Костенко атындағы шахта қашан ашылады

Қарағанды облысының әкімі қайғылы оқиға салдарынан 46 кенші қаза тауып, жабылып қалған Костенко атындағы шахтаның қашан ашылатынын айтты.

Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев брифинг барысында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты сегіз шахтаның қазір төртеуі жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Барлық сегіз шахта жұмыс істейтін болады. Бүгінгі таңда төрт шахта жұмыс істеп тұр, қалғандарында әртүрлі себепке байланысты дайындық жүргізіліп жатыр, — деді ол.

Костенко атындағы шахта қайғылы оқиғаға байланысты қолға алынған тергеу шаралары аяқталғаннан кейін ашылады. Мамандардың айтуынша, шахтаның жұмысын қалпына келтіру үшін тағы 2-2,5 ай қажет.

Еске салайық, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Костенко атындағы шахтасында 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Шахтадан 46 кеншінің мәйіті табылды.