Үкіметте премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалық етуімен агроөнеркәсіп кешеніндегі (АӨК) қаржы институттары (Қазақстанның даму банкі, аграрлық несие корпорациясы, «Бәйтерек» ҰБХ) мен Halyk Bank басшыларының кеңесі өтті.
Бұл туралы Рrimeminister.kz сайты хабарлады.
Тараптар жеңілдікпен қаржыландыру үшін аграрлық жобалардың басым бағыттарын, сонымен қатар несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі жөнінде уағдаласты.
Жалпы шешім – шаруалар үшін сыйақының 6% аспайтын шеткі мөлшерлемесі және ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік саясатының талаптарына жауап беретін жобаларды үздіксіз қаржыландыру.
Halyk Bank АӨК саласындағы жобаларды шаруаларға мемлекеттік субсидиялар бөлу кезінде Үкімет және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп қаржыландыруға дайын.
Кеңесте Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова банктің мемлекеттік қолдау нысанын бірінші кезекте терең өңдеуге ауыстыру туралы шешімді қолдайтынын, сонымен қатар үкіметтің АӨК саласындағы бастамаларын белсенді түрде қолдауға дайын екенін айтты.
Қазақстанның даму банкі мен аграрлық несие корпорациясының басшылары ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына жауап беретін жобалар үшін екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп қаржыландыруды, синдикаттауды қарауға дайын екендерін растады.
Ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыттары негізінен қазақстандықтардың азық-түлік себетімен айқындалған. Бұл тұтыну шығындарының жартысын құрайтын тауарлардың алты негізгі тобы: ет (17%), нан және жарма (8%), сүт өнімдері (5%), көкөністер (4%), жемістер (4%), қант және кондитерлік өнімдер (3,6%). Сондықтан біздің міндетіміз – бұл өнімдерді елде өндіруді қамтамасыз ету және тұтынушы үшін олардың құнын төмендету. Осы мақсатта мемлекет бірінші кезекте туарлы сүт фермаларын, көкөніс қоймаларын салу, мал шаруашылығын дамыту, суару, дәнді дақылдарды, етті, жемістер мен көкөністерді өңдеу жөніндегі жобаларды жеңілдікпен қаржыландырады, — деді Серік Жұманғарин.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша АӨК-тің қайта өңдеу саласындағы жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын әлеуеті бар 500 жобаның пулы қалыптастырылды. Жеңілдетілген қаржыландыруға үміткер әр жоба көптеген критерий бойынша тексеріледі, соның ішінде қарыз алушы кәсіпорын моделінің бизнес тұрақтылығы және оның іскерлік беделі қаралады.
Пул құрамы әлі де өзгеруі мүмкін, алдағы үш жылда негізгі мақсаттарға қол жеткізу үшін – АӨК-тің жалпы өнімінің көлемін 2,6 трлн теңгеге және АӨК-те қайта өңделген өнім көлемін 30%-тен 70% дейін ұлғайту үшін перспективалы жаңа жобалармен толықтырылады.