Мұстафа Қазымбек пен Рифат Жұмағұлов — IT-мамандар. Олар бір жылдан бері тарихты цифрландыру бойынша жұмыс істеп жүр. Жақында олар нарыққа Abyz app өнімін ұсынды. Бұл қолданба арқылы адам шежіресін біліп, Қазақстан тарихы бойынша сұрақтарға жауап алып, мұражайларды онлайн тамашалай алады. Baribar.kz тілшісі жоба авторларына хабарласып, қолданбаның қалай істейтінін сұрады.
Abyz app қолданбасы — тарих пен мәдениетті цифрландыруға бағытталған жоба. Қолданбаның идея авторы — Рифат Жұмағұлов. Ол көптен осы бағытта бағдарлама әзірлеуді ойлап жүрген.
15 жылдан астам уақыттан бері бағдарлама әзірлеп келемін. Қазір 10 миллион қолданушысы бар онлайн жеткізу сервисінің лид менеджері болып істеймін. Ал Abyz көптен ойымда жүрген нәрсе еді. Қазір толыққанды стартап жобаға айналды. Мектепте оқып жүргенде-ақ ҰБТ-ға дайындалуға арналған қолданба жасап шығарғанмын. Бұл — шамамен 2013 жылы болған нәрсе. Сол қолданбаға енгізу үшін дерек іздеп отырып, Қазақстан тарихы бүге-шүгесіне дейін жазылған толық бір ақпарат базасы, арнайы бір сайт жоқ екенін түсіндім. Тарих пәнінен беретін мұғалімімізбен бірге сондай алғашқы сайтты да жасап шығардық. Қазір, әрине, техникалық жағынан білімім толықты. Сондықтан әлдеқайда ауқымды, салмақты дүние жасау үшін Abyz-ды қолға алдық, — дейді Рифат.
Жоба авторлары басында жобаны «Ата» деп атағысы келген. Кейін бұл ойдан бас тартыпты.
Негізі атауын қалай қоямыз деп ұзақ ойландық. Кез келген жобан есте сақталуы үшін, тез танылуы үшін атауы мағыналы, бірақ жаттауға жеңіл болғаны дұрыс. «Ата» деген нұсқадан көпке дейін бас тарта алмадық. Бірақ Abyz (Абыз) — ақсақал, даналыққа, білімге толы дегенді аша түсетіндей көрінді. Тіпті логотипімізде де шексіздікті суреттеуге тырыстық, — дейді Рифат.
Рифаттың айтуынша, бағдарламаны әзірлеуге шамамен бір жыл кеткен. Жұмыс былтыр қазанда басталған.
Естеріңізде болса, былтыр жазда өткен қазақтардың дүниежүзілік құрылтайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи-мәдени байлықты кеңінен таратудың маңызы туралы айтқан еді. Осы салаға кіруді жоспарлап, батыл қадам жасай алмай жүргенде, осы оқиға да біздің шабытымызды оятып жіберді, — дейді ол.
Қазір Рифат — жобаның идея авторы әрі техникалық директоры. Ал Мұстафа — басқарушы директор. Олар бір ай бұрын дайын болған IT-өнімін нарыққа ұсынды. Мұстафа Abyz қолданбасы арқылы не істеуге болатынын түсіндіріп берді.
Қолданбаға енгізілуі керек барлық дерек қолдан жиналды. Қазір қолданбаның бірнеше бөлімі бар. Бірінші бөлім — «Шежіре». Бұл бөлімдегі деректерді Tumalas.kz сайтынан алдық. Қолданба арқылы кез келген қазақ өзінің шежіресін карта режимінде көре алады. Бұған қоса жалпы қазақ рулары туралы ақпаратты да осы бөлімнен таба аласыз. Бұл жерде онлайн чат қызметі де бар. Қолданушылармен араласып отырып, өз руластарыңызды табуыңыз да мүмкін, — дейді ол.
Қолданбаның екінші бөлігі «Тарих» деп аталады. Мұның ішінде тағы екі тармақ бар: «ҰБТ-ға дайындық» және «Мұрағат».
«Тарих» бетінде Қазақстан тарихының әртүрлі кезеңі бойынша деректер бірнеше тармаққа бөлінген. Бұған қоса «ҰБТ-ға дайындық» пен «Мұрағатты» бөлек тармақ еттік. ҰБТ-ға дайындық бөліміне кіріп, мектеп оқушылары тарих пәнінен 10, 20 немесе 30 сұрағы бар тест тапсыра алады. Тестіні қазақ және орыс тілінде тапсыруға болады. Нәтижесі дереу шығады. Ал мұрағат бөліміне әзірге тек бір тақырыпты қостық. Бұл жерде КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы деректер жиналған. Адамның аты-жөнін жазып, «Іздеу» батырмасын басқанда, дерекқорымызда бар болса, ол туралы толық ақпарат шығады. Жақында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Қазақстан азаматтары туралы деректерді енгіземіз. Сонымен қатар «Ақтабан шұбырынды» құрбандары жайлы да бір тармақ қосуды жоспарлап отырмыз, — дейді Рифат.
Бұған қоса қолданбаның «Мәдениет» деген тағы бір бөлімі бар. Ол «Мұражайлар» және «Салт-дәстүр» деген екі тармаққа бөлінген. «Мұражай» бөліміне кіріп, қаладағы мұражайлардағы экспонаттарды 3D режимінде тегін тамашалауға болады.
Жалпы, елімізде 200-ден аса мұражай бар. Қазір соның 50-ін қолданбаға енгіздік. Оның ішінде әзірге тек ұлттық мұражайлардың біреуі 3D-режим қылу деген идеямызды қолдады. Қолданбағы тізімнен Астанадағы ұлттық мұражайды тауып, сол бетке өтсеңіз, «Экспонаттар» деген бағанды көресіз. Сол жерден мұражайда қойылған бірнеше экспонатты 3D режимінде көруге болады. Өзге мұражайлар әзірге онлайн мұражайдың маңызын түсіне қоймайтын сияқты. Бірақ қызығып жатса, олардың дерегін де қуана қосар едік. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, — дейді Рифат.
Қолданбадағы төртінші бөлім – «AI-көмекші» деп аталады. Бұл бөлімде жасанды интеллект қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде Қазақстан тарихы бойынша сұрақтарға жауап береді. Біз де оған сұрақ қойып көрдік. Жасанды интеллект оған үш секундта жауап берді.
Қолданба тегін, оны App Store мен Play Market арқылы жүктеп алуға болады. Рифат мұндай дүниеге бәрі қол жеткізе алуы керек деп есептейді.
Жалпы деректерді цифрландырудың маңызы зор. Әр министрлік кемі бір мәдени шара ұйымдастырады. Жақында ғана Қазақстанның қолөнермен айналысатын ұсталар туралы ақпарат жиналған бір деректер базасы бар екенін білдім. Осы сияқты көп жоба бар. Жасалған соң, есепке енеді. Кейін ол туралы ешкім білмей, назардан тыс қалып қоя береді. Біз осындай деректерді түгел Abyz-ға жинап, істелген жұмыс ұмытылмаса екен дейміз, — дейді Рифат.
Жоба авторларының айтуынша, жақында қолданбаға жаңа функция қосылады. Ол функция ақылы болады. Мұстафа жобаны қаржыландыру да осы жаңа қызмет есебінен болады дейді.
Адамдар қолданбаға кіріп, ДНҚ-тестін тапсыра алғанын қалаймыз. Қазір осы бағытта Биотехнологиялық зерттеулер институтымен және Жошы ұлысын зерттеу институтымен серіктесіп жұмыс істеп жатырмыз. ДНҚ-тесті АҚШ-та көптен бері бар. Олар базалық генетикалық тест арқылы адамның бойында қанша процент қазақ немесе өзге ұлт қаны бар екенін анықтап бере алады. Біз де осылай жасап, адамның руын көрсететін тест қосқымыз келеді. Қазір генетика аса дамып кеткендіктен, түрлі қызық зерттеу жасауға болады, — дейді ол.
Қазір бұл жоба бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Мұстафа жоба дайын болғанда, тест тапсыру процесі қалай жүретінін түсіндіріп берді.
Қолданбаның ішінде арнайы «ДНҚ-тест» деген бөлім болады. Бұл қызметті адамдар бір-біріне сыйлыққа бере алатын етуді жоспарлап отырмыз. Жалпы тестіні тапсыру үшін қолданбаға кіріп, аты-жөніңізді, мекенжайыңызды жазып, өтініш қалдырасыз. Курьеріміз үйіңізге барып, биоматериал алып кетеді. Бұл процесс 15 минутта бітеді. Әзірге бұл сынама Қазқстанда жасалса, жауабымыздың 95%-і нақты болатынын білеміз. Сондықтан жауап толық нақты болуы үшін АҚШ зертханаларымен жұмыс істегіміз келіп отыр. ДНҚ-тестінің жауабы шамамен үш айда шығады. Ол сізге қолданба арқылы жіберіледі, — дейді Мұстафа.
Тестінің құны қандай болары әзірге белгісіз. Бірақ Мұстафа шамамен 300-1000 доллар аралығында болатынын айтты.
Жалпы, жобаның да, ДНҚ-тестінің де маңызы зор. Қазір көп отбасының шежіресін толық білетін қариялары дүниеден өтіп кетті. Өз басым — Арғынмын, оның ішінде Жолтаймын. Бірақ одан кейінгісін білмеймін. Қайткен күнде де біз үшін жеті ата дегеннің маңызы зор. Сондықтан мүмкіндік болса, аталарым кім екенін білгім келер еді. Ал ДНҚ-тесті арқылы қай атаға тиесілі екенімді ғылыми растауға болады. Бұған қоса әркім кімдігін іздеген заманда мұндай тест артық болмайтын сияқты. Жалпы, қазір ДНҚ-тестінің күшін ескермеуге болмайды. Жақында ғана Қожалар арабтан шыққан деген ақпарат осы ДНҚ-тесті негізінде теріске шығарылды. Орта жүз бен Кіші жүздегі Қаракесек руы бауырлар деген әңгіме де болды. ДНҚ-тесті бойынша бауырлық жоқ екені, жай атауы бірдей екені анықталды. Басқа мысал да көп, — дейді Мұстафа.
Жоба авторлары қолданбаны бір ай бұрын желіге салған. Қазір олар қолданушылардың кері байланысына сүйеніп, қолданбаның жұмысын жақсартуға тырысып жатыр. Деректер қорын да толықтыра түсуді жоспарлап отыр. Ал жоғарыда айтылған ДНҚ-тестін тапсыру мүмкіндігі қолданбада жыл аяғына дейін пайда болады деп уәде берді.
****
Тағы оқыңыз:
Өз музыкамызды тыңдаймыз. Sazalem платформасының ерекшелігі неде?