Қуандық Бишімбаевтың ісі: сараптама жұмыстары қашан аяқталады?

Әділет министрі Азамат Есқараев атышулы Қуандық Бишімбаевтың ісі жөнінде тілшілер сұрағына жауап берді.

Үкімет үйінде өткен брифиңде тілшілер министрден Қ. Бишімбаев ісі бойынша сараптама жұмыстары қашан аяқталатынын сұрады.

Бұл іс бойынша 12 сараптама тағайындалды. Бізге ішкі істер министрлігінен тиісті тапсырмалар келді. Біз қазірдің өзінде құқық қорғау органдарына 11 сараптама қорытындысын жібердік. Жақында тағы 12-ші сараптама келіп түсті және біздің сот сараптамасы орталығы тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Мен бірден айтамын, заңнамаға сәйкес сараптама 30 күнге дейін жүргізілуі мүмкін. Бұл жұмысты аяқтаған соң белгіленген тәртіппен ішкі істер министрлігіне жібереміз, — деді Азамат Есқараев.

Сонымен бірге министрге Қуандық Бишімбаев өмір бойына қамалуы мүмкін бе деген сұрақ қойылды.

Мен заңгер ретінде қолданыстағы заңнаманы құрметтеймін, сондықтан ешқандай пікір немесе баға бере алмаймын. Бұл мәселе бойынша тиісті құқық қорғау органдары бар, соларға жүгінуге кеңес беремін. Басқа ештеңе айта алмаймын, — деді әділет министрі.

Еске салайық, 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтіргені туралы хабар тарады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.