Астанада есірткінің ірі партиясы тәркіленді

Елорданың полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қала аумағында есірткі құралдарын жеткізуге және өткізуге қатысы бар екі адамды анықтады.

Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Полиция мәліметінше, ұсталғандардың бірі – 30 жастағы ер адам. Жеке тінту кезінде одан 10 келі гашиш есірткі заты салынған спорттық сөмке табылып, тәркіленді.

Жедел іс-шараларды өткізу барысында полиция қызметкерлері оның сыбайласының ізіне түсті. Тілендиев көшесінде BMW автокөлігі тоқтатылды. 29 жастағы ер адамнан 205,90 грамм гашиш есірткі заты салынған орам тәркіленді. Осы факті бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 297-бабымен («Есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу») сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер қамауға алынды, — делінген хабарламада.

Жалпы Астанада биылғы жыл басынан есірткі қылмысына қатысты 218 іс ашылды, заңсыз айналымнан 265 келі түрлі есірткі тәркіленді.