Кейінгі кезде қоғамда мәһр мәселесі жиі талқыланып жүр. Көпшілік арасында бұған қатысты шын-өтірігі аралас ақпарат та тарады. Мәһр деген не және ол не үшін беріледі? Оның заңды күші бар ма? Baribar.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі маманы Елбек Тасболатұлы және заңгер Нұрсұлтан Нұрлановтан осы мәселеге қатысты өзекті сұрақтарға жауап алды.
Мәһр және дін
Мәһр деген не және ол не үшін беріледі?
Мәһр — некесін қиып жатқан ер адамның қалыңдығына беретін сыйақысы. Бұл ердің әйелді сатып алғанын білдірмейді. Бұл сый — ер азаматтың үйленуге, әйелін асырауға дайын екенінің белгісі. Мәһр ерлі-зайыптылар ажырасса немесе ер азамат қайтыс болса, әйел далада қалып, қаржылай қиналып қалмасы үшін және өзін белгілі бір уақытқа дейін асырай алуы үшін беріледі.
Мәһр ретінде не беріледі?
Мәһр ретінде құны бар дүние-мал берілуі керек. Ханафи мазхабы бойынша, мәһрдің ең аз мөлшері — 10 дирхам. Ол қазіргі ұстаным бойынша, 4,25 грамм алтынның бағасына тең. Ал мәһрдің көп мөлшеріне шектеу жоқ. Бірақ Пайғамбарымыз «Ең жақсысы — мәһрі аз болған әйел» деп айтқан.
Кейбір қыз ерінен мәһр ретінде қажылыққа, саяхатқа апаруын сұрайды. Бұл мәһр болып саналмайды, бірақ оған баруға кететін қаржыны, құнды сұрай алады.
Ер адам мәһрді алып беруге міндетті. Бұл — оның парызы. Дегенмен «бұл әйелдің сұрағанының бәрін алып беруі керек, көнуі керек» деген сөз емес. Сол себепті екі жас бір-бірінің шамасына қарағаны жөн. Тіпті, екеуі алдын ала келісіп, кейін имамның алдында сол затты айтуына болады. Жігіт қыздың сұраған затын алып беруге келіссе, сол мезеттен бастап мойнына міндет болып жүктеледі. Ол жігіттің қарызы, берешегі болып есептеледі.
Мәһрді қанша уақытта беру керек?
Мәһрдің қашан берілуі керек екені де бірден айтылғаны жөн. Ер адам қашан әперетінін нақты айтпаса, оны бірден беруі керек. Сол себепті ер адам өз шамасына қарап бір уақытты айтуға тиіс. Әйелі келіссе, мәһр сыйын уәде берген уақытынан кешіктіріп немесе бөліп беруіне болады.
Ер адам мәһрді қайтарып ала ала ма?
Әйел ер адаммен неке қиып, отбасы құрған соң, оған болашағын табыстайды. Мәһр беру — ер азаматтың парызы. Ол берген сыйын қайтып ала алмайды. Оны қайтарып алуға ешқандай себеп негіз бола алмайды.
Неке қиып жатқанда мәһр сұралмай қалса, не болады?
Кейде неке қиып жатқанда мәһр сұралмай қалады. Мәһр мәселесі айтылмай қиылған неке де дұрыс болып саналады. Дегенмен мұндай жағдайда жігіт әйеліне онымен тең қыздарға қандай мөлшерде мәһр беріліп жатқанын біліп, сол сомада мәһр беруге міндетті.
Қалыңдық мәһр сұраудан бас тарта ала ма?
Шариғат бойынша, қалыңдық күйеу жігіттен ең болмағанда аз мөлшерде мәһр сұрауы керек. Кейін оны кешіруіне болады.
Мәһр қандай жағдайда берілмейді?
Мәһр барлық әйелге беріледі. Бірақ мынадай ескеретін жайт бар:
— Неке кезінде мәһр айтылмаса және ерлі-зайыпты жалғыз қалып, жыныстық қатынасқа түспей жатып ажырасса, жігіт орамал, көйлек сияқты шағын сый сыйлап, мәһр бермейді.
— Ал мәһр айтылмай, бірақ ерлі-зайыпты жыныстық қатынасқа түсіп қойған соң ажырасса, ер адам тиісті мәһрін беруі керек.
— Неке қиып жатқанда қыз мәһрге не қалайтынын айтса, бірақ ерлі-зайыпты жыныстық қатынасқа түспей ажырасса, мәһрдің жартысы беріледі.
Қазақ дәстүріндегі қалың мал мәһр болып санала ма?
Қалың малды «мәһр» деп санайтындар да, санамайтындар да бар. Біздің мүфтият «қалың мал мәһр болып саналмайды» деген ұстанымды дұрысырақ көреді. Кейбірі «қазақ дәстүрінде мәһр болмаған ғой» дейді. Қазақ қалың мал ретінде қызға көп дүние берген: әшекей бұйым, мал және тағы басқа. Меніңше, қазақ мұндай қомақты сый болған соң, мәһрге аса мән бермеген. Ол уақытта қалың малдың бір алтын бұйымы мәһр ретінде берілуі де мүмкін. Сол себепті «қазақта мәһр болмаған» деп кесіп айта алмаймыз.
Ер адам мәһрді бермей жатып қайтыс болса ше?
Ер адам мәһрді бермей жатып қайтыс болса, әйел оның артынан қалған мұрадан өзіне тиесілі мәһрін алады. Ал ер адамның мүлдем мұрасы болмаса, мойнында қарыз болып қалады.
Әйел неке қиған кезде мәһр ретінде сұраған затынан айнып, кейін басқа дүние сұрай ала ма?
Неке қиып жатқанда мәһр міндетті түрде сұралуы керек. Некеден соң әйел оны кешіріп жіберуіне болады. Ал сұраған сыйын басқа, қымбатырақ немесе арзанырақ сыйға екеуара келісіп қана ауыстыра алады.
Мәһр және заң
Мәһрдің заңды күші бар ма?
Қазақстан Республикасы — зайырлы мемлекет. Оның заңнамасында мәһрге қатысты мәселе жоқ, сол себепті оның заңды күші жоқ. Әйел адам заң жүзінде мәһрін талап ете алмайды, оны рәсімдей де алмайды.
Ер адам әйеліне мәһр ретінде көлік немесе үй алып берді делік. Екеуі ажырасса, ол мүлік қалай қарастыралады?
Мәһрдің заңды күші болмаған соң, ерлі-зайыпты некесін заңдастырған соң сатып алған үй мен көлік ортақ мүлік болып саналады. Екеуі ажырасса, «Неке және отбасы» туралы заңның 32-бабының 1-тармағы бойынша, ортақ мүлік теңдей бөлінеді немесе екеуі өзара келісіп, бөлісуіне болады.