Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қағаз анықтаманы талап еткені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынды.
Министрдің айтуынша, бұрын жыл сайын 50 миллион анықтама шығарылатын. Бүгінде оның бәрі цифрлық форматқа көшірілген.
Бірақ анықтаманы негізсіз талап ететіндер әлі де бар. Көбіне оны мектеп пен жұмыс берушілер сұрайды. Келесі жылы бұл проблеманы толық шешеміз деп отырмыз. Анықтаманы заңсыз талап еткені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді сұраймыз, — деді Бағдат Мусин үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министр мемлекеттік қызметтердің проактивті форматта қалай ұсынылатынын да түсіндірді.
Мысалы, дүниеге сәби келді дейік. Туу туралы куәлік пен жәрдемақы алу үшін оның анасы бұрын не істейтін? Сол баланы қолына алып, ЦОН-ға баруға мәжбүр болатын. Одан соң жәрдемақы алу үшін бірнеше өтініш жазып, екі аптадай түрлі мекеменің табалдырығын тоздыратын. Ал қазір еш жаққа барудың, өтініш жазудың қажеті жоқ. Мемлекет SMS арқылы анасын құттықтап, балаға ат қоюды сұрайды. Сөйтіп, ЖСН де, туу туралы куәлігі де, жәрдемақылар да дайын болады,- деді Бағдат Мусин.
Бүгінде жыл сайын 400 мыңға жуық бала дүниеге келсе, олардың 68%-іне қызметтер проактивті-онлайн форматта ұсынылады.