Қоғамда секс-ойыншықтар туралы ашық айтыла бермесе де, оны қолданатындар бар. Baribar.kz редакциясының «Интим 16+» айдарының кезекті тақырыбы — секс-ойыншықтар. Бұл ойыншықтардың қызметі қандай? Секс-ойыншықтардың денсаулыққа зияны жоқ па? Сексолог әрі гинеколог Мадина Камаладдинқызы айтып берді.

27 жастағы Әселдің (есімі өзгертілді) тұрмыс құрғанына алты жыл болды. Оның отбасылық, интим өмірі жақсы басталған. Бірақ біраз уақыттан кейін ол жыныстық қатынасқа түскенде кейде қозбай қалатынын, оргазм ала алмай қалатынын байқаған. Мұнысын жасырмай, күйеуіне айтқан. Екеуі сөйлесе келе, секс-ойыншықтарды қолданып көруді жөн көріпті.

Жыныстық қатынаста ешқандай зат қолданбай, бір-біріңе ләззат сыйлаған жақсырақ. Дегенмен интим-өмірде проблема болған соң, секс-ойыншықтарды қолдандық. Пингвин деген дірілдететін әрі үдететін ойыншықты алып көрдім. Тез қозуға, бітіруге көмектеседі. Қазір мұндай ойыншықтар сататын дүкенге жиі барып тұрамыз, — дейді Әсел.

Baribar.kz секс-ойыншықтарды қолданған қаншалық дұрыс әрі оны қалай қолдану керек екені жөнінде сексолог әрі  гинеколог Мадина Камаладдинқызымен тілдестік.

Секс-ойыншық деген не және ол не үшін қажет?

Секс-ойыншық — жыныстық қарым-қатынастан ләззат алуға көмектесетін құрал. Оның түрі көп. Кейбірін тағуға немесе киіп алуға болады, енді бірі адамның денесін, жыныс мүшесін аймалап, оргазм алуға ықпал етеді. Гинеколог әрі сексолог-маман Мадина Камаладдинқызының айтуынша, мұндай ойыншықтарды қолданғанның әбестігі жоқ.

Кейбір адам секс-ойыншықты дене ауытқуы бар адамдар ғана қолданады деп ойлайды. Бұл — жаңсақ пікір. Секс-ойыншықтарды ерлі-зайыпты немесе жұптар жыныстық қарым-қатынастан алатын ләззатты күшейту үшін, оны түрлендіру үшін қолданады. Бұл — қалыпты нәрсе, — дейді сексолог.

Маманның айтуынша, жыныстық қатынас — ерлі-зайыптылардың, жұптардың арасындағы маңызды нәрсе. Жыныстық қатынасқа қанағаттанбаған жұптар кикілжіңге ұшырауы, тіпті ажырасып кетуі мүмкін. Сол себепті сексолог интим өмірінде проблемасы бар жұптарға секс-ойыншықтарды қолданған пайдалы екенін айтады.

сексолог
Мадина Камаладдинқызы. Фото жеке архивінен

Секс-ойыншықтың денсаулыққа зияны бар ма?

Маманның айтуынша, секс-ойыншықтардың адам ағзасына тікелей зияны жоқ. Дегенмен адамдар секс-ойыншықтарды жыныстық қатынас кезінде көмекші құрал ретінде ғана қолдануы керек. Адам оны жалғыз өзі ләззат алу үшін қолданса, ол мастурбацияға айналады. Ал мастурбация адам денсаулығына зиян.

Секс-ойыншықтың көбі әйелдерге арналған. Өйткені, өкінішке қарай, әйелдердің оргазм алуы қиын. Сол себепті олар көбіне осындай ойыншықтарды қолданады. Дегенмен оны жыныстық қатынастан тыс кезде, өзін-өзі қанағаттандыру үшін қолдануды әдетке айналдырмаған дұрыс. Себебі адам кейін оған тәуелді болып қалуы мүмкін. Секс-ойыншыққа ғана тәуелді адам жұбымен қарым-қатынасқа түскенде ләззат алмауы мүмкін. Бұл кейін олардың қарым-қатынасына кері әсер етеді, — дейді маман.

Десе де әйел адам секс-ойыншықтарды жеке өзі денесін тану үшін қолдануына болады.

Кейбір әйел өзіне ләззат сыйлайтын G нүктесін, яғни қозу аймағын білмей жатады. Соны білу үшін терапия ретінде көп дегенде бес күн секс-ойыншықтарды жеке өзі қолданып көріп, өзінің денесін зерттеуіне болады. Өзінің қалауын нақыталаған соң, күйеуіне айта алады, — дейді маман.

Секс-ойыншықтың адам психологиясына ықпалы бар ма?

Мадина Камаладдинқызының айтуынша, қазақ қоғамының менталитетіне, тәрбиесіне байланысты ерлер де, қыз-келіншектер де ұяң келеді. Соның салдарынан жыныстық қарым-қатынастағы проблемасын ашық айта алмай, қиналып жатады.

Әуелі ерлі-зайыпты бір-бірімен ашық сөйлесіп үйренуі керек. Қандай мәселе бар екенін айтып, оны шешуге тырысуы қажет. Табиғи жолмен ләззат ала алмаса, секс-ойыншықтарды сатып алуына болады. Секс-ойыншықтардың арқасында адам тез қозады, ләззат алады. Әйел ойыншық арқылы қозу аймағын анықтап, күйеуіне айтып, өздеріне ыңғайлы қалыпта жыныстық қатынасқа түсе алады. Жыныстық қатынасы түзелген адамның өзіне деген сенімі артады, оргазм алып, көңіл-күйі көтеріледі. Бірін-бірі қанағаттандырған жұптың махаббаты арта түседі. Сол себепті секс-ойыншықтың адам психологиясына белгілі бір деңгейде ықпалы бар деп ойлаймын, — дейді маман.

Секс-ойыншықтарды қалай таңдау керек?

Маман ерлі-зайыпты немесе жұптар секс-ойыншықтарды сататын дүкенге барғаннан ұялмауы керек екенін айтады. Дүкенге барып, ойыншықтарды асықпай қарап, өзіне қажетін, ұнайтынын алуға болады.

Таңдауға қиналса, арнайы сценариі бар ойыншықтар топтамасын алуына болады. Сөйтіп интим процесін түрлендіре алады, — дейді ол.

Секс-ойыншықтар түрлі материалдан жасалады: силикон, пластик, әйнек, металл, латекс және тағы басқа. Сексолог адамның өзіне ыңғайлысын және соның ішінде медициналық силиконнан жасалған түрін қолдануға кеңес береді. Оған қоса арнайы сертификаты, нұсқаулығы бар ойыншықтарды сатып алғаны дұрыс.

секс-ойыншықтар
Фото: Diapozon.kz

Кейбір адамның денесі сезімтал болады. Сөйтіп бір ойыншықтан денесіне аллергия шығып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда оны тастап, басқасын алып көруге болады, — дейді маман.

Қазір бұл ойыншықтардың электрон түрлері де бар.

Вибраторлар, үдеткіштер (стимуляторлар) электрон келеді. Оның еш зияны жоқ, — дейді сексолог.

Секс-ойыншықты қалай қолдану керек?

Сексологтың сөзіне қарағанда, секс-ойыншықтар бір ретік және көп реттік болып бөлінеді. Бір реттікті әдеттегідей бір қолданған соң, тастау керек. Ал көп реттік түрін қолданбас бұрын және қолданып болғаннан кейін жуып тазалау қажет. Оған қоса мұндай ойыншықты қолданар алдында оған лубримакс майлағышты (смазканы) жаққан жөн. Себебі адам мүшесі құрғақ болса әрі сол уақытта ойыншықты қолданса, әйелдің қынабы жырылып немесе қанауы мүмкін.

Сынған, жыртылған, бүлінген ойыншықтарды бірден тастаған дұрыс. Оған қоса оларды таза ұстаған жөн. Лас заттан адамның жыныс мүшесі қабынып кетуі әбден мүмкін. Секс-ойыншықтар да гигиенаны талап етеді. Сол себепті өзгенің ойыншығын қолдануға болмайды және өзіңдікін де басқа береуге болмайды, — дейді маман.

Маман бұл ойыншықтарды нұсқаулық бойынша қолданған жөн екенін айтады.

Кейбір адам анусқа арналған ойыншықтарды, ұсақ ойыншықтарды алып жатады. Кейде асыра сілтеп, ойыншықты мүшеге қатты тығып жіберуі немесе ұсақ ойыншықтарды ішіне кіргізіп жіберуі мүмкін. Бұл қауіпті, сондықтан нұсқаулықта жазылғандай қолданған дұрыс, — дейді Мадина Камалладинқызы.

***

Тағы оқыңыз:

«Оргазм алмау, либидоның төмендеуі»: жыныстық қатынаста жиі кездесетін мәселелер