Елімізде ерлер мен әйелдердің басым бөлігі қай салада жұмыс істейді?

Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамтуға арналған кезекті жинақты шығарды.

Бұл туралы ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі хабарлады.

Бюро мәліметінше, жинақта салалар, жыныс және жас құрылымы бойынша жұмыспен қамту деңгейі жөніндегі көрсеткіштерді, сонымен қатар 2009 жылғы санақпен салыстырғандағы динамикалық өзгерістерді көруге болады. Жинақтың екі томы stat.gov.kz сайтының «Ұлттық санақтар» – «Санақ 2021» бөлімінде орналастырылған.

Жұмыспен қамтылған халық саны 39%-ке өсті

2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халық саны 9 188 мың адам болған, 2009 жылғы санақпен салыстырғандағы өсім – 39,2%.

Жұмыспен қамтылғандардың негізгі үлесі қалалық елдімекендерде – жұмыспен қамтылған халықтың 62,5% немесе 5,7 миллионнан астамы. 2009 жылы қалалардағы жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 57,1% немесе 3,8 миллион адам болған. Жас тобы бойынша жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны 30-34 жас аралығында – 1 450 мың адам.

2009 жылғы санақ қорытындысымен салыстырғанда 2021 жылы жоғары білімі бар халықтың жұмыспен қамтылу үлесі 27,1%-тен 30,8%-ке дейін артты. Жұмыспен қамтудағы әйелдердің үлесі 2009 жылғы 45%-тен 2021 жылы 48%-ке дейін немесе 1,4 миллион адамға артты.

Салалар бөлінісінде жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны ауыл шаруашылығында – 1,41 миллион адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 15,3%-і (17,9% – 2009 жылы). Одан кейін көтерме және бөлшек сауда – 1,35 миллион адам немесе 14,7% (12,9% – 2009 жылы). Жұмыспен қамту бойынша үшінші орынды өнеркәсіп саласы алады – 1 миллион адам немесе 11,1% (11,5% – 2009 жылы).

Барлық жұмыспен қамтылған халықтың ішінде ерлердің ең көп үлесі немесе 17% ауыл шаруашылығында, ал әйелдер бойынша негізінен сауда саласында – 16%.