — дейді маман.

Дегенмен психолог жалған ақпаратқа сену қорғаныс механизмінің бір түрі екенін де айтады. Оның айтуынша, адамдар осылай өзін және жақындарын қауіптен қорғауға тырысады. Десе де маман жалған ақпаратты таратпаған дұрыс екенін айтады. Себебі оны оқыған, көрген адам одан әрі қорқып, үрейі үдеп кетуі мүмкін. Бұл таратқан адамның да, оны алған адамның да проблемасын шешпейді.

Оған қоса кеше жер сілкінгенде біз өліммен бетпе-бет келдік. Бірақ бұл тақырып біздің қоғамда айтыла бермейді. Ересектер балаларымен «Өлім деген не?», «Қашан өлеміз?» деген сұрақтарды талқыламайды. «Ойбай, жаман сөз айтпа», «Құдай сақтасын!» деп тақырыптан қашады. Соның салдарынан кешегі жер сілкінісінде барлығы қатты қорықты, психикасы бұзылды. Кейбірінде ұйқысыздық пайда болды, тәбеті қашты, күйзеліске ұшырады, — дейді психолог.

Маман адамның жалған ақпаратқа сенуіне, таратуына ортасы да әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Адам өсе келе ортасын ауыстыруы мүмкін. Әрине, мінсіз қоғам болмайды. Десе де адам білімді, көзі ашық, зиялы, өзін-өзі тануға ұмтылатын ортаға қосылуға тырысуы керек. Айналасындағылар уайымшыл, үнемі дүрбелең тудыратындар болса, ол да сондай болады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз осыған арналған. Сол себепті саналы түрде өзгеруі керек, сыни ойлануы қажет, — дейді Гүлжан Амангелдиева.

Жалған ақпарат таратқан адам қалай жазаланады?

Қазақстанда жалған ақпарат таратқан адам Қылмыстық кодекстің 274-бабы — «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша жауапқа тартылады. Ол бойынша айыпталған азаматқа 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмысы беріледі немесе 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысты істеуге міндеттейді немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектейді немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырады.

***

Тағы оқыңыз:

Жер сілкінісінен кейінгі синдром. Үрейден қалай құтыламыз?