Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Есірткімен күрес жалпыұлттық сипат алуы тиіс

Фото: ҰҚК

Есірткімен күрес – кез келген мемлекетте басты орында тұрған мәселе. Ұрпағының ертеңіне алаңдаған ұлт есірткіге қарсы іс-шараларды ешқашан екінші қатарға ысырып қойған емес. Себебі, есірткі есті алады, есіңнен айырады, ертеңгі күнге деген сенімді жоғалтады. Есірткіге тәуелді болған жастың келешегі жоқ. Сондықтан, біздің елімізде де нашақорлыққа қарсы күреске барша жұртты жұмылдырып, есірткінің таралуына тегеурінді тосқауыл қойылып келеді.

Бұған дейінгі жолдауында «есірткі өндірісі мен таралуына қарсы күрес жалпыұлттық сипат алуы тиіс» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда нашақорлық мәселесіне тағы да тоқталды: – Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Ол ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады.

Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр, – деп атап өткен Мемлекет басшысы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін алға тартты. Полиция өз жұмысын белсенді жүргізуі керек – Тыйым салумен ғана мәселені шешу мүмкін емес. Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін. Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан былтырғы жолдауымда кешенді жоспар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет таяу күндері осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдайды. Бұл – өте маңызды құжат. Осы құжаттың аясында жан-жақты жұмыс атқарылады, – деген болатын Президент құрылтайда. Еуропа мен Азияның ортасында жатқан Қазақстанды ұйымдасқан қылмыстық топтар есірткі тасымалы үшін транзиттік дәліз ретінде пайдаланады. Ауғанстанда өндірілетін героин Орталық Азия елдері арқылы Қазақстанға өтеді, одан әрі Ресей, Еуропа елдеріне таралады. Елімізде есірткі транзиті Түркістан облысының аумағы арқылы басталатыны да жасырын емес. Сондықтан есірткіні шекарада анықтау, тосқауыл қою жұмыстарының қаншалықты маңызды екендігі айтпаса да түсінікті.

Қалтадағы гашиш Жуырда Түркістан облысы Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу барысында «Б.Қонысбаев» бекетінде есірткі заттарын заңсыз тасымалдады деген күдікпен шетел азаматын ұстады. Өзбекстанға бет алған Volvo жүк көлігінің жүргізушісі, яғни шетелдіктің құжаттарын тексеру кезінде көлікте тұрған киімінің қалтасынан есірткі затына ұқсас зат табылды. Тәртіп сақшылары айғақтық затты сараптамаға жіберіп, нәтижесінде оның гашиш екені анықталды. Күдікті Өзбекстан азаматы қосымша тергеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 286-бабының 1-бөлігіне сәйкес (айналымнан шығарылған заттарды немесе айналымы шектелген заттарды заңсыз алып өту) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшыларының айтуынша, есірткі қылмыстарын анықтауда қызметтік иттердің көмегі көп тиеді. Өткен аптада «Жібек жолы» шекара бақылау бекетінде есірткі тасымалдаушы «Карпина» атты қызметтік ит арқылы ұсталды. Қызметтік ит Өзбекстаннан Қазақстанға өтіп бара жатқан шетелдік ер адамға белгі берген. Полицейлер алған ақпарат бойынша күдік тудырған Өзбекстан елінің азаматын тінту кезінде шалбарының оң жақ қалтасынан есірткі затына ұқсас зат тапты. Тәртіп сақшылары ұсталған шетелдікті аудандық полиция бөліміне жеткізді. Сараптама қорытындысы бойынша алынған өсімдік тектес зат «марихуана» болып шықты. Іздестіру нәтижесіз емес Түркістан облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, дәл осындай жағдай жуырда тағы да сол Сарыағаш ауданында болған. Тәртіп сақшыларына шекара бақылау бекеті қызметкерлерінен есірткі алып өтпекші болған Өзбекстан азаматы туралы хабарлама келіп түскен. – Нақтырақ айтсақ, Өзбекстаннан Қазақстанға өтпекші болған ер адамды тексеру барысында «Наоми» атты қызметтік иттің көмегімен күдікті ер адам ұсталды.

Полицейлер күдік тудырған адамға тінту жүргізу барысында шетелдіктің киімінің қалтасынан насыбай шақшасына жасырып қойған есірткіге ұқсас затты тапты. Сараптама қорытындысы бойынша табылған заттың «гашиш» екені расталды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, – делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәліметте. Бұдан бөлек жуырда полицейлер жергілікті тұрғыннан 15 келіден астам марихуана тәркіледі. Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері сарыағаштық полицейлермен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Нәтижесінде есірткі құралдарын сақтап, өткізді деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады: – Күдіктінің үйінің ауласы мен сарайын тінту кезінде 2 түп есірткіге ұқсас өсімдік пен 20 литрлік ыдысқа салынған құрамында есірткісі бар заттарды тәркіледік. Сондай-ақ, 50-ден астам сіріңке қорабы мен 2 пластикалық контейнерге салынған «марихуанаға» ұқсас зат таптық. Тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жібердік. Қорытындыға сәйкес ол жалпы салмағы 15 келіден асатын «марихуана» болып шықты – дейді Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Көкнәр егуші қолға түсті Соңғы кездері құзырлы органдар есірткіні қолда өсірушілермен күресті де күшейтті. Жақында сот үкімімен өсіруге тыйым салынған есірткі затын үй ауласына егіп, баптауға қатысты қылмыс жасаған азаматқа бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Түркістан облыстық сотының хабарлауынша, қылмыстық құқық бұзушы Жетісай ауданы Атақоныс ауылындағы өзінің тұрғын үйінде сақтап жүрген көкнәр өсімдіктерінің тұқымдарын жеке басына пайдалану мақсатында үйінің ауласындағы бірнеше шаршы метр жердегі жүйекке егіп, өсірген. Биыл маусым айында Жетісай аудандық полиция бөлімі қызметкерлері сотталушының тұрғын үйіне келіп, тінту жүргізген. Тінту барысында күдіктінің үйінің ауласынан бірнеше шаршы метр жерден 10 600 түп көкнәр өсімдігі табылып, айғақты зат ретінде алынған. Қылмыстық іс сотта қаралып, істі қарау кезінде сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындап, көкнәр өсімдіктерін жеке басына пайдалану мақсатында өсіргенін, бүгінде жасаған әрекеттеріне шын өкінетінін айтып, жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Сот сотталушыға жаза тағайындау кезiнде оның жасаған қылмысының сипатын, қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар жиынтығын, жеке басының деректерін, алдын шартты түрде сотталып, пробациялық бақылауда жүріп одан тиісті нәтиже шығармай, қайта ауыр қылмыс жасағанын, жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін және сипатын ескеріп, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін сотталушы жазасын қылмыстықатқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады. Есірткіге тәуелділіктің емі бар Құзырлы органдар есірткі қылмысының алдын алу үшін күрессе, бұл қылмыстың салдарымен, дәлірегі нашақорлық дертіне шалдыққандарды айықтырумен дәрігерлер айналысады.

Осы орайда мәлімет ретінде айта кетейік, Түркістан облысында психикалық белсенді заттарға тәуелді науқастар үшін медициналық ұйымдарда 20 психикалық денсаулық кабинеті жұмыс істейді. Облыс бойынша 37 дәрігер-психиатр қызмет көрсетеді. Нарколог дәрігерлердің айтуынша, соңғы жылдары мәжбүрлеп емдеуге жіберілгендерге қарағанда, мекемеге ерікті түрде келушілердің қатары көбейген. Бүгінде есірткіге тәуелділіктен емделушілерге арналған Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Облыстық психикалық денсаулық орталығы жұмыс істейді. Шымкент қаласы аумағында орналасқан негізгі мекеме ғимаратында стационарлық емге арналған 130 төсек-орын бар. Оның ішінде 70-і ерікті емге арналса, 60-ы сот шешімімен мәжбүрлеп емделушілерге арналған.

Бекбол ҚАЛДЫБЕК
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ