Әлихан Смайылов әкімдіктерді сынға алды

Премьер-министр Әлихан Смайылов әкімдіктерді электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалғаны үшін сынға алды.

Үкімет басшысының айтуынша, бұрын басталған ірі жобаларды іске асыру созылып кетті. Солардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2-нің 3-ші энергия блогын салу жұмыстары. Бір ай мерзімде құрылыс жұмыстарын бастау қажет.

Сонымен қатар батыс энергетика аймағын бірыңғай ұлттық жүйеге қосу мәселесі шешімін таппай отыр. Осыған байланысты «KEGOС» компаниясына биыл «Ақтөбе–Атырау» электр беру желісін салу жұмыстарын бастау тапсырылды.

Бүгінде энергетика министрлігі жаңа газ генерациялау объектілерін салу орындарын айқындады. Олар – Қызылорда, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбе қалалары. Осы жобаларды іске асыру үшін ақпан айының соңына дейін қажет рәсімдерді бастау қажет, — деді премьер-министр.

Сонымен қатар үкімет басшысы әкімдіктердің өңірлік электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалғанын айтты.

Өңірлік электр желілік компаниялары өздерінің инвестициялық бағдарламаларының жасалуы мен орындалуын бақылап отырған жоқ. Бұған желтоқсан айында еліміздің солтүстік өңірлерінде электр қуатының жаппай өшіп қалуы дәлел. Жергілікті атқарушы органдар өңірлік электр желілік компаниялардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етуге тиіс, — деді үкімет басшысы.