Қазақстан Әзербайжанға тауар экспортын арттырады

Қазақстан Әзербайжанға отандық өңделген өнімдерді экспорттауға мүдделі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Әзербайжанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Атамоғлановпен кездесуінде айтты.

Атап айтқанда, құны 300 миллион долларға жуықтайтын 100-ден астам тауар позициясын жекізуге дайын.

2023 жылғы қаңтар-тамызында екіжақты тауар айналымы $398 миллион болды, бұл 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 57,2%-ке артық.

Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Орталық Азия, Кавказ және Түркия арқылы Қытай мен Еуропалық Одақты байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) өзектілігі артып келеді. ТХКБ шеңберінде жүкті ауыстырып тиеу көлемі екі есе өсті. Осы бағыт арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау оң динамика көрсетті, — делінген хабарламада.

Ал Ағалар Атамоғланов Әзербайжан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді арттыруға ниетті екенін айтып өтті.

Тараптар Қазақстан мен Әзербайжанның көпжақты форматтағы, оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара іс-қимылының перспективаларын қарастырды. Осылай, екі ел Түркі инвестициялық қорын (ТИҚ) құру туралы келісімді бірінші болып ратификациялады.