Биыл елде 13 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды

Қазіргі таңда Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлерді дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. 

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыстар тұрғын үй кешені желілерін жаңарту, республиканың көлік-логистикалық әлеуетін нығайту және жаңа өндірістік кәсіпорындарды іске қосуға қатысты.

Бұл бағыттардың барлығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында белгіленген.

2029 жылға қарай 1 миллионнан астам отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, 2023 жылғы 10 айда 13 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. 2023 жылы өңірлерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын салуға 5,4 миллиард теңге бөлінді.»Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы бекітілді, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Атап айтқанда, Қазақстанның транзиттік әлеуетін едәуір арттыратын бірқатар ірі теміржол жобасын іске асыру басталды.

Барлығы үш жыл ішінде 1 300 шақырымнан астам теміржол салынады. Оған қоса 2030 жылға дейін 11 мың шақырым т/ж жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланып отыр. Кейінгі кездері жүк тасымалының көлемі екі есе артқан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға бірқатар еуропалық көлік-логистикалық компанияны тарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Қорларды ұлғайту және өңірлерді газдандыру жұмысын одан әрі жалғастыру үшін жаңа газ өңдеу қуаттарының құрылысы жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.