Алматыда шетелдік туристер саны 73%-ке өсті

Алматыда биылғы бірінші жартыжылдықта шетелдік туристер саны 73%-ке өсіп, 261 мың адамнан асты. 

Бұл туралы Алматының туризм басқармасы хабарлады.

Алматыға шетелден ғана емес, еліміздің өзге өңірінен де келетіндер көп. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ішкі туристер саны 710 мың адамға жетіп, 14%-ке ұлғайды. Туристердің жалпы саны 972 157 адам, бұл 25,5%-ке өсті. Жыл соңына дейін Алматыға келетін шетелдік туристер саны жарты миллион адамға дейін жетеді деп болжанып отыр, — делінген хабарламада.

Жайлы демалысқа жағдай жасау үшін танымал маршруттарда кемпиң аймақтар құрылады.

Биыл үш кемпиң аймақ (Ақбұлақ, ҮАК және Мыңжылқы) жасау жұмыстары аяқталды. Шатырлы орындар, төбесі жабық беседкалар, үстел-орындық, ұлттық стилде «Алтыбақан» әткеншектері орнатылды. Сонымен қатар Кіші, Үлкен Алматы, Проходное, Бутаковка шатқалдарын абаттандыру жұмыстары аяқталып, Қарғалы шатқалында жұмыс қолға алынған. Маршрут бойында навигациялық көрсеткіштер, ақпараттық стендтер, қалқандар, тіректер, түрлі-түсті нұсқаушы белгілер, орындықтар, демалуға арналған платформалар, көпірлер мен қоршаулар орнатылған, — делінген хабарламада.