Ерлі-зайыпты Қазақстан азаматтарын 1,5 миллиард теңгеге алдап кетті

Алматы облысында «Елімай-2019» тұтыну кооперативі қаржы пирамидасын ұйымдастырған ерлі-зайыптыға сот үкімі шықты.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «Елімай-2019» тұтыну кооперативі қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 2019-2021 жылдар аралығында қайтарымсыз қарыз беру түрінде 3 мыңға жуық салымшының 1,5 миллиард теңгеден аса ақшасын заңсыз тартқан.

Тергеу барысында қаржы пирамидасын құрған ерлі-зайыптыға тиесілі құны 1,2 миллиард теңгенің мүлкі анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу мақсатында сол мүлікке және 129 миллион теңгеге шектеу қойылды, — делінген хабарламада.

Сот үкімімен ерлі-зайыпты алты және 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Шектеу қойылған мүлік жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге жұмсалады.

Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидасын құру, басшылық ету және жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.