Өз музыкамызды тыңдаймыз: Sazalem платформасының ерекшелігі неде?

Sazalem, IT-стартап
Нуми Мұсалиева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Sazalem — қазақ музыкасы жинақталған бірегей платформа. Жобаның басқарушы маманы — Нуми Мұсалиева. Ол командасымен бірге осы жоба арқылы қазақтың мәдени байлығын қайта жаңғыртуға және цифрландыруға ниетті. Baribar.kz тілшілері Нуми Мұсалиевамен кездесіп, стартап жайлы біліп, платформаның ерекшелігін сұрады.

Нуми бұл жоба ертеректе басталғанын және біршама қолданушысы барын айтты.

Жобаның бастамашысы әрі идея авторы — IT маманы Ғани Мырзамұратов. Білуімше, ол 2013 жылы Қазақстанда тұратын адамдар отандық музыканы емес, көбіне Ресей мен АҚШ орындаушыларын тыңдайтынын байқап, Sazalem жобасын жасағысы келген. Осылай, өзімізде де сапалы контент көп екенін көрсетуді қалаған. Ол кезде заманауи әндермен қатар, музыкалық фольклор, соның ішінде күйлер жиналған сайт қана болды. Уақыт өте порталдың трафигі жақсарып, күніне 1000 адам кіретін болды, — дейді Нуми.

Sazalem, IT-стартап
Нуми Мұсалиева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Sazalem-нің дерекқорында 10 мың шығарма жиналған соң, идея авторы Ғани Мырзамұратов жобаны тоқтату туралы шешім қабылдаған.

Не үшін тоқтатпақшы болғанын білмедім, бірақ ол кісі жоба осынша сұранысқа ие болады деп күтпесе керек. Ал сұраныс болса, істелетін жұмыс та көбейеді. Жоба тоқтайтыны туралы шешім шыққан соң, оны қазір Google компаниясында жұмыс істейтін Серік Бекетаев деген азамат сатып алды. Ол жобаны дамыту үшін және команданың еңбегіне деп 150 мың доллар көлемінде инвестиция құйды. Мені жұмысқа шақырған да сол кісі. Қазір ол Sazalem-нің дамуына қатысты стратегиялық маңызды сұрақтар бойынша бізге кеңес беріп отырады, — дейді жоба басшысы.

Sazalem, IT-стартап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазір платформада 25 мыңнан аса дерек бар. Оның ішінде қазақша ескі әндер, заманауи әндер, күй, терме мен аудиопоэзия да бар.

Сегіз айдың ішінде платформаға тағы 15 мыңға жуық дерек енгіздік. Бастысы, платформада эксклюзив, бұрын еш жерде жарияланбаған туынды, әсіресе, күй көп. Осы сегіз айдың өзінде бес мың күй жарияланды. Мұны көбіне шалғай жақта тұратын күй авторларының өзі жіберіп жатады. Мұндайда біз барынша кәсіби жұмыс істеп, екіжақты келісімшартқа қол қоямыз. Авторларға қаламақы төлейміз. Туынды авторларының табыс тапқанын қалаймыз. Сондықтан Қазақстандағы авторлардың ассоциациясымен бірлесіп жұмыс істейміз. Авторларға қаламақы тыңдалым жағына қарай немесе басқа да есеппен төленетіні туралы шешімді сол қауымдастық қабылдайды, — дейді ол.

Нумидің сөзіне қарағанда, платформадан ертегі тыңдауға да болады. Қорда әзірге тек ескі ертегілер бар екен.

Бір студиямен келістік. Жақында бұған дейін еш жерде жарияланбаған ертегілерді дыбыстап, платформаға жүктеуді жоспарлап отырмыз. Өйткені дәл осы жанрға да сұраныс бар. Үйде отырған аналар балаларына тыңдатады екен, кейде тіпті бесік жырын да біздің қолданбадан тыңдайды екен, — дейді Нуми.

Sazalem, IT-стартап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Sazalem платформасын қолдану тегін. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде қолдануға болады. Платформаның ішінде қолданбаны жүктейтін батырма бар. Қолданбаны Play Market немесе App Store арқылы да жүктеп алуға болады.

Бірнәрсе тыңдау үшін, жалпы мұны қолдану үшін тіркелу де қажет емес. Дәл осы себептен қауіпсіздік жағынан мәселе болмайды. Әр қолданушыға ID-нөмір беріледі. Мұндай платформа көп, ол рас. Spotify, Apple Music, Google Music және тағы басқасы бар. Бірақ олардың бәрі бір музыканы тыңдау үшін ғана тиын төлегеніңізді талап етеді. Ал бізде бұл су тегін. Бұның ақысы ретінде біз тек экран режиіміндегі кішігірім жарнама постерлерін қойып қойдық. Бұл интерфейске, ән тыңдауға мүлдем кедергі келтірмейді. Сосын әр оныншы әуеннен соң 10 секундтық аудиожарнама шығады, — дейді Нуми.

Sazalem, IT-стартап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Нуми жоғарыда аталған шетелдің музыкалық платформалары халықтың аз бөлігіне ғана арналған деп есептейді. Ол мұның бірнеше себебін талдап берді.

Бұл музыка платформаларының бәрі өзіне жазылу үшін шамамен 1000 теңге сұрайды. Бірақ бұл өнім Қазақстан халқының тек 20-30%-іне арналған. Халықтың 20-30%-і деп отырғанымыз — тек қала тұрғындары, яғни тұтынған контентіне ақша төлеуге шамасы жететіндер. Сонда өңірлерде тұратын адамдар музыка тыңдағысы келмей ме? Бұған қоса бұл платформаларда тек заманауи музыка бар. Бұрынғыдай ешкім жыр-термелерді флэш-жадқа жазып алып та жүрмейді. Сондықтан жыр-термені сүйіп тыңдайтын кез келген жастағы адам сүйікті әндерін телефонына бір рет жазып алса болғаны. Оны сосын кез келген уақытта, интернетке қосылмай-ақ тыңдайтын мүмкіндік ұсынып отырмыз, — дейді Нуми.

Нуми әзірге Қазақстанда контент үшін ақы төлеу мәдениеті қалыптаспағанын айтады. Ол мұның да себебін түсіндіріп көрді.

Қазір айына 70 мыңнан аса белсенді қолданушымыз бар. Бұл — жарнамасыз жеткен көрсеткішіміз. Қазақстан менталитетінде қолданған дүниеге ақша төлеу деген түсінік жоқ. Ақы төлеу — мәдениеттің бір түрі. Біз осы мәдениетті түсіндіру үшін, енгізу үшін жұмыс істегіміз келеді. Контентіміз бәрі үшін тегін болғанымен, айына 290 теңге төлеген адам мүлдем жарнама көрмейді. Бір қызығы, мұны төлейтіндердің өзі — Қазақстанда тұрмайтын қолданушыларымыз. Олар мұның да еңбек екенін түсінеді. Бірақ бұл халық сауатсыз немесе сараң деген сөз емес. Мәселенің түбі елдің экономикасына келіп тіреледі. «Пәтерақысын қалай төлеймін, жарық ақысына қалай жеткіземін, жұмыс табу керек еді» деп жүрген адам айдаладағы артистің таспаға түскен әнін тыңдауға ақша төлеу керек-ау дегенді ойлауға шамасы болмайды, — дейді ол.

Нуми цифрлық контенттің ақысын төлеу мәдениеті қалыптасуы үшін халықтың сауатын ашу керек деген идея жеткіліксіз екенін айтады. Ол сауат ашпас бұрын халықтың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін көтеру маңызды дейді.

****

Тағы оқыңыз:

Жас әнші Kosmuse: Халық ескі әндерді жаңғыртуға ықыласты