БҚО-ның Ақжайық ауданында қос спорт кешені ашылды

Ақжайық ауданының Чапаев және Тайпақ ауылдарында бой көтерген спорт кешендерінің ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

2020 жылы құрылысы басталған Чапаев ауылындағы 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің бірінші қабатында спорттың ойын түрлеріне арналған зал, ауыр атлетика бөлмесі мен бокс рингі, арбадағы мүгедектерге арналған орындар болса, екінші қабатында күрес залы мен дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайтын бөлме, жаттығу залы бар. Спортшыларға қажеттінің барлығымен жабдықталған нысан “Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в” компаниясы бөлген қаражатқа салынды.

Бұл спорттық нысанда халықтың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалып, ғимарат әр тұрғын үшін қолжетімді болады. Осындай зәулім спорт кешен салу арқылы мемлекетіміз ауылдағы тұрғындарға қамқорлығы мен жанашырлығын көрсетті. Жаңа кешеннен «Жаңа Қазақстанның» чемпиондары шығатынына сенім мол — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

спорт, күрес, балалар
Фото: БҚО әкімдігі

Шараға жиналғандар алдында мердігер компания «NurKurylysConstraction» ЖШС директоры Елдос Құлмашев аудандық «Жігер» спорт клубының директоры Жасұлан Амангелдіұлына жаңа ғимараттың кілтін табыстады.

Ауыл спортын жаңа биікке шығарып, бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндік беретін дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің лентасын облыс басшысы Нариман Төреғалиұлы мен бокстан Қазақстан чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, жерлесіміз Даниял Сәбит кесті.

Тайпақ ауылындағы 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы да пайдалануға берілді. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясы есебінен бөлінген қаражатқа жүргізілген. Кешеннің ашылу салтанатында Нариман Төреғалиев барша ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтап, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы, жерлесіміз Ерболат Байбатыровпен бірге жаңа спорт нысанының лентасын қиды. Мердігер компания «Жайықсельстрой» ЖШС өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, аудандық «Жігер» спорт клубына ғимараттың кілтін салтанатты түрде табыстады.