Республикалық жолдардың 92%-і нормативті жағдайға жетеді

Биыл Қазақстан бойынша барлығы 10 700 шақырым жолға құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев үкімет отырысында айтты.

Биыл Қазақстан бойынша барлығы 10 700 шақырым жол құрылыс-монтаж жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 6 500 шақырым республикалық және 4 500 шақырым – жергілікті маңыздағы жолдар. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде нормативтік жағдайдағы республикалық желіде 92%-ке, жергілікті желіде 87%-ке дейін жететін болады, — деді Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда республикалық жолдардың 3 600 шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 856 шақырымы толық аяқталды. 2 900 шақырым жол күрделі және орташа жөндеумен қамтылып, 1 100 шақырымы пайдалануға берілді.

Сонымен бірге биыл 16 ірі жоба іске асырылып жатыр. Оның үшеуінде жұмыстар толығымен аяқталды, олар – Үлкен Алматы айналма жолы, Қандағаш-Мақат және Үшарал-Достық жолдары. Биыл халықтың шағымын ескере оытрып, барлық күш төрт-бес жыл бұрын басталып, құрылысы ұзаққа созылған алты негізгі жобаны жүзеге асыруға бағытталған. Бұл Талдықорған-Өскемен, Қарағанды-Алматы, Мерке-Бурылбайтал, Ақтөбе-Қандыағаш, Атырау-Астрахань. Ерекше назар Батыс Қазақстан облысындағы күрделі жөндеу жұмыстарына аударылып отыр, — деді көлік министрі.