Апта сайын 1 300-ден астам адам қызылша індетін жұқтырып жатыр

Қазақстанда апта сайын 1 300-ден астам адам қызылша ауруын жұқтырып жатыр. Бұл туралы “Хабар 24” арнасы хабарлады.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басқарма төрағасы Манар Смағұлдың айтуынша, аурудың нақты емі жоқ. Сондықтан балаларды қорғаудың жалғыз жолы – екпе салу.

Кейінгі күндері 8 мыңнан астам кішкентай пациент инфекцияға қарсы екпе алды. Қазақстанның емханаларында вакцинация мәртебесі жоқ балаларды, сонымен қатар байланыста болған ересектерді вакцинациялайды.

Қазіргі күні елде қызылшаны 13 мыңнан астам адам жұқтырған. Оның 11 мыңы – балалар.

Иммунитет қалыптасуы үшін уақыт қажет. Екпеден кейін адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу керек, өйткені иммунитет қалыптастыру үшін екі аптадан астам уақыт қажет. Қызылшаның салдарынан асқынулар өте көп болып жатыр. Статистика бойынша, қызылшамен ауырған 1 000 баланың біреуі қызылша энцефалитіне шалдығады, — дейді Манар Смағұл.