медицина, checkdoc.kz
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
CheckDoc – 2021 жылы ашылған цифрлық зертхана. Сервис үйден шықпай-ақ медициналық диагностикадан өтуге мүмкіндік береді. Жақында жас ұжым Дубайдың “Almak Capital” деген қорынан 250 мың доллар инвестиция тартты. Baribar.kz тілшісі жобаның идея авторы әрі басқарушысы Тоты Сматовамен кездесіп, цифрық зертхананың жұмысын біліп қайтты.

Идея қалай пайда болды?

Тоты Сматова — цифрлық зертхананың идея авторы. Бұл стартап ол үшін ерекше. Тотыға бұл идея анасы онкологиялық ауруға шалдыққанда келген.

стартап, цифрландыру, медицина
Тоты Сматова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

2020 жылы карантин болғанда анам онкологиялық ауруға шалдығып, ота жасаттық. Ота Испанияда жасалды. Операциядан кейін көп уақыт бойы анализ тапсырып, бірқатар тексерістен өтуі керек болды. Анам толық қалпына келіп үлгермеген соң, үнемі өзім тасып жүрдім. Пышақ астына түсіп шыққан адамды мұндай сергелдең қажытып жіберетіндей көрінді. Сондықтан мұны қалай жеңілдетуге болады деп ойлай бастадым. Басқа нарықты зерттеп көрдім, — дейді Тоты.

Ол аурудың бәрі уақтылы медициналық тексеруден өтпегеннен деп есептейді. Өзі сол проблеманы шешетін сервис құрыстырғысы келген.

Жалпы, кез келген созылмалы ауруы бар адамның басты проблемасы — ауруханаға барып, қаралуға уақыт таппайтыны. Менің анам — мектепті қызылға бітіріп, жұмысынан қалмай, ұқыпты болып, асқан жауапкершілікпен өмір сүрген адам. Сөйтіп жүріп денсаулығы нашарлаған ғой. Сосын адамдар осы алдын ала қаралуды, анализді уақтылы тапсыруды кейінге қалдырмайтындай жеңіл болуы үшін бір сервис ойластыруға кірістім. Checkdoc.kz осылай пайда болды. Бірақ жобаны бірден бастап кетуге қаржы болған жоқ. Таныстарымды тартып, бірінен сайт жасап беруін өтіндім, енді бірінен сайтты жарнамалауды сұрадым, — дейді жоба авторы.

стартап, цифрландыру, медицина
Тоты Сматова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тотының бұл идеясын зертханалар да бірден қолдап, серіктес болуға жылдам келіскен. Мұндай сервис зертханалар үшін тіпті тиімді.

Сервистің қаңқасы құрастырылып, нақты не істейтініміз түсінікті болғанда зертханаларға хабарласып, бірге жұмыс істеуді ұсындым. Оларға клиентінің үйіне барып, анализін алып, зертханаға әкелетін ортадағы көпір болғымыз келетінін айттық. Бәрі болмаса да, көбі бірден келісе кетті. Себебі бұл оларға да тиімді. Сервис клиент санын көбейтпесе, азайтпайды, — дейді Тоты.

Сервис қалай істейді?

Сервис 2021 жылғы желтоқсаннан бері істеп тұр. Цифрлық зертхана қызметін қолданып, үйден шықпай-ақ анализ тапсыру үшін сайт арқылы өтініш қалдыру керек.

Сервисімізді қолданғысы келген адам CheckDoc.kz сайтына кіріп, басты беттен қажет анализ түрін таңдауы керек. Сәлден соң call-орталық операторы өтініш берушіге хабарласып, оның өтінішін растайды. Содан соң медбикеміз мекенжайға барып, анализіңізді алып кетеді. Бірден зертханаға апарып өткізеді. Қазір біршама зертханамен серіктеспіз. Бірақ өтініш беруші нақты бір зертхананы таңдай алмайды. Себебі біз үшін ең маңыздысы — процестің жылдам жүргені. Сондықтан қай зертханада жүктеме аз екеніне қарап, қайсы жақын орналасқанына қарай, сайттағы өтініштерді үлестіріп отырамыз, — дейді идея авторы.

анализ, медицина
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тапсырыс берген сәттен бастап оны жүзеге асыруға дейін 40-60 минут кетеді. Ал нәтиже бір күнде дайын болады. Нәтиже парағы өтініш берушінің электрон поштасына жіберіледі. Жобаның техникалық меңгерушісі Роман Надеин қазір сервис әлдеқайда қолайлы болуы үшін жұмыс істеп жатқанын айтты.

медицина, цифрландыру, стартап
Роман Надеин. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазір әр қолданушыға жеке кабинет ашу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Мұндай функцияны іске қоссақ, қолданушының барлық сараптама нәтижесі бір жерде жиналып тұрады. Тіпті бір анализді бірнеше рет тапсырған болса, уақыт аралығына қарай нәтижелер қалай өзгергенін график арқылы көрсетіп те тұрады. Бұл да адамның денсаулығын үнемі бақылап отыруы үшін өте тиімді, — дейді Роман.

Сервисті қазір Алматы мен Астана тұрғындары қолдана алады. Тоты алдағы уақытта Қазақстанның барлық қаласын қамтуды жоспарлап отыр.

Астанада аймақтардан да көптеп шақыратын. Ал Алматыда сервисімізді тек қаланың ішінде тұратындар қолданады. Бұл бәлкім географиялық тұрғыдан Алматыда қаланың аумағы өте үлкен болған соң шығар. Ал жалпы көбіне өтініш беретіндер — әйел адамдар. Бірақ олар бізді өзі үшін де, баласы үшін де, күйеуі үшін де шақырады, — дейді ол.

Тоты сервисті ашқандағы басты ойы анализ тапсыруды жеңілдету болғанын айтады. Кейін ол мұндай сервис сал ауруына шалдыққандар мен жүріп-тұруға қиналатын адамдар үшін де тиімді болатынын түсінген. Ал қазір жоба ұжымы жылдамдыққа жұмыс істеуді қолға алып жатыр.

Қазір адамдар уақыт үнемдегісі келеді. Біз осы мәселені де шешеміз. Адам ауырып қалса, дәрігерге барады. Дәрігер оны зертханаға жібереді. Зертханаға барып, сынама тапсырған соң, ауырған адам үйіне барып, нәтижесін күтеді. Ертесіне нәтижесін алу үшін зертханаға қайтадан баруы керек. Оны алып, дәрігерге қайта қаралуға жазылады. Қайта анализ тапсыруға да тура келуі мүмкін. Әйтпесе, диагнозы қойылып, емі тағайындалады. Мұның бәріне кемі 11 сағат кетеді, — дейді ол.

Тотының айтуынша, Checkdoc.kz сервисін қолданған адам бұл 11 сағатты екі сағатқа дейін қысқарта алады.

Ал біз бірден толық check up тапсырып, дәрігер кеңесін алуға жазылуды ұсынамыз. Check up нәтижесі дайын болған соң, оны серіктес дәрігерлерімізге қаратамыз. Дәрігер сол нәтижеге қарап-ақ, белгілі бір дәрі-дәрмек жазып беруі мүмкін. Болмаса, пациентті офлайн қабылдауға шақырып, ем тағайындауы мүмкін. Қайткен күнде де, адам біршама уақытын үнемдейді. Мұның бәріне шамамен екі сағат қана кетеді, — дейді Тоты.

медицина, цифрландыру, стартап
Checkdoc.kz ұжымының бір бөлігі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазір сервисте 3000-нан аса анализ түрі бар. Тоты Checkdoc.kz қызметінің бағасы қаладағы зертханадардың ақысынан аса қымбат емес дейді.

Цифрлық зертханымыздағы анализ бағасы қаладағы офлайн зертхана бағаларымен бірдей. Тек сервис үшін, яғни маманның үйіңізге барып сынама алғаны үшін қосымша ақы төлеу керек. Бұл сол сізге баратын медбикенің жолақысы деуге де болады. Ал негізгі бірнеше check up–тан өткен жағдайда сервиске ақы алмаймыз. Осылай, адамдардың денсаулығына деген жауапкершілігі арта түссе дейміз, — дейді жоба авторы.

Араб қорынан алынған инвестиция

Жақында Дубайдың “Almak Capital” деген қорынан 250 мың доллар инвестиция алды. Тоты инвестор табу оңай болмағанын айтады.

Былтыр демалуға Дубайға барған едім. Бірақ бәрібір қарап жатпай, таныс іздеп көрейін, жұмыс бойынша не істеуге болатынын ойлап көрейін дедім. Таныс құрбым сонда банкте істейтін. Бір кездескенде болашақ инвесторымызбен таныстық. Әңгімеден әңгіме шығып, медицинаны цифрландыру бағытындағы стартаппен айналысып жүргенімді айттым. Қазір Араб әмірліктерінде осындай стартаптардың дәурені жүріп тұр. Сондықтан ол біздің жобамызға қызықты. Ол кісі бұған дейін де қазақстандық бір стартапқа инвестиция құйған екен, — дейді Тоты.

Инвестиция қаржысының өзі жоба шотына тек алты айдан кейін түскен. Тоты инвестиция туралы келісімшарт болғанымен, қолға ақша тиместен, бұл жаңалықты жария етпеген дұрыс дейді.

Жаңа инвесторымыздың өзі Қазақстан азаматы екен. Кейінірек өзі Қазақстанға келген соң бірнеше рет кездесіп, инвестиция мәселесі нақыталана түсті. Құжаттар реттеліп, қаржы тексерісінен өттік. Тамызда соманы нақтыладық. Бірақ банктегі аударма мәселесіне байланысты ақшамыз кеш түсті. Сондықтан инвестиция жайлы да ақша қолға тиген соң бір-ақ жарияладық. Стартаперлердің басты қатесі де сол ғой. Ақшасын алмай жатып, жарияға жар салып қояды. Стартаперлер үнемі салқынқанды болуы керек, — дейді ол.

Тоты алдағы уақытта кәсіпкерлерге қарағанда, мемлекетпен келісімшарт жасауға ден қоюды жоспарлап отыр. Ол медицинаның цифрлануына мемлекет ерекше мүдделі болуы керек деп біледі.

Меніңше, медицинаны цифрландыру өте маңызды. Мемлекет адамдардың жылына бір рет check-up-тан өтуін міндеттесе екен деймін. Халық «уақыт жоқ» деп сылтауратпауы үшін, денсаулық сақтау министрлігі жобамыздың субсидиялауына болады. Үйіне дейін келіп, анализін алып, тексеруден өткізіп, бұған қоса мұның бәрін тегін жасап тұрсақ, адамдар бас тарта қоймайды деп ойлаймын, — дейді ол.

Тоты қазір мемлекет осы сияқты медициналық стартаптарға қаражат бөлсе, кейін уақтылы тексеруден өтпей, ауруы асқынып кеткен халықты емдеуге кететін ақшаны біршама үнемдей алады дейді.

***

Тағы оқыңыз:

Vision Assistant — зағип жандарға бағыт беретін электрон білезік