Жаңа жыл келе жатыр. Бәріміз алдағы жыл отшашу іспеттес жарқын, түрлі-түсті болғанын әрі қуанышқа толғанын қалаймыз. Baribar.kz редакциясы да ерекше атмосфераға толы мерекеге құтты болсын айтып, суық күнде жылытатын глинтвейн сусыны рецебін ұсынады.

Алкоголь бар глинтвейннің рецебі: «Сиқырлы сусын»

  • 1 бөтелке қызыл шарап (қыстың суығын ұмыту үшін);
  • 1 апельсин, 1 алма (дәрумен күлкі үшін);
  • 1 лимон (өмірдің ащысын да, тұщысын да көру керек);
  • жұлдызша дәмдеуіштің (гвоздика) 8-10 данасы (жұлдызыңыз биік болуы үшін);
  • даршынның (корица) 2-3 таяқшасы (өміріңіз қызыққа толуы үшін);
  • қалауыңызға қарай қант (өміріңіз тәтті болуы үшін);
  • су, бренди мен ром (кешіңіз қыза түсуі үшін).

Дайындау әдісі:

  1. Көңілді әуен қосамыз, 32 тісімізді көрсетіп күліп жүріп, сусын әзірлеуді бастаймыз!
  2. Үлкен кәстрөлге су, шарап құямыз. Оған қоңыр қант саламыз. Көңілді әннің ырғағына билеп тұрып, араластырамыз.
  3. Апельсин мен лимонды әдемі етіп тураймыз. Сосын оларды, жұлдызшаларды және даршынды дайындап жатқан сусынға қосамыз. Тоқтамай билей береміз!
  4. Кейін біртіндеп бренди мен ром қосыңыз.
  5. Дайын болайын-болайын деген глинтвейнді баяу отта 15-20 минут қайнатамыз.
  6. Сусыныңыз дайын! Глинтвейн бой жылытып, жылы естеліктер сыйласын.

Алкоголь жоқ глинтвейннің рецебі: «Тәтті сусын»

  • 4 кесе алма шырыны (жерқоймада сақталмаса, дүкендегі алма жарай береді);
  • 1 кесе су (алкоголь қоспағандықтан, суды аямаңыз);
  • 1 апельсин (апельсиннің қабығын аршып жүрмеңіз);
  • 1 лимон (түрлі эмоция сезіну үшін);
  • жұлдызшаның 8-10 данасы (дәмді әрі әдемі болуы үшін);
  • даршынның 2-3 таяқшасы (қонақтарыңызды таңғалдыру үшін);
  • қалауыңызға қарай қант (Тәттібек болсаңыз, көбірек қоса беріңіз);
  • 1 ваниль таяқшасы (атмосфера ерекше болуы үшін).

Дайындау әдісі:

  1. Фламинго сияқты бір аяқпен тұрамыз да, «Jingle Bells» әнін айтып, лимонды, апельсинді тураймыз.
  2. Кәстрөлге суды, алма шырынын құямыз. Оған лимонды, апельсинді, даршын таяқшаларын, жұлдызшаларды, ваниль таяғын, қантты саламыз.
  3. Әбден араластырамыз, содан кейін ыдысты орташа жанып тұрған отқа қоямыз.
  4. Бір бұрқ еткен соң, 15-20 минут өте баяу отта қайнатамыз.
  5. Бұрқылдап-бұрқылдап өзі-ақ дайын болады. Иісі мұрын жара бастағанда, отты өшіресіз де, ыстықтай ішіп аласыз.

Глинтвейн жылытып қана қоймай, көңіліңізді де көтереді. Ас болсын! Мерекеңіз жақсы өтсін!