Жаңа жыл – дастарқан басына бір отбасыны, әулетті жинайтын ерекше мереке. Дегенмен бұл күні басқалар сияқты демалмай, жұмыста жүретін мамандар бар: өрт сөндірушілер, медбикелер, ұшқыштар, күзетшілер, бишілер және тағы басқа. Baribar.kz биыл мерекені жұмыста өткізетін бірнеше маманмен тілдесті.
Ұшқыш: Ескі жылда ұшып, Жаңа жылда қонған кезіміз болды
Ғалым Елтаев — Air Astana компаниясының Airbus А320 ұшағының екінші ұшқышы. Сегіз жылға жуық тәжірибесі бар маман. Ұшқыштардың жұмыс кестесі әртүрлі болатындықтан, олар үшін Жаңа жылды әуеде қарсы алу — қалыпты нәрсе. Сол себепті ұшқыштар, бортсеріктер басқалар сияқты мерекені үнемі отбасымен бірге үйде өткізе бермейді.
Кейде бұл күнге рейс жоспарланбайды. Сол кезде отбасымыздың жанындамыз. Бірақ, өз басым, Жаңа жыл мерекесін бірнеше рет әуеде қарсы алдым. Ескі жылда ұшып, Жаңа жылда жерге қонған кезіміз болды, — дейді ұшқыш.
Ғалым Елтаев биыл жұмыс графигі бойынша, 31 желтоқсанда резервке түсіп отыр. Демек, оны бұл күні кез келген уақытта жұмысқа шақырып қалуы мүмкін. Ал ол шабаданын дайындап, ұшып кетуге дайын отыруға тиіс.
31-і жұмысқа шақырмаса, 1 қаңтарда барамын. Дегенмен бұған көңілімді түсірмеймін. Қайда болсам да, уақытты жақсы өткізуге тырысамын. Жұмыста болсақ, экипаж командирі мен мүшелері жолаушыларды мерекесімен құттықтап, ерекше атмосфера жасауға тырысамыз, — дейді Ғалым Елтаев.
Медбике: Жаңа жылда да ауырып жататын науқастар бар
Мұндай қызық оқиғаларды басқа саланың мамандарынан да естуге болады. Мысалы, Аружан Құсайынова Алматы облысындағы аурухананың кардиология бөлімінде медбике болып істейді. Ол 31-і күні түнгі ауысымға жұмысқа шығады. Медбикенің айтуынша, мереке болса да, ауруханада емделіп жататын науқастар бар. Оларды ұмытуға болмайды.
Жаңа жылда да ем-дом алуын жалғастырып, ауруханада жататын науқастар бар. Сол себепті ауруханының әр бөлімінде кезекші медицина қызметкерлері болады. Тәулік бойы дәрігерлер мен медбикелер науқастың денсаулығын қадағалайды, санитарлар тазалық сақтайды. Одан бөлек күзетшілер де жүреді. Біз, медбикелер, Жаңа жылда да жұмыста қалып, әдеттегі ісімізді атқаруымыз керек: науқастың қызуын, қан қысымын өлшейміз, дәрісін береміз, екпесін саламыз және тағы басқа. Кей адам күндіз жақсы болғанымен, түнде жағдайы нашарлауы мүмкін. Сол себепті ұйықтамай, тәулік бойы қарап жүреміз, — дейді медбике.
Аружан бір тәулік жұмыс істеп, екі тәулік демалады. Аурухандағы медицина қызметкерлері мұндай графикке үйренген. Жаңа жылдан басқа мерекелер де дәл осы режим бойынша қызмет етеді.
Бір рет Наурыз мейрамына байланысты демалыстың бір күнінде жұмыс істедім. Мерекеде бірге жұмыста болатын әріптестерімізбен дастархан жаямыз. Ол үшін алдын ала кім не әкелетінін ақылдасып аламыз. Бірі бауырсақ пісіріп әкелсе, енді бірі салат жасап келеді. Кейде дайын тағамдарға тапсырыс беріп жатамыз. Науқастар ауруханамызда 10 күндеп жатады, сондықтан олармен де жақын араласып кетеміз. Оларды да мерекесімен құттықтаймыз. Биыл да сөйтеміз деп ойлаймын, — дейді Аружан Құсайынова.
Күзетші: Үш жылдан бері Жаңа жылды жұмыста қарсы аламын
Әбдуразақ Битанов 12 жылдан бері аға күзетші болып істейді. Қазір бір компанияның қауіпсіздігіне жауап береді. Биыл Жаңа жылды жұмысында қарсы алайын деп тұр. Өзінің айтуына қарағанда, қызмет ететін мекемесі темірдей тәртіп сақтайды, мереке болса да, жеңілдік жасамайды. Мұның бәрі — қауіпсіздік үшін.
«Ел тыныштығын сақтау жолында қызмет ететіндіктен жұмысым өзіме ұнайды. Үш жылдан бері Жаңа жылды жұмыста қарсы аламын. Жаңа жыл отбасылық мереке болғандықтан, үйде бала-шағаңмен бірге қарсы алғанға ештеңе жетпейді ғой. Мереке күні жұмыста болғанымыз үшін әр қызметкерге қосымша ақы төленеді. Осы ретте мекеме басшыларына, ұжымға алғысым шексіз. Жаңа жыл баршамызға құтты болсын! Әрбір игі істер мен жаңа бастамалар сәтті болсын! 2024 жылда әр отбасыға жағымды жаңалықтар мен толағай табыстар тілеймін! Отбасыңызда баянды бақыт пен бақ-береке орнасын», — дейді Әбдуразақ Битанов.
Хорегораф: Жаңа жыл кешінде Алматы тұрғындарының көңілін көтереміз
Жаңа жыл қарсаңында түрлі корпоратив ұйымдастырылады. Оған қоса Жаңа жылды үйінде емес, достарымен бірге мейрамханада көңілді кеш өткізгенді ұнататындар бар. Ал олардың кеші қызық өтуі үшін асаба, әнші-бишілер өнер көрсетеді. Мәселен, алматылық хореограф Баян Құсайдың «Баян Сұлу» шоу-балет ансамблі Жаңа жылда да Алматыдағы мейрамхананың бірінде би билеп, қонақтардың мерекесін қыздыра түседі.
«31-і күні жұмысқа шығып-шықпау өз еркімізде. Қатып қалған кестеміз жоқ. Өзім — тобымыздың бастығымын. Отбасым Жаңа жыл мерекесін керемет тойлап кетпейді. Сондықтан «Бұл мерекені тойлайтындардың көңілін неге көтермеске?» деп ойладым. Ансамблімдегі бірнеше қыз да қарсы болмады. Сол себепті бұл күні де жұмыс істейміз», — дейді Баян Құсай.
Хореографтың айтуынша, әдетте қонақтар жаңажылдық кеште олардан көңілді би мен ойындар сұрайды екен.
Биыл шығыс биін, Санта клаус биін билейміз және қонақтарды билетіп отырып, ойнатамыз. Жұмысымыз өзгелердің де, өзіміздің де жүзімізге күлкі сыйлайды, жылы естелік қалдырады. Сол себепті өзімізге ұнайды. Бір мейрамханадағы кешті ұйымдастыру үшін тек бишілер емес, әншілер, мейрамхана қызметкерлері, аспаздар, даяшылар күні бойы аяғына тік тұрып қызмет етеді. Бұл да — үлкен еңбек, — дейді хореограф.
Өрт сөндіруші: Жаңа жылда тек қуаныш емес, оқыс жағдай да болуы мүмкін
Алматы облысындағы Төтенше жағдайлар қызметінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Ерсін Еділханұлы үшін де мерекеде жұмыс істеу таңсық дүние емес. Ерсін Еділханұлы 16 жылдан бері төтенше жағдайлар департаментінде қызмет етеді.
Ол жаңажылдық мерекеде тек қуаныш емес, қайғылы жағдайлар да болуы мүмкін екенін жақсы түсінеді. Сол себепті өзінің де, әріптестерінің де бұл күні жұмыста болғанын дұрыс дейді. Өзі де бұған дейін жаңа жылды бірнеше мәрте жұмыста қарсы алған.
«Жаңа жылда түрлі оқыс жағдай болуы мүмкін. Азаматтар Жаңа жылда пиротехника бұйымдарын қолданады. Өрт қауіпсіздігін сақтамай, шырша немесе басқа заттар өртеніп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда көмек беруге дайын болуымыз керек. Мысалы, 2008 жылы Қапшағай қаласындағы (қазіргі Қонаев) №7 Өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып қызмет атқардым. 31 желтоқсанда орталық алаңда жауынгерлік кезекшілікте тұрғанымызда атылған пиротехника бұйымдардың от шоғынан безендірілген шыршаның өртенгенін көріп, дереу өртті сөндіргеніміз есімде. Сол себепті біз кезек күттірмейтін апаттық-құтқару жұмысына күн мен түн демей және мерекеге қарамай жұмысқа шығуға дайынбыз», — дейді маман.
Десе де ол жұмыста жүрсе де мереке тойлауды ұмытпайды.
Жаңа жылды жұмыста қарсы алғанымызда әріптестерімізбен елдің тыныштығы мен төтенше жағдайлардың болмағанын тілеп отырамыз. Өзіміз де мерекені тойлау үшін әрқайсымыз үйімізден жаңажылдық тағамдар әкеліп, бір отбасыдай дастархан жайып қарсы аламыз. Осы сәттердің өзі біз үшін қызық, — дейді Ерсін Еділханұлы.
***
Тағы оқыңыз: