«Семей орманы» резерватына жаңа өрт сөндіру көліктері тапсырылды

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының автопаркі жаңа өртке қарсы техникамен жаңартылды. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.

Автокөліктердің кілтін табыстау үшін экология министрі Ерлан Нысанбаев табиғат қорғау мекемесіне арнайы барды.

Биыл маусым айында «Семей орманы» аумағында алапат өрт шығып, салдарынан 14 орманшы қаза болған болатын.

Осыдан кейін азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың бекітілген кешенді жоспары аясында республикалық бюджеттен орман шаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қаржы бөлінді.

Министрліктің мәліметінше, кешенді жоспар аясында 68,6 миллиард теңгеге шығыстар көзделген. Осы сомаға:

  • 1 082 бірлік арнайы көлік сатып алу (өрт сөндіру машиналары, тракторлар, патрульдік машиналар);
  • өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған 948 тіркеме және қосымша жабдық сатып алу (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер, цистерналар);
  • орман өртін ерте анықтау жүйесін орнату жоспарланып жатыр.

2023 жылы орман резерваты тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу арқылы қосымша 10 Камаз-43118 АЦ 5,0-40 өрт сөндіру автокөлігін, 1 МТЗ1221 тракторын, 1 бірлік «Газель» шағын автобусын сатып алды. Сонымен қатар «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры Газ-33086 өрт сөндіру автокөлігінің төрт бірлігін тегін жеткізді. Бұл техника қазірдің өзінде орман мекемесінің орталық үйінде орналасқан, — делінген хабарламада.

Бұған дейін орман резерватына орман өртін жедел анықтау және жою үшін 14 шағын өрт сөндіру кешені, 1 УАЗ-236234 патрульдік көлігі жеткізілді.