Алматыда жарылғыш зат туралы жалған ақпарат таратқан екі студент ұсталды

Алматыда колледж студентері полицияға жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген. Бұл туралы полиция департаменті хабарлады.

Полиция мәліметінше, Алматыдағы колледждердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама 13 қараша күні сағат 10.35-те келіп түскен.

Қаланың төтенше жағдайлар және жедел қызметтері дереу ғимарат пен оның маңайына комиссиялық тексеру жүргізді, нәтижесінде жарылғыш құрылғылар, оқ-дәрілер немесе басқа да қауіпті заттар табылған жоқ.

Жалған ақпарат берді деген күдікпен 1-ші курста оқитын 16 жастағы Ж. есімді және 15 жастағы Т. есімді студенттер ұсталды. Олардың әрекеті ҚР қылмыстық кодекстің 273-бабымен (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сараланды. Айғақты заттар тәркіленді, олар бойынша сараптама тағайындалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеуді Бостандық аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімі жүргізіп жатыр, — делінген хабарламада.