Қазақстандық спортшы тұңғыш рет дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының чемпионы атанды

Павлодарлық Сәрсен Жетібаев грэпплингтен дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен дүниежүзілік жекпе-жек ойындарына 80 елден 3000-нан астам спортшы қатысты. Ал Қазақстанның намысын 53 спортшы қорғады. Олар спорттың тоғыз түрінен сынға түсті.

Павлодарлық Сәрсен Жетібаев грэпплингтен жарысқа қатысып, 71 келі салмақ дәрежесінде үздік атанды. Ширек финалда жерлесіміз венгриялық спортшыны жеңді, жартылай финалда украиналықтан басым түсті. Ал финалда өзбек спортшысын қапы қалдырды. Сәрсен Жетібаев – дүниежүзілік жекпе-жек ойындарында чемпион атанған тұңғыш қазақстандық спортшы.

Павлодар әкімдігі Сәрсен Жетібаевқа 500 мың теңгеге ақшалай сертификат табыстады. Ал чемпионды дайындаған жаттықтырушы – Зайырбек Әбілқадыровқа 300 мың теңгенің сертификаты берілді.