«Хәрри Поттер. Сиқырнама»: әлемдік жаңа кітап қазақ тілінде басылып шықты

Алматыда 15 қазанда Хәрри Поттер туралы «Хәрри Поттер. Сиқырнама» деген кітаптың тұсаукесері болады. Кітапты Steppe&World Publishing баспасы ағылшын тіліндегі түпнұсқасымен бірдей уақытта шығарып жатыр.

Steppe&World Publishing баспасының басшысы Раиса Қадырдың айтуынша, кітап тамыз айында дайын болды.

Қаңтар айында Англиядан алғашқы тараулардың файлы келе бастады. Қалғанының суретін салып жатырмыз деді. Сәуірде соңғы файлдар дайын болды. Содан кейін аға беттеуші Аспандияр Жұмағалиев іске кірісті. Кітапты маусым айында беттеп аяқтадық. Сөйтіп тамызда басылып шықты, — дейді Раиса Қадыр.

Раиса Қадыр
Раиса Қадыр. Фото: Comic Con Astana

Беттеуші Аспандияр Жұмағалиевтің айтуынша, кітапты беттеуге арналған қаріптерді (шрифт) табу қиын болды. Өйткені кітаптың түпнұсқасындағы ағылшыншаға сай келген қаріптер кириллицада табыла бермейді. Сондықтан табылмаған қаріптерді арнайы жасатуға тура келген.

Аспандияр Жұмағалиев
Аспандияр Жұмағалиев. Фото: Таңшолпан Бегалықызы

Латынша болса, жеңілірек болушы еді әрі латын қарпі әдемі көрінеді. Оған қоса ағылшыншадан қазақшаға аударғанда мәтін созылып кетеді. Белгіленген орнына сыймай жатады. Әрпін кішірейту керек, сығу керек. Қысқартатын жерлерін айтып отырамын. Кейбір сөйлем түсініксіз болып кетуі мүмкін, оны да редакторларға ескерте саламын, — дейді Аспандияр Жұмағалиев.

Кітаптың ішіндегі мәтін бұған дейін Хәрри Поттер кітаптарында аударылған. Дегенмен қайта аударып, құрастырған — Саят Мұхамедияр. Редакторы — Назгүл Қожабек. Корректоры — Оралай Алейдарова.

Кітаптың ерекшелігі — Хәрри Поттер кітаптарындағы бөліктерді жеке-жеке түсіндіріп, сиқыр әлемінің басын құрап береді.

Хәрри Поттер. Сиқырнама
Фото: Steppe&World Publishing

Кітап әлемнің 50 тілінде шығып жатыр. Тек орыс тіліне аударылмады, өйткені санкция салынған.

Қазақшасы 1000 данамен басылып шықты. Кітапты баспаның өзінен және Kaspi.kz қолданбасынан сатып алуға болады.

Хәрри Поттер. Сиқырнама
Фото: Steppe&World Publishing