Ерлер маникюры дегенде көпшілік көзіне бірден қызыл-жасыл түске боялған ұзын тырнақты елестетіп жаңылады. Nail-шебер (маникюр жасайтын маман) Анар Сейтенова бұл процедура қазіргі заман талабы дейді. Маман Baribar.kz тілшісіне ерлер маникюры қалай жасалатынын көрсетіп, бұл туралы толығырақ түсіндіріп берді.
Ерлер маникюры — ер адамның сырт келбеті, әсіресе қолы ұқыпты көрінуі үшін жасалатын процедура. Маникюр бірнеше кезеңнен тұрады.
Негізі мұның әйелдер маникюрынан аса айырмашылығы жоқ. Әуелі стерильденген бір реттік құрал-сайманымызды дайындап аламыз. Бірден клиенттің қолын антисептикпен тазалап, маникюрға дайындаймыз. Сосын артық теріні (кутикула) ауыртпай алып тастаймыз. Бұдан кейін арнайы егеу құралымен тырнақтың формасын шығарамыз. Ерлер маникюрын жасағанда көбіне тырнақты сопақтау қылып немесе төрбұрыш пішінге келтіреміз, — дейді Анар Сейтенова.
Осыдан соң тырнақтың бетін тегістеп, қолға май жағамыз. Қолдың сүйелі болса, оны да алып тастаймыз. Жалпы, процедура 20-50 минутта бітеді. Анар ерлер ауырсынуды әйелдерге қарағанда қаттырақ сезінетінін айтады.
Бұған қоса тырнақтардың құрылымы әртүрлі. Сондықтан жігіттерге маникюр жасағанда артық теріні кесетін құрал орнына жеңілдеу құрал қолдануға тырысамын. Қаттылығы орташа егеу құралын қолданған дұрыс, — дейді маман.
Анар Сейтенова бір жарым жылдан бері nail–шебер болып істейді. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында тұрақты клиенттері жиналып қалған.
Қазір ерлерге жасайтын маникюрдің танымал болып келеді. Бұрын көп адам жазыла бермесе, қазір осы процедураны іздейтіндер бар. Себебі күтім көрген қол ер адамның имижіне де қатты әсер етеді. Маникюр тек тырнақты тазалау, пішінін әдемілеу деген сөз емес. Мұны істеген соң адамның қолы да ұқыпты болып шығады. Өз басым, алғаш рет маникюрға келіп отырған ер адамдардың алақанына, білезігіне дейін арнайы май жағып, жұмсартып беремін. Әйелдер ғана қолын күтуі керек деп ойлаған еркектердің қолы жарылып, құрғап кеткенін білем. Маникюрға келген соң өзгерді, — дейді ол.
Анар ерлердің маникюры әйелдердікіне қарағанда қымбаттау болатынын да айтты. Ол мұның себебі жоғарыда айтылған стереотип пікірмен байланысты дейді.
Мен әйелдерден толық маникюрді, яғни қолын тазалап, тырнағының формасын жасап, егеп, үстінен гель жаққаным үшін 7500 теңге аламын. Ал ерлердің маникюрының өзі — гель, лак қабатын жақпай-ақ 6000 теңге болады. Өйткені ерлерге маникюр жасау қиындау. Айтқанымдай, олардың көбі өмірінде бір рет болса да қолына крем жағып көрмеген болады. Бұған қоса тырнақтары қалың. Жалпы процесс қиындау болған соң, бағасында аздап айырмашылық бар, — дейді маман.
Ерлер тырнағына ерекше сурет салдырғысы келсе, оған қосымша 2500 теңге төлеуі керек. Әдетте олар минимализм стиліндегі дизайнды таңдайды.
Ерлердің тырнағына сурет салғанда әйелдер маникюрындағыдай арнайы қабық жақпаймыз. Кәдімгі өз тырнағының үстіне сурет саламыз. Көбіне кішігірім бір детальды салып беруді сұрайды. Мұндайға қызығатындардың көбі — жастар. Ең кіші клиентімнің жасы 16-да болған. Ал келушілердің орташа жасы — 30 жас, — дейді ол.
Анардың тырнақ студиясы қаланың орталығында, бірақ үлкен ғимараттың кішкентай бір бұрышында орналасқан. Бұл жерге тек бір клиент сыяды. Ол мұның өзі ерлер маникюрына қатысты стеореотипке байланысты қабылданған шешім дейді.
Әрине, көрінетін жерден орын тауып, тақтайшамды жарқыратып қойсам болар еді. Бірақ ерлер маникюры әзірге көптің санасына қалыпты нәрсе ретінде сіңіп кете қойған жоқ. Сондықтан өзіме келетін клиенттер үнемі біздің орналасқан жеріміз ыңғайлы екенін айтады. Көбі көпшілік отыратын салонға барып, әйелдермен бірге отырып маникюр жасатуға дайын емес, — дейді ол.
Анар маникюрдің сәндік, имиждік мағынасымен қоса, денсаулық үшін де маңызы бар екенін айтады. Бұл процедура әуелі тазалық үшін жасалуы керек.
Адам маникюрды үнемі жасаса, саңырауқұлақ инфекциясының даму қаупі азаяды. Бұл — қарапайым гигиена. Тырнақастына және тырнақтың айналасына зақым келсе, қолдың сыртқы түрі бұзылып қана қоймай, инфекция ошағына айналады. Маникюр инфекция қаупін жояды және тырнақ пен оның айналасындағы теріні нығайтады. Бұған қоса маникюр кезінде жасалатын массаж қан айналымын жақсартып, қол терісін ерте қартаюдан сақтайды. Ерлердің қолының терісі құрғауға бейім. Оны жарақаттан және зақымданудан қорғау үшін артық теріні уақытында алып тастау керек. Осылай, теріге шығатын бөртпені де азайтуға болады, — дейді маман.
Анар ерлер де маникюрға әйелдер сияқты үш-бес апта сайын келіп тұрғаны дұрыс деді. Ал әзірге арнайы маманға барып, маникюр жасатуға дайын емес ерлерге үй жағдайында қолға күтім жасауға кеңес берді. Бұл үшін күнде қолға жақпа май (крем) жағып, аптасына бір рет тырнақ айналасындағы теріге май жағып тұру, тырнақ айналасын тазалап, тырнақты жиі егеп тұру жеткілікті.